Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Рио Олимпиадасына баратын спортшылармен кездесу барысында оларға үлкен сенім жүктелетініне баса назар аударды.
– Сендердің Олимпиадаға қатысуларың бүкіл отандастарымызға рух береді және қуаныш сыйлайды. Сол себепті, алдағы жеңістеріңді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған үлкен сый ретінде күтеміз. Сендердің жеңістеріңе ерекше сенім артып, Олимпиададан соң жеңімпаздарды мақтанышпен және құрметпен күтетін боламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы бүгінгі жетістіктер кешегі аға ұрпақтың заңды жалғасы екендігін де ерекше құрметпен еске ала отырып, оның тәуелсіздік алғаннан кейін де заңды түрде жалғасқандығына тоқталды.
– Кешегі кеңестік заманнан бері қарай алатын болсақ, Әлжан Жармұхамедов, Нелли Ким, Жақсылық Үшкемпіров сияқты үлкен аға-апаларыңыз Қазақстанның мерейін көтеріп, жеңіп шыққан еді. Тәуелсіздік жылдарында да спортшыларымыз Олимпиадада жеңіп алған 59 медальдің 17-сі алтын алқа болатын. Рио-де-Жанейрода да игі үрдіс жалғасып, еліміздің мерейі аспандай түсетіндігіне сенімдімін. Нағыз патриот қана елдің абыройы үшін тайталаста өз мүмкіншілігінің шегінен де шығып жеңіске жететін болады, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасы Олимпиада сынды ірі додаларда жеңіске жету үшін мемлекет тарапынан бүкіл жағдайдың жасалып жатқандығын жеткізді.
– Соңғы үш жылдың ішінде олимпиадалық резервті кешенді түрде дайындау үшін елімізде бірнеше халықаралық деңгейдегі спорт нысандары салынды. АИБА Бүкіләлемдік бокс академиясы, Алматыдағы Дзюдо академиясы, Тараздағы «Тараз-Арена» стадионы осылардың қатарында. Сондай-ақ, «Қарағанды-Арена» мұз сарайы мен елордадағы жүзу кешені бар көпфункционалды мұз сарайы іске қосылды. Өскемен қаласындағы Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика орталығы мен Алматыдағы Александр Винокуров атындағы спорт сарайы олимпиадашыларды даярлап жатыр, – деді ел Президенті.
Мемлекет басшысы қазақстандық олимпиадашылардың бағындырған биігі асқақ екендігін айта келіп, Риода саннан гөрі сапаға көбірек мән беру қажеттілігіне назар аударды.
– Рио Олимпиадасына барлығы 206 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Барлығы да кілең дүлдүл, барлығының да жеңіске қол жеткізгісі келеді. Біздің еліміз 38 спорт түрінің 26-сынан 100-ден астам жолдама алды. Бұл көрсеткіш жаман емес, бірақ жолдаманың саны емес, спортшылардың сапасы қажет екенін жақсы білесіздер, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Нұрсұлтан Назарбаев елімізде спортты насихаттауда отандық «Қазспорт» телеарнасының рөлі жоғары екендігін де айрықша атап өтті.
– Осыдан тура үш жыл бұрын, 2013 жылдың шілдесінде спортты насихаттайтын «Қазспорт» арнасы құрылып, ол отандық спортшылар қатысатын жарыстарды тұрақты түрде көрсетіп келеді. Бұл сендердің өнегелерің арқылы жас спортшыларды тәрбиелеуге де өз үлесін қосады. Телеарнаның жоғары рейтингісі – оның спортты насихаттауда танымал бола бастағандығының айғағы. Спортпен шұғылдану арқылы жеңіске ұмтылыс, алға қойған мақсатқа жетуге талпыныс сияқты маңызды қасиеттер қалыптасады. Спорт дегеніміз – мықты денсаулық, рухтың күштілігі, патриотизм. Мен жастарды спортпен шұғылдануға шақырамын, – деді Елбасы.
Қазақстан Республикасының Президенті елімізде паралимпиада қозғалысының дамуына мемлекеттің жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатқандығын, олардың арасындағы спортпен айналысқысы келетін азаматтарға барлық жағдай жасалып отырғандығын да атап көрсетті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Рио Олимпиадасы бұл Қазақстанның қатысқалы отырған 12-ші Олимпиадасы екендігін, еліміз көк Тудың астында 5 рет жазғы, 6 рет қысқы Олимпиада ойындарына қатысқанын еске салды. Қазақстандық спорт саңлақтары 17 алтын медальға ие болғандығын, Рио-де-Жанейрода осы дәстүрдің жалғасып, мерейіміздің аспандай түсетіндігіне сенім білдірді.
Өз кезегінде олимпиадашылар атынан сөз алған бапкерлер мен спортшылар спорттың дамуына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа орай Нұрсұлтан Әбішұлына алғыстарын айтып, Рио Олимпиадасында биік белестен көрінетіндіктерін жеткізді.
Мырзағали Айтжанов,
бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
– Байрақты бәсекеде еліміздің намысын қорғау – бәрімізге зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Риодағы жазғы Олимпия ойындары ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Бұл тәуелсіз еліміздің қатысып отырған 12-ші Олимпиадасы. Бұған дейін 59 медаль алып, соның 17-сі алтын болған еді. Осы жеңісті жолдың биыл да жалғасарына сенеміз.
Ольга Рыпакова,
Лондон Олимпиадасының чемпионы:
– Елімізде спорттық нысандардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Бүгінгі күні 4,5 миллионға жуық қазақстандық спортпен айналысады. Елімізде өтіп жатқан түрлі спорт сайыстарынан тікелей хабар жүргізетін «Қазспорт» телеарнасына үлкен рахмет. Спорт патриоттық рухымызды шыңдап, жеңіске деген жігерімізді жани түседі. Біздің Олимпиадалық құраманың сапында 10-нан астам ұлттың өкілі бар. Осындай достығы берік, біртұтас команда арқылы еліміздің абыройын асқақтататын боламыз. Рио-де-Жанейрода біз бүкіл әлемге асқақ рухымызды танытамыз.
Данияр Елеусінов,
бокстан әлем чемпионы:
– Біздің боксшылар Олимпиададан ешқашан жүлдесіз оралған емес. Еліміз жазғы Олимпия ойындарында жеңіп алған 52 медальдің 17-сі былғары қолғап шеберлерінің үлесінде. Және оның 6-уы алтын. Ел қоржынына ең көп алтын салған да, ең көп медаль алған да боксшылар. Біз Мәңгілік Еліміздің Көк туын әрқашан биік ұстаймыз. Ол – әлемдегі ең биікте желбіреуге лайық Ту.
Гүзел Манюрова,
Қазақстанның қыздар күресі құрамасының мүшесі:
– Қазақстан спорттық держава. Біздің Туымыз бен Әнұранымызды бүкіл әлем біледі. Олимпия ойындарында біздің Әнұранымыз 17 мәрте шырқалды. Рио-де-Жанейрода өз еліміздің алдыңғы қатарлы, күшті мемлекет екенін тағы да паш ететін боламыз.
Раушан Қойшыбаева,
Қазақстанның паралимпиадалық құрамасының мүшесі:
– Елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдарға бүкіл жағдай жасалған. Мүгедектерге арналған 12 спорт клубы жұмыс істейді. 25 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам спортпен жүйелі түрде айналысады. Осының нәтижесінде паралимпиада дәстүрлі түрде дамып келеді. Паралимпиадалық спортшыларымыз соңғы үш жылда халықаралық сайыстарда 250 медаль алды. Осы жолды жалғастырып Бразилияда ел абыройын лайықты қорғаймыз деп уәде береміз.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті Олимпиадалық құраманың ту ұстаушысы Руслан Жапаровқа Мемлекеттік туды тапсырды. Осылайша, таэквондодан халықаралық турнирлердің жеңімпазы, 20 жастағы Руслан Риода көк Туды желбіретіп алып шығатын болады. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовтің жеңісті жолын Руслан Жапаров бастаған олимпиадалық үміттер шоғыры жалғастырады.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»