Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Алмазбек Атамбаевты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастықты дамытудың кең ауқымды мәселелері талқыланды.
Қырғызстан Премьер-министрі Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстандағы ахуалды тұрақтандыру үдерісіндегі рөлін жоғары бағалады және қырғыз халқы үшін қиын кезеңдерде Қазақстан тарапынан көрсетілген қолдауға ризашылығын білдірді. Жалпы, 20 миллион доллардан астам гуманитарлық көмек көрсетілген.
Сондай-ақ, А.Атамбаев Қырғызстан үшін Қазақстан негізгі серіктес және инвестор болып табылатынын атап өтті. 2010 жылы мемлекеттер арасындағы сауда айналымының көлемі 500 миллионнан астам долларды құраған.
Таяу уақытта Бішкекте қазақстандық бизнесмендердің қатысуымен халықаралық экономикалық форум өткізу жоспарлануда. Форумда қырғыз экономикасын қалпына келтірудің және дамытудың өзекті проблемалары талқыланатын болады.
Қырғызстан Премьер-министрі өз елінде қазақстандық инвестицияны сенімді қорғауға мүмкіндік туғызатын қажетті шаралар қабылданатынына тоқталып өтті.
Қазіргі уақытта Қырғызстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен банк секторында, энергетика, газ тасымалдау салаларында, өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісінде 400-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Қазақстанда қырғыздардың қатысуымен сауда, туризм, құрылыс, көлік салаларында 250 компания жұмыс істейді.
–––––––––––––––
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.