Айтпаса сөздің атасы өледі. Былтырғы жылы шілде айында Ақсу қаласы аумағына қарасты Сарышығанақ ауылының тұрғындары газетімізге өз өтініш-арыздарын жазып әкеліп еді. Онда ауылдағы жалпы білім беретін орта мектептің ішінде ауыл әкімдігі, пошта, полиция бөлімшесі, дәрігерлік бөлмелер, кітапхана – бәрі бірге орналасқанын, ал, керісінше, ауылда жекешелендіру уақытынан бері бос тұрған үйлер бар екенін, неге бұларды тұрғындардың игілігіне жаратуға болмайды деп сауал тастап, көмектесуімізді сұраған болатын-ды.
Тұрғындар өтінішіне орай Сарышығанақ ауылына барғанымызда тіпті, таңқалдық. Өйткені, қазіргі әкім Оразкелді Қайыркелдиновке дейін бұл қалада үш-төрт әкім ауысып келіп-кетсе де, ауылдың күйі осы қалпында қала беріпті. Содан бері он-он бес жыл уақыт өткен. Сөйтіп, біз «Жол картасынан тыс қалған ауыл» деп газетке мақала жарияладық. Бұл мәселе облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың да назарынан тыс қалған жоқ. Сөйтіп, жаңа жылдың алдында Сарышығанақта жарқыраған, жабдықталған жаңа дәрігерлік бөлімше ашылды. Бұған жүрегі жарыла қуанған ауыл тұрғындары мұндағы жұрттың жай-күйін ашып жазған ел газеті – «Егеменге» ырзамыз, деп отыр.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.