• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2016

Еңбек Ері сыйлық тапсырды

284 рет
көрсетілді

Алматыда Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Олжас Сүлейменов бір топ журналистерге өткен кәсіби мерекесі құрметіне орай ақшалай сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыс етті. Қаламгерлерге арналған бұл сыйлық – қазақ­стандық белгілі журналист-жазушы Геннадий Толмачевтің атымен аталады әрі ол 2007 жылы «Ленинская смена» (қазір – «Экспресс К») газе­тінің құрылтайшылығымен тағайындалған. «Ғылым ордасының» мәжіліс залында марапатқа ие болғандар мен салтанатқа қатысушыларға арнап сөз сөйлеген айтулы ақын, дипломат Олжас Омарұлы Сүлейменов ең алдымен публицист-жазушы  Геннадий Толмачев туралы жылы лебіз білдірді.  Оның өз заманында Алматы облыстық «Огни Алатау» газетін Алматыдағы ең оқырманы көп басылым жасаған редакторлық тамаша қабілетін сүйсіне еске түсірді. Айтпақшы, Олжас Сүлейменовтың бұрынғы КСРО-ны дүр сілкіндірген «Аз и я» кітабының редакторы да сол Геннадий Толмачев екендігінен бүгінгі ұрпақ хабарсыз болуы да мүмкін. Журналистерге тапсырылған сыйлықтың «Қазақстан редакторлар жасағының аңыздары» («Легенды редакторского корпуса Казахстана») номинациясы бойынша ақшалай сыйлық пен арнайы дипломды бұрынғы «Социалистік Қазақстан» (қазір «Егемен Қазақстан») газеті редак­торының бірінші орынбасары, «Халық ке­ңесі» газеті мен «Ақиқат» журналының бас редак­­торы қызметтерін атқарған Сарбас Ақтаев, «Ленинская смена», «Казахстанская правда» газет­терінің бұрынғы редакторы Федор Игнатьев иеленді. Қазылар алқасының таңдауымен бұдан тыс екі журналиске оқырмандар арасында елеулі де жағымды пікір туғызған – отандық БАҚ-тағы ең үздік жарияланымдары үшін құрметті атағы берілді. Олар – «Алматы ақшамы» қалалық газетінің бөлім меңгерушісі Ермекбай Зәңгіров пен Шығыс Қазақстан облыстық ҚХА-ның «Ассамблея жаршысы» газетінің редакторы Андрей Кратенко. Сыйлық иелерінің әрқайсысына теңгенің бүгінгі бағамына сай 2500 АҚШ доллары мен арнайы диплом тапсырылды. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ