• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2016

Астана күні ашылды, мереке-шуақ шашылды

360 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік туды көтерудің салтанатты рәсіміне қатысты. Бұл астаналықтар үшін айрықша күн. Себебі, дәл осы 4 шілдеде Көк туымызды көкке көтере отырып, қала күнінің шымылдығы түріледі Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Астанадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінің алаңында асқақ көңіл-күй орнады. Айнала көк тулармен безендіріліп, ән шырқалды.  Әнұран орындалып, еліміздің ең үлкен, бас байрағы биікте желбіреді. Елбасы ынтымағы ұйысқан хал­қымызды мерейлі мерекемен құттықтады. Президент Мемлекеттік ту көтеру рәсімі дәстүр бойынша Астана күніне арналған іс-шаралардың бас­тауы болып саналатынына назар аударды. Мемлекеттік ту әрбір қазақстандық үшін қасиетті құн­дылық болып саналатын ұлттық бірлік нышаны екенін атап өтті. «Бұл – еліміздің асқақ рәмізі. Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Біз еге­мен Қазақстанды осы көк ту астын­да бірге құрдық. Ширек ғасыр ішінде қуатты мем­лекеттің іргесі берік ғи­маратын бірле­сіп салдық. Жақын­да ғана респуб­лика­мыз БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүше­сі болып сайланды. Әлемдік қоғам­дастық планетадағы бейбіт­шілік пен қауіп­сіздікті қамтамасыз ету ісіне атсалысу сынды биік миссия­ны Қа­зақстанға сеніп тапсырды. Бұл – елі­міздің биік беделі мен табыс­ты дамуы­ның мойындалуы. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін­дегі жұмыс біздің туымызды бұрын­ғыдан да танымал ете түседі. Биыл біз Астананың 18 жылдығын – кә­мелеттік жасқа толуын атап өтеміз. Бұл – биіктер бағындырылған және сол биіктен жаңа перспективалар көрініп тұрған кез. Тәуелсіздік тудырған Ас­тана құлпырған үстіне құлпырып, қа­рыш­тап өсуде. Қала елді біріктіріп, жаңа табыстарға жетелеп, көш басында келе­ді», деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев барша Қа­зақстан халқына бейбітшілік пен татулық, тыныштық пен бақ-береке тіледі. Рәсім аясында Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күш­терінің Жоғарғы Бас қолбасшысы еліміз­дің жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен тапсырды. Президенттің қолынан 12 түлек – Қор­ғаныс министрлігі Құрлық әскерлері әскери институтының, Ішкі істер министр­лігі Ішкі әскерлер әскери институтының және Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті әскери институтының үздік біті­рушілері шен алды. Елбасы республиканың жоғары әскери оқу орындарының барлық түлек­терін құттықтап, қазақстандық патрио­тизм түрлі салада, соның ішінде ең алды­мен Отанға қызмет етуде көрініс таба­тынын айтты. «Бүгін біз жоғары әскери оқу орын­дарының үздік түлектеріне офицерлік шендер тапсырамыз. Осы күндері мың­даған қазақстандық жас­тар оқуларын аяқтап, үлкен өмірге аяқ басады. Сіздер өз жолдарыңызды елдің бас байрағының ал­дында, салтанатты жағдайда бастап отыр­сыздар. Бұл – кездейсоқтық емес. Өйткені, сіздер қоғамда құрметке ие айрық­ша мамандықты таңдадыңыздар. Сіздер бірнеше жылды жақсы білім алуға, жаңа машықтарды игеруге, дос­тық пен өзара көмектің құндылығын түсі­нуге арнадыңыздар. Енді осының бәрін тәжірибеде қолдану керек»,  деді Нұрсұлтан Назарбаев. Еліміздің жүрегі, тәуел­сіздігіміздің тірегі – Астана күні осылайша кешегі күннен бастап ресми ашық деп жарияланды.  Ал бұл күннің кереметін кешегі күннің тағы бір айрықша жаңалығы айшықтай түсті. Ол – осы айтулы күні  Астана қаласының миллионшы тұрғынының дүние есігін ашқаны. Дәл кешегі күні елор­даның миллионыншы тұрғынының өмірге келгенін Елбасы да  ерекше атап өтті. «Бүгін ертеңгісін Мұхаме­дьярлар отбасында Астананың миллионыншы тұрғыны өмірге келгенін зор қуанышпен хабарлаймын. Сәбидің анасы – балабақша тәрбиешісі, әкесі – электр монтері. Енді біздің елорда миллион тұрғыны бар қалалар қатарына енді», деді Елбасы. Кемел келешекке жол аш­қан қастерлі бойтұмарымыз – Аста­наның айрықша күні құтты болсын! Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар