• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2016

Еліміз медициналық туризм орталығына айнала ма?

503 рет
көрсетілді

Алматыда «Шипажай-2016» атты санаториялық-курорттық емдеуді дамыту мәселелерін қозғаған І халықаралық ғылыми-практикалық форум өтті. Форумның мақсаты – медициналық туризмді дамыту, санаториялық-курорттық ем, медициналық оңалту, спорттық медицина, курорттық бизнес индустриясы мәселелерін талқылауға арналған тұрақты бірегей пікірталастық алаңша құру. Сондай-ақ, оның базасында санаториялық емді дамыту бойынша жаһандық мәселелерді шешу үшін елдің интеллектуалдық, ұйымдастырушылық, кадр және ақпараттық ресурстарын біріктіру де осы тақырып аясында зерделенді. Елбасы өзінің «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты дәстүрлі Жолдауында отандық медициналық туризмді дамыту керектігін атап айтқан-ды. Қазір осы міндеттің орындалуына елімізде бірнеше қадамдар жасалуда. Мәселен, Астана қаласында Ұлттық медициналық холдингі негізінде қазіргі заманғы клиникалар құрылып, еліміздегі трансплантология саласындағы қол жеткізген жетістіктеріміз, кардиохирургиялық көмектің жолға қойылуы тұрғындардың шетелге шығу қажеттіліктерін едәуір төмендетті. Осыған қарағанда, қазіргі таңда қазақстандықтар үшін шетелге медициналық көмек іздеп бару қажеттілігі тумайтын жағдайлар жасалуда. Міне, осындай келелі мәселелер көтеріл­ген жиында алғаш сөз алған қала әкімі Бауыржан Байбек алдымен денсаулық сақтау жүйесін дамытуда санаторлық-курорттық емдеуді дамытудың маңызды екеніне тоқталып, осы ретте мегаполисте атқарылып жатқан кешенді шараларды сөз етті. – Алматының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасында қалалық денсаулық сақтау жүйесі мен туризмді дамытуға ерекше мән берілген, – деді шаһар басшысы. – Сондықтан да мегаполисті медициналық туризм орталығына айналдыруда қалада барлық мүмкіндіктер бар. Халықаралық консалтингтік компаниялар зерттеулері Қазақстанда медициналық қызмет сапасының арта түскендігін көрсетіп отыр. Ал қала бюджетіне табыс әкелетін санаторлық-курорттық емдеу жүйесінің Алматы үшін маңызы зор. Қазіргі таңда Алматыда 50 санаторлық-курорттық мекеме бар. Оның ішінде 6-ы әкімдік қарамағында, 40 нысан жекенің қолында. Сондай-ақ, Алматы денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін инвесторларды қызықтыруда. Қазақстан сапалы медициналық қызмет көрсетуде валюта табатын елдер қатарына енуі әбден мүмкін. Алматыда бұған қатысты әлеует жеткілікті. Бізге шетелдіктерді тарту үшін алдымен сервистік жағдайды жақсартып, демалушының көңілінен шығуымыз керек­тігін жеткізген Президенттің іс басқармасы медициналық орталығының жетекшісі Валерий Бенберин, сондай-ақ денсаулықты қалыпқа келтіруге болатын ұлттық әдістер табу қажеттігін, елімізде өсетін емдік шөп­тердің түрі көптігін, Қазақстанға келетін шетелдік мамандар тауға барғанда аспанға емес, жердегі байлыққа қарайтынын, олар­дың сөзінше, Қазақстанда өсетін шөптердің барлығы пайдалы екендігін, ал қазақтың брендтік өнімі – шұбат пен қымыз, саумал­дың емдік қасиетінің денсаулыққа пайдалы екенін жарнамалау, түсіндіруді, ол үшін осы мәсе­лелерді белсенді түрде жолға қоюда ізде­ніп, соны жүзеге асыру керектігін алға тартты. – Біздің елімізде медициналық туризмнің даму әлеуеті жоғары, – деді ол. – Рас, көптеген қазақстандықтар шетелге барып емделеді. Мәселен, тек алматылықтар 400 млн. доллар көлемінде шетелге барып емделген. Ал шынтуайтында, медицинаның әр саласын алып қарасаңыз, біздің дәрігерлердің білім деңгейлері, кәсібилігі, ғылыми әлеуеті олардан бір де кем емес. Қазақстанда Елбасының әлеуметтік салаға қатысты жүргізіп отырған саясатының нәтижесінде денсаулық сақтау саласында сапалы тұжырымдамалы секіріс жасалды. Осы ретте материалдық база нығайтылды. Қазір еліміздің барлық облыс орталықтарында жоғары технологиялық ота жасауға барлық мүмкіндік бар. Оларда нағыз кәсіби білікті мамандар жұмыс жасайды. Сондықтан, дәрігерлердің мәртебесін көтеруіміз керек. Сол арқылы дәрігерлердің қызметін көтеруге болады. Елбасы айтты емес пе, біздің пациенттер шетелге емес, шетелдіктердің бізге келуіне жұмыс жасауымыз керек деп. Қазір сең қозғалып, біраз жұмыстар атқарылуда. Мәселен, біздің клиникаға АҚШ, Израиль, Ресейден емделуге алғашқы пациенттер келе бастады. Сондықтан, біз осы бағыттағы жұмысымызды кеңейтіп, дамыта береміз. Мәскеу Денсаулық сақтау департа­ментінің «Медициналық оңалту, қалпына келтіру және спорттық медицина ғылыми-практикалық орталығының» директоры, академик Александр Разумов бүгінгі көтеріліп отырған мәселенің қай елде де маңызды орын алатындығына тоқтала келіп, санаторлық-курорттық бизнесті дамыту әр елде әр қалай дамып отырғанын, ал Қазақстандағы атқарылып жатқан шаралар елдің экономикалық стратегиялық саясатымен үйлесім тауып жатқанын атап өтті. – Қазіргі заманғы медициналық туризм сіздердің елдеріңізде де дамып келеді. Қала әкімінің сөзіне қарағанда, демалуға келгендер оған қоса әлемдік стандарттарға сай медициналық көмек те алады. Оған толық негіз бар. Сіздердің мамандарыңыз шетелде білімдерін көтереді, болмаса олардың өздері келіп шеберлік дәрістерін өткізіп жатыр екен. Ал Ресейде санаторлық-курорттық сала жүйесіндегі басты мәселе – ұйымдастыру жағы. Бір айта кетерлігі, сіздерде де, біздерде де санаторлық-курорттық саланың көбі жеке сектордың қолында. Десек те, олар мем­лекеттің заңнамаларымен жұмыс істейді. Бірақ, үкіметтің де олардың бәрін қадағалауға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан, өзін өзі реттеуді, басқаруды қолға алып отыр, – деді ресейлік қонағымыз. Жалпы, елімізде медициналық туризм оңтайлы шешіліп келе жатқанын жеткізген академик Төрегелді Шарманов көптеген ауруханалар, әсіресе, Астанадағы Ұлттық медициналық холдингінде ең бас­ты деген күрделі, сұранысты күшейтетін сапалы ем, қауіпті аурулардан сақтап қалатын мүмкіншіліктер көрші мемлекеттерден анағұрлым жоғары екенін, әсіресе, дүниежүзілік деңгейге көтерілген нейрохирургия, кардиохирургия, трансплантология, балалар реабилитациясы, т.б. дамып отырғанын тілге тиек ете кетті. – Қазір Астана, Алматы қалаларында оң өзгерістер байқалуда. Ал халық оны әлі түсінбей баяғы әдетінше сырт мемлекетке баруды жөн көруде. Медициналық туризмді жалғыз ғана емдеу орындары емес, жақсы шипажайлар да дамыта алады. Мәселен, ежелден келе жатқан «Алматы» шипажайында шетелдерден келіп демалады. «Алатау» шипажайының деңгейі де халықаралық стандартқа сай. Бурабай шипажайы ше? Олардың орналасқан жері, табиғаты, қызмет көрсетуі – қай жағынан да дүние жүзіндегі демалыс орындарынан артық болмаса, кем емес. Міне, осы шипажайлар туризмге сұранып тұр. Сондықтан, біздің халқымыз сыртқа әуестенбей, жақсылықты, жақұтты өзімізден іздеп, өзімізде емделіп, өзімізде демалса құба-құп. Мәселен, мен тек өз елімде емделіп, демаламын. Әрі кетсе Бурабайға барамын. Саф ауа, әсіресе, тауларымыздың панорамасын ешқайдан таба алмаймыз. Оған жұрттың көзі жетіп келе жатыр. Әкімдеріміз де бұл істі қолға алуда. Сондықтан, елімізде медициналық туризмге деген бетбұрыс күшейіп, дамып, әлі-ақ оған мақтаныш сезіммен қарайтын боламыз. Академик Төрегелді Шармановтың сөзін көрнекті ақынымыз Олжас Сүлейменов жалғастырып, өзінің «Алматы» шипажайында жас кезінен демалып келе жатқанын, Грекия, Италия, Францияда 10 жылдан аса елшілік қызмет атқарғанда мұндағы саф таза ауа мен әсем табиғаты бар сауықтыру орнын еш жерден көрмегенін мақтанышпен жеткізді. Иә, «Алматы» шипажайы айтса айт­қандай, бүгінде табиғаттың сұлулығымен астасып, құлпырып кеткен. Аумағы 21 гектарды құрайтын Алатау ықшам ауданында орналасқан сауықтыру орны алматылықтарға кеңестік кезеңнен бері жақсы таныс. Алайда, ол уақыттағы шипажайды бүгінгі демалыс орнымен салыстыруға мүлдем келмейді. Заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған демалыс орнында білікті мамандар, соңғы үлгідегі технология, таза ауа демалушылардың сапалы ем алуын қамтамасыз етуде. Ерекше минералды суды да осы шипажайдан табуға болады. Мекеме қызметкерлерінің сөзінше, мұндай шаралар тәжірибе алмасуға септесіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға үлкен серпін береді. Емдеу орталығы жыл сайын 8 мың пациент қабылдайды. Сондай-ақ, форум аясында медицинаның ең соңғы үлгідегі технологиялары көпшілік назарына ұсынылды. Әлемнің түрлі елінің өндірушілері озық құрал-жабдықтар мен шипалы препараттарының үлгісін әкеліпті. Ал, отандық компаниялар медицина саласындағы жаңалықпен танысып қоймай, өз әлеуетін де паш етті. Иә, Алматыда өткен аталмыш форум қазақстандық және шетелдік санаторлық-курорттық ұйымдар арасында табысты ынтымақтастықты жалғастыруға өз септігін тигізбек. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар