• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2016

Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық келіссөздерінің көзге көрінбейтін қырлары

855 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметі әркез саясаттанушылар мен сарапшылар ортасында ғана емес, сонымен қатар, біздің еліміздің барлық азаматтары арасында да қызығушылық тудырады. Нұрсұлтан Назарбаевтың күн­делікті жұмысында оның халық­аралық байланыстары ерекше рөл атқарады. Осынау барлық іс-ша­ралар БАҚ-та кеңінен көрсе­тіледі. Брифингтер, баспасөз мәсли­хаттары, түрлі сұхбаттар шетел­дік әріптестермен қол жеткен уағдаластықтардың мәнін тәп­тіш­теп ашады. Сонымен бірге, құрғақ ақпараттық хабарлар емес, болып өткен келіссөздердің «жан­ды» егжей-тегжейі қызықты бол­мақ. Ең жоғары деңгейдегі кезде­сулердің ауаның сезіну, мұндай іс-шаралардың қалай өткізілетінін білу бір ғанибет.  Сенім мен өзара түсіністік үлгісі Қазақстан Республикасының көпвекторлы теңгерімді сыртқы саясаты термині көп адамдарға белгілі әрі түсінікті. Бұл біздің елі­міз­дің басты басымдықтарының бірі. Қазақстан әлемдік державалар мүд­десінің тоғысында бола тұрып, өзінің барлық көршілерімен және әріптестерімен достық қарым-қатынасты сақтап қана қоймай, оны одан әрі дамытуға және нығайтуға ұмтылады. Егер біздің Президентіміздің бірегей қасиеттері болмаса, бұған қол жеткізу қиын соғар еді. Кез келген сұхбаттаспен ортақ тіл таба білуі, мәселенің мәніне бойлау қабілеттілігі және техникалық бүге-шігелерді керемет жадында сақтауы, тамаша әзіл мен әдеп сезімі – осының бәрі және көптеген басқа қасиеттері Н.Ә.Назарбаевқа, мемлекеттер мен үкіметтер бас­шы­ларын, халықаралық ұйым­дар жетекшілерін, көрнекті саясат­керлерді, қоғам қайраткер­лерін, инвесторлар мен тран­с­ұлттық компаниялар басшыларын қоса алғанда, Қазақстанның бар­лық шетелдік әріптестерімен дос­тық рәуішті сенімге толы қарым-қатынастарды жолға қоюға мүм­кіндік берді. Нақ осы қарапайым адами қатынастар Қазақстан Рес­публикасының мүдделерін ілгері жылжытуда елеулі рөл атқаруда. Қазақстан Президентінің әлемдік аренадағы биік беде­лін оның халықаралық кездесу­лерінің тығыз кестесі де көркем­дей түседі.  Мы­салы, 2015-2016 жылдары Мем­лекет басшысы шетелдік әріптес­терінің қатысуымен 300-ден астам іс-шара өткізді. Кездесулер мен байланыстардың ең тығыз кестесі біздің ең жақын көршіміз – Ресеймен қалыптасты. Ресей – Қазақстанның стратегиялық әріптесі және одақтасы. Бізді көп ғасырлық тарих, ортақ мәдениет пен бауырластық қатынастар, достық пен тату көршілік дәнекерлері байланыстырады. Толық айқындық үшін Ресей Президентінің бағасын мысалға келтірейік: «Менің Ресей-Қазақстан қатынастарына сипаттама беруім қажетсіз. Бұл жай ғана сеніскен әріптестік емес, бұл осы сөздің барлық мағынасындағы одақтастық қатынастар...». 2015 жылдың 26 сәуірінде өткен президент сайлауынан кейінгі өзінің бірінші шетелдік сапарын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев нақ осы Ресей Федерациясына жасады, сондай-ақ, онда ТМД-ның бейресми Саммитіне, Еуразия экономикалық одағы жоғарғы кеңесінің кезекті отырысына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған Қызыл алаңдағы салтанатты іс-шараларға қатысты. Қызыл алаңдағы осы салтанаттарға шетелдік мемлекеттер басшыларының қатысуын, өкінішке орай, Украинадағы оқиғаларға байланысты әлемдік қоғамдастықтың саясиландырғанын атап өту керек. Кейбір Батыс көшбасшы­лары Мәскеуге келуден бас тартты. Соған қарамастан, Қазақстан бұл көзқарасты қолдамады. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Әбішұлы фашизмді тізерлеткен Жеңістің мерекеленуін былай деп бағалайды: «Барлық қазақстандықтар сияқты, мен үшін Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс біздің халықтарымыздың ерлігі мен бірлігінің символы болып қала бермек. Сол жылдарда көрініс тапқан қаһармандық пен ерлік, жанқиярлық пен Отанға деген сүйіспеншілік әскери-патриоттық тәрбиенің түбегейлі негізі болып табылады». Мемлекет басшысы 2014 жылдың күзінде-ақ Қызыл алаңдағы салтанаттарға қатысатыны жөнін­де шешім қабылдаған болатын, міне, осы жос­парлардың іске асуына ешнәрсе кедергі бола алмады. Қазақстан Президенті саяса­тының дәйектілігі және қол жеткен уағда­лас­тықтарды берік сабақтастыруы – бүгінгі таң­да Нұрсұлтан Назарбаевты барлық әлемде сыйлы етіп отырған қасиеттердің бірі. Жалпы алғанда, 2015-2016 жылдары Қазақстан мен Ресей президенттері екі­жақты және көпжақты пішімде 20 реттен астам кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин ЕАЭК (4 рет), ҰҚШҰ (2 рет), ТМД (2 рет), ШЫҰ (2 рет) жоғары құрылтайшы органдарының және басқа өңірлік әрі халықаралық ұйымдардың отырыстары аясында да кездесті. 2015 жылдың 16 қыркүйегінде Сочиде Қазақстан мен Ресейдің жыл сайынғы Өңіраралық форумы болып өтті. Бұл форумдар Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің перзенті, 2000-жылдардың басында қабылданған және шекаралық ынтымақтастықтың барлық түйткілді мәселелерін жоюға бағытталған олардың ортақ шешімі екендігінің тағылымы зор. Алғашқы форумдар өткізілген кезде ЕАЭО әлі құрылмаған болатын, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарада кедендік бақылау толыққанды әрекет етіп тұрды. Шекарадан өту кезіндегі әртүрлі төрешілдік кедергілер мен қиындықтар қарапайым азаматтардың аралас-құраласын үнқатысу алаңы құрылғаннан кейін ғана барлық түйткілді мәселелер сөз жүзінде емес, іс жүзінде шешімін таба бастады. Бүгінде шекаралық форум Өңіраралық ынтымақтастық форумы болып өзгерген, бірақ Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігін нығайту мен дамытуға үлкен үлес қосуын жалғастырып келеді. 2015 жылдың 14-15 қазанында болған Ресей Федерациясының Президенті Вла­димир Путиннің Қазақстан Респуб­ликасына мемлекеттік сапарын Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы шежіресіндегі шырқау биік шара деп кәміл сеніммен есептеуге болады. Бұл шараның мәртебесі қабылдау, сый-құрмет және сапардың хаттамалық жағдайлары ең жоғары деңгейде қамтамасыз етілгенін айғақтайды. 2015 жылдың 9-10 шілдесінде Уфа қа­ласында өткізілген БРИКС пен ШЫҰ Сам­миттері кезінде орын алған бір жайт Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің ерекше достық қатынастарының жарқын айғағы болып табылады. Қазақстан мен Ресей көшбасшыларының екіжақты кездесуіне тоқталғанды жөн көріп отырмын. Осында Қазақстан-Ресей көпқырлы ынтымақтастығын дамытудағы еңбегі, сондай-ақ, интеграциялық үдерістерді ілгері жылжыту жөніндегі екіжақты өзара іс-қимылға қосқан белсенді үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа Александр Невский ордені табыс етілді. Оның үстіне, БРИКС пен ШЫҰ шеңберіндегі барлық ресми шаралар біткеннен кейін В.Путин мен Н.Ә.Назарбаев шағын ортада қалып, ол арада Ресей Президенті Нұрсұлтан Әбішұлын өткен туған күнімен құттықтады, олар бейресми жағдайда бірге болып, әңгіме-дүкен құрды. Бұл ресми хаттама шеңберінен тыс жағдайда орын алды. Бұл екі достың шүйіркелесе дидарласуы болатын. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин арасында қалыптасқан қатынастар сенім мен өзара түсіністіктің үлгісі болып табылады деп есептеймін. Олар екі елдің ұзақ ғасырларға созылатын берік стратегиялық әріптестігі мен одақтастығының іргетасын қалауда. Қазақстан Президентінің шетелдік көш­басшылармен қатынасын қалай құратын­дығына тағы бір аса ірі көршісі – ҚХР-мен ынтымақтастықты дамытуы көрнекі айғақ болады. Бүгінгі таңда Қытай-Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда және инвестициялық әріптестерінің бірі. Сонымен бірге, 25 жылдан астам бұрын, яғни Кеңес кезінде Бей­жіңмен барлық байланыстар тек Мәскеу арқылы ғана іске асып отырғаны құпия емес. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы әлемнің аса ірі елімен – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің және ядролық клубтың тұрақты мүшесімен қатынасты өз бетімен «нөлден» бастап құруға тиісті жағдайда қалды. Соған қарамастан, Цзянь Цзэминь, Ху Цзиньтао, Си Цзиньпин сынды барлық қытай көшбасшыларымен біздің Мемлекет басшысы терезесі тең, достық рәуішті әрі сеніскен қатынастар құра білді. Мысалы, ҚХР-дың іс басындағы Төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылдың қыркүйегінде өзінің Қазақстанға алғашқы сапарын жасаған кезінде-ақ Шығыс фәлсапасының терең мазмұнына сай, Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжі­рибелі дана саясаткер һәм әріптес екен­дігін таныды. Сондықтан, Қытай басшысы Қазақстан Президентін 2015 жылғы сәуірдегі сайлаудағы жеңісімен алғашқылардың бірі болып жеке өзі телефон арқылы да, жеделхат жолдап та, әрі Нұрсұлтан Әбішұлы қайта сайланғаннан кейін Қазақстанның шетелдік бірінші қонағы болып келгенінде Астанадағы әңгіме барысында да құттықтады. 2015-2016 жылдардағы жоғары дәреже­дегі Қазақстан-Қытай байланыстарының кестесін, екі көшбасшының өңірлік және халықаралық ұйымдар алаңдарындағы кез­десулерінен бөлек, 2015 жылдың 7 мамырындағы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына ресми сапары және 31 тамыз – 3 қыркүйектегі Қазақстан Президентінің Қытайға мемлекеттік сапары айшықтап көркейтіп тұрғандай. Егер Астана туралы айтатын болсақ, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің сайлаудан кейін­гі кезеңдегі бүкіл жұмысбастылығына қарамастан, Си Цзиньпиннің келу сапарына мұқият дайындалды. «Жібек жолының экономикалық белдеуі» немесе ЖЖЭБ жөніндегі Қытай тарабының бастамасы кездесуде көтерілген өзекті тақырыптардың бірі болды. Бұл бастаманы ең алғаш 2013 жылдың қыркүйегінде, Назарбаев Университетте сөйлеген сөзінде Си Цзиньпиннің нақ біздің Қазақстанда жария еткені атап айтуға тұрарлық. Әңгіме «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және «ХХІ ғасырдағы теңіз Жібек жолы» атты екі стратегиялық жобаны біріктіретін «Бір белдеу – бір жол» тұжырымдамасы туралы болып отыр. Қазақстан Президентінің 2015 жылдың қыркүйегіндегі Қытайға жауап сапары Нұрсұлтан Назарбаевтың қытай халқының жапон милитаристеріне қарсыласу соғысындағы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға және әскери парадқа қатысуымен біріктірілді. Сапар дәстүрлі түрде мазмұнды әрі аса жемісті болды. Бейжіңде Мемлекет басшысы іс жүзінде ҚХР-дың барлық сая­си және бизнес-элитасымен кездесті. Уағдаластықтар мен қол қойылған құжаттар 45 нақты жобаны іске асыру үшін Қазақстан экономикасына 23 млрд. доллар Қытай инвестициясын тартуға мүмкіндік берді. «Нұрлы Жол» және ЖЖЭБ бағдарламаларын сабақтастыру үдерісі іске қосылды. Қытайға сапар өзінің ауқымы және қайтарымы бойынша Мемлекет басшысының 2015 жылғы басқа халықаралық іс-шаралары арасындағы анағұрлым толымдысы болды. ҚХР-ға сапардың екі ерекшелігін жеке бөліп айтқымыз келеді. Біріншіден, Бейжіңде Қазақстан Президентінің барған елінің бизнес-элитасымен кездесулер өткізуінің тамаша дәстүрі өмірге келді. Әңгіме жекелеген екіжақты кездесулер және бизнес-форум туралы емес, керісінше, біздің еліміздің экономикасына олардың инвестициясын, тәжірибесі мен технологиясын тарту үшін барған елдің аса ірі компанияларының барлық басшыларымен бір мезгілде кешенді кездесу туралы болып отыр. Кейіннен бизнес «капитандарымен» осындай кездесулерді Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте, Дохада, Лондонда, Парижде, Тегеранда, Ыстанбұлда және Санкт-Петербургте өткізді. Екіншіден, Бейжіңде Президент ҚХР Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Орталық партия мектебінде дәріс оқыды. Неге нақ осы оқу мекемесінде? Өйткені, оның бүгінгі тыңдаушылары – Қытай Компартиясы бағытының ертеңгі жаршылары. Бұл стратегиялық әріптестікке, тең құқықтылық пен өзара тиімділікке негіз­делген Қазақстан мен Қытай ара­сындағы достық және тату көршілік қатынастарды болашақта келесі буын басшылардың сақтап, одан әрі дамытуына қосқан Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі болды. Біздің жақын көршілеріміз туралы айтқанда, Орталық Азия өңірін айналып өтуге болмайды. Орталық Азиядағы тұрақ­тылық пен қауіпсіздік – Қазақстанның өзінің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі. 2015-2016 жылдарда Мемлекет бас­шысының Түрікменстан (2014 жылғы 2-3 жел­тоқсан) мен Тәжікстанға (2015 жылғы 14-15 қыркүйек) ресми сапарлары, Қырғызстан (2015 жылғы 12 тамыз) мен Өзбекстанға (2016 жылғы 14-15 сәуір) жұмыс сапарлары болды. Түрікменстанда Қазақстан Президенті «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралы ашылуының салтанатты рәсіміне қатысты. Тәжікстанда екі президент Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды. Өзбекстанда өзекті екіжақты, өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдар үйлестірілді. Қазақстан мен Өзбекстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық шепте тұрғанын ескергенде, бұл өте қажет қадам болатын. Қырғызстанға сапарға жеке тоқталғымыз келеді. Бұл сапар алдын ала жоспарланбаған еді. Оны келісіп, дайындау үшін бізге бір аптадан сәл ғана артық уақыт берілді. Бұл бірқатар елеулі себептерге байланысты болды. Солардың бастысы – Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруіне байланысты жоспарланған мемлекеттік шекараның Қазақстан-қырғыз учаскесінде кедендік бақылауды алып тас­тау. Қырғыз басшылығының бұл шешімі экономикалық тұрғыдан кесіп-пішілген және әбден негізді болатын, өйткені, Қырғызстаннан тауарлардың негізгі бөлігі ЕАЭО елдеріне жеткізіледі. Сонымен қатар, өкінішке орай, Қыр­ғызстандағы кейбір күштер елдің ЕАЭО-ға қосылуына қарсы шығып және бұл үдерісті саясиландырып, сәл кейінірек – 2015 жылдың 4 қазанында өткен парламенттік сай­лау қарсаңында ішкі саяси ахуалды шай­қалтуы мүмкін еді. Туысқан қырғыз халқы соңғы 11 жылда 2 революцияны бас­тан кешті. Үшіншісіне жол беруге болмайтын. Баршаға мәлім, Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азиядағы, соның ішінде Қырғызстандағы да тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселелеріне әрқашан жіті көңіл бөледі. А.Ақаев қуылған 2005 жылы да, Қ.Бакиев құлатылған 2010 жылы да нақ осы тұлғаның күш-жігерінің арқасында бұл ел азамат соғысының от-жалынына оранбады. Сондықтан, Нұрсұлтан Әбішұлы Қырғызстанға, біріншіден, Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылуына орай айқын түсінік беру, екіншіден, қырғыз жұртшылығын топтасуға шақыру, үшіншіден, біздің көршімізге әрі туысқан халыққа қолдау білдіру үшін барды ғой деп пайымдаймын. Қырғыз Республикасына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы Президент Ал­мазбек Атамбаевпен екіжақты кездесу өткізді. Мемлекет басшысының Қырғыз­стандағы сапарында қасына ілесе жүріп, мен Нұрсұлтан Әбішұлында ұсақ-түйектің болмайтынына тағы бір рет көз жеткіздім. Ол қырғыз әріптесінің барлық өтініштерін ықыласпен тыңдады, сонан соң Астанаға оралған бетте осы жөнінде Қазақстан Үкіметіне тиісті тапсырмалар берді. Барлық бағыттағы  байланыстар Орталық Азия өңірі туралы жаза отырып, жиі қолданылатын таяу және алыстағы шетелдер деген терминді есіме алдым. Бірақ бұл түсініктің географиялық айқындауға қатысы жоқ. Бір мемлекетте – КСРО-да 70 жыл бірге болу тәжірибесін ескере отырып, ТМД-ға қатысушы барлық елдер бірін-бірі жақын шетелдер ретінде қабылдайды. Біртұтас халық шаруашылығы кешенінің жойылғанына 25 жыл өтсе де, тығыз сауда-экономикалық және мәдени гуманитарлық байланыстар әлі күнге дейін сақталынып және қолдауға ие болып келеді. Сондықтан осы территорияда болып жатқан оқиғалардың барлығын біз жүрекке жақын қабылдаймыз. Президент студенттік жылдары өткен Украинада жанжалды жағдайлар орын алып, қан төгілген кезде Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеден тысқары қала алмады. 2014-тің желтоқсаны – 2015-тің қаңтары аралығында Мемлекет басшысы телефон арқылы Франция, Украина, Ресей және Германия басшылығымен жеке өзі сөйлесті. Соның нәтижесінде қалып­тасқан дағдарыстан шығу үшін келіс­сөз үдерісін орнынан қозғаудың сәті түсті. Тек Нұрсұлтан Әбішұлы ғана 2015 жылғы ақпандағы кездесуде «нормандтық төрттік­ке» қозғау салудың мүмкіндігіне қол жеткіз­ді. Сөйтіп, Украинаның шығысындағы жан­жал­ды бейбіт ретке келтіруді қамтамасыз ету мүм­кіндігін берген Минск келісіміне қол жеткізілді. 2015 жылдың 8-9 қазанында Украина Пре­зиденті П.Порошенко Қазақстанға өзі­нің бірінші ресми жауап сапарын жасады. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы Украинада болған еді. П.Порошенконың сапар бағдарламасы барынша тығыз еді: Қазақ­стан Президентімен жеке және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізілді және ел басшылары Қазақстан-Украина бизнес-форумына бірге қатысты. Мемлекет басшысы Украина дағдарысын реттеу мақсатында Батыс елдерінің көшбас­шыларымен байланыс жасауды күшейте түсті. Франция Президенті Франсуа Олланд Нұрсұлтан Назарбаевпен әңгіме жүргіз­ген­нен кейін барып, өзінің Парижге қайту са­пары­ның жолында Мәскеуде тоқтап, Влади­мир Путинмен конструктивті кездесу өткізді. Және бұл бір ғана араағайындық оқиға емес. Батыс көшбасшылары Қазақстан Пре­зидентінің кеңесіне жүгініп, қалыптасқан жағдайда қандай әрекеттер жасау қажеттігін жиі ақылдасып отырды. Олардың арасында екі еуропалық көшбасшы – Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттель 2015 жыл­дың мамырында және Нидерланд Пре­мьер-министрі Марк Рютте 2015 жылдың желтоқсанында, өздері Еуроодаққа төрағалық қарсаңында болды. Атап айтқанда, К.Беттель Украина дағдарысына барынша ден қойып, өзінің Мәскеу мен Киевке сапармен бару жоспары бар екендігін айтты, сондай-ақ, ол аталған елдер астаналарында болған кезде өзінің қандай әрекеттерге баруы және оларға қандай ұсыныс жасауы қажеттігі жөнінде кеңес сұрады. Нұрсұлтан Әбішұлы оған екі тараптың ешқайсысына ыңғай бермеуді, тек «өз желісін жүргізе» отырып, тараптардан Минск келісімін қатаң орындауын талап ету қажет екендігін айтты. Елбасының сөзінше, Батыс пен Мәскеу арасындағы қатынасты қалпына келтіруге балама жоқ. Өйткені, қарама-қарсы тұрудан екі жақ та зардап шегеді. Біздің Президентіміздің осындай кеңестерінен кейін К.Беттель ЕО төрағасы болған кезде Ресей-Украина мәселесі бойынша теңдестірілген ұстанымда болғандығын, сөйтіп, реттеу үдерісін алға жылжытуға өз үлесін қосқандығын еске сала кетсек, артық болмас. Айтпақшы, кездесу барысында К.Беттель­дің Астанаға бұрыннан келгісі келіп жүрген­дігі белгілі болды. Ол велоспорттың үлкен жанкүйері екен. Онда «Астана» велоко­мандасының майкасы да бар. Бірақ ол Қазақ­стан астанасында бұрын бір де бір рет болмаған. Бұл туралы К.Беттель Н.Назарбаевпен кездесу кезінде айтты. Мұндай жоғары деңгейдегі кездесу – бұл сая­сат пен экономиканың «үлкен мәселелерін» талқылау ғана емес, сонымен қатар, өзара қарапайым адами қатынастарда. Өйткені, достық пен сенім атмосферасы қалыптасқан кезде «үлкен мәселелерді» шешу де жеңілге түседі. Қазақстан Президенті шетелдік әріптестерімен барлық саясатын нақ осылай жүргізеді. Көптеген мемлекет басшыларының Украинадағы жағдайды, Батыс пен Ресейдің қарым-қатынасын және жаһандық күн тәртібінің өзге де мәселелерін Нұрсұлтан Назарбаевпен талқылайтынына таңғалудың жөні жоқ. Мәселен, Финляндия Президенті Саули Ниинистё 2015 жылдың маусымында Астанаға жасаған сапары кезінде Еуроодақ пен Ресей арасындағы қатынасты қозғады. Бірнеше күн өткеннен кейін – 16 маусымда ол Мәскеуге сапармен барып қайтты. Нұрсұлтан Әбішұлы шетелдік қо­нақтарды қалай қабылдайды? Ұлы Даланың перзенті үлкен қонақжайлылық таныта отырып, әңгімелесушіні өз ыңғайына бейімдейтіндей сөздерді әркез таба біледі. Мәселен, 2015 жылдың 1 сәуірінде Астанаға ресми сапармен келген Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбанмен әңгімені Нұрсұлтан Назарбаев «Бұл – Сіздің Отаныңыз» деген сөзден бастады. Әңгімелесуші осы пікірді бірден құптап «Иә, біз өз үйіміздеміз» деген сөзді қосып қойды. Бұл жай дипломатиялық сөз ғана емес еді. Венгрия – өте ерте уақыттары Еуропаға Қазақстан даласынан көшіп барған көшпенділер – мадьярлар елі. Оның үстіне, В.Орбанның өзінің сөзі бойынша, оның зайыбы қазіргі Венгрия аумағында ертеден тұрып келе жатқан қыпшақтар тайпасынан екен. Сондықтан екі басшының әңгімелесуі осындай жылы сөздерден басталуына соншама бір таңғалып та қажеті жоқ. Виктор Орбан – сирек кездесетін тұлға. Ол жалпыеуропалық ағымдарға әркез сәйкес келе бермейтін дербес сыртқы саясат жүргізумен ерекшеленді. Мысалы, В.Орбан Ресейге қатысты санкциялық саясатқа қарсы шығып, Брюссельді Мәскеумен ынтымақтастықты қайта қалпына келтіруге шақырды. В.Орбан біздің Мемлекетіміздің басшысынан осы жөнінде қазіргі жағдайда не істеу керектігі жөнінде кеңес сұраған кезде, Нұрсұлтан Әбішұлы оның назарын Қазақстан жүргізіп келе жатқан саясатқа аударды. Нұрсұлтан Назарбаев венгр пре­мьеріне сыртқы саясатта тек бір бағытпен тоқ­талып қалмау жөнінде ұсыныс жасады. Қазақстан Президенті 2015 жылдың 5 мамырында Астанада Еурокомиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэль Баррозуды да дәл осылай жылы қабылдады. Мұның өзі, егер достар туралы әңгіме болса, Нұрсұл­тан Назарбаевтың олардың дәл сол сәттегі ат­қарып отырған қызметтеріне көп көңіл бөле қоймайтындығын көрсетеді. Оған адам­гершілік қатынас неғұрлым маңыздырақ. Ал 2015 жылдың тамыз айының ая­ғында Астанаға ресми сапармен Сербия Пре­зиденті Томислав Николич келді. Серб президентімен кездесу барысында Нұрсұлтан Әбішұлының әңгімелесушіні жылы да ашық және достық әңгімеге бейімдей білу қасиеті тағы да бой көрсетті. Елбасы келіссөздің әу басында-ақ 1972 жылы Югославияға барған сапарын еске алды. Осыдан 40 жыл бұрын алған сондағы тамаша әсерлері жөнінде айта отырып, Мемлекет басшысы Қазақстанның қазіргі уақытта Сербия Республикасымен конструктивті қатынасты дамытуға мүдделі екендігін атап көрсетті. Кездесу қорытындысында Т.Николич Н.Ә.Назарбаевқа Сербия Республикасының орденін тапсыра тұрып: «Мен Сізді бұл орденмен біздің елдеріміздің арасындағы қатынасты нығайтуға қосқан үлесіңіз ғана емес, сонымен қатар, өз еліңіздің болашағы жолында атқарып жатқан жұмыстарыңыз, сондай-ақ, Қазақстанның халықаралық құқық қағидаттарын сақтаудағы дәйектілігі үшін де марапаттаймын. Сіз – әлемдік кеңістікте өте сирек кездесетін көшбасшысыз», деді. 2015-2016 жылдары Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев еуропалық елдерге, соның ішінде Милан, Лондон, Париж және Брюссельге бірқатар сапарлар жасады. 2015 жылдың 27 маусымында Мем­ле­кет басшысы «Планетаны тойындыру. Өмір үшін қуат» тақырыбындағы «ЭКС­ПО-2015» Бүкіләлемдік көрмесі аясындағы Қазақстанның ұлттық күндеріне қатысу үшін Миланға (Италия) келді. Ол біз үшін «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық жасау есебінде де маңызды да, қызықты еді. Миландағы Елбасы сапарының бағдарламасы барынша толымды тығыздығымен есте қалды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Маттео Ренци арасында өзара сенімді жақсы қатынас мұның алдындағы 2014 жылдың маусымында өткен Бурабайдағы кездесуден бас­тап қалыптасқандығын атап өту керек. Италияның жас та жігерлі премьері дана  да тәжірибелі Қазақстан Президентінен мәселелердің кең ауқымы бойынша кеңестер алуға барынша ықылас танытты. Миландағы бұл кездесу кезінде лифтіде орын алған оқиға да саясаткерлердің көңіліне кірбің түсірген жоқ. Аздаған уақытта лифтінің тоқтап қалуы, керісінше, бейресми жағдайда әңгімелесуге мүмкіндік туғызды. 2015 жылдың қараша айының басында Мемлекет басшысы Ұлыбритания мен Фран­цияға ресми сапарлармен барып қайтты. Лон­донда да, Парижде де ол екі елдің саяси және бизнес элиталарымен кездесті. Екі сапар да барынша нәтижелі болды. Аталған шара­лар кезінде жалпы сомасы 14 миллиард доллардан асатын келісімшарттар мен мемо­рандумдарға қол қойылды. Екі ел астанасында да Н.Ә.Назарбаев британ және француз бизнестерінің «капитандарымен» кездесті. Осы оқиғалар барысында Лондонда аккредиттелген және британ хаттамасы мен этикасының дәстүрлерімен жақсы таныс бүкіл дипломатиялық корпус Нұрсұлтан Әбіш­ұлына неғұрлым жоғары құрмет көрсе­тілгендігін атап көрсетіп жатты. Мұның өзі – Ұлыбританияның дипломатиялық өмірін­дегі өте көрнекі фактор. Оның үстіне Лондондағы сапар Мемлекет басшысын Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Королевасы Елизавета ІІ-нің қабылдауымен қорытындыланды. Ханшайым Қазақстан Президентінің сапар нәтижелері екі ел арасындағы достық қатынастарды одан әрі нығайтуға және Қазақстан мен Біріккен Корольдік халықтарының гүлденуіне қызмет ететіндігіне сенім білдірді. Парижде Франция президенті Франсуа Олланд та Нұрсұлтан Назарбаевты жылы қарсы алды. Ол біздің Мемлекетіміз басшысының «Норманд пішіміндегі» кездесуге араағайындық жеке күш-жігерін жоғары бағалады. Біздің еліміздегі Қазақ хандығының 550 жылдығының мерекеленуі туралы еске ала отырып, Ф.Олланд Қазақстан бүгінгі күні әртүрлі дәстүрлерді ұстаған халықтардың бірлігі мен ынтымағын қалыптастырудың символына айналғандығын атап көрсетті. Оның сөзінше, Қазақстанды жаңғырту стратегиясы осындай сенімді негізге сүйене отырып әзірленген және Франция бұл міндетті орындау үшін жан-жақты қолдау көрсетуге әрдайым дайын. Франция президенті өз сөзін аяқтай келіп, қазақтың «достық жоқ жерде, табыс та жоқ» деген мақалын келтірді. Бо­ка­лын Франция-Қазақстан достығы үшін көтерді. Мемлекет басшысының Францияға жылы достық ниеті Париждегі террорлық акт туралы ақпаратты жаны ауыра қабылдауынан да көрінді. Бұл қасіретті жағдай оның сапарынан бір аптадан кейін орын алған еді. Біріншіден, Қазақстан Президенті теракт болып өткен күннің ертеңіне Франция президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады. Екіншіден, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасындағы Француз Республикасының елшілігіне барып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды. 2016 жылдың 30 наурызында Президент Бельгияға жұмыс сапарымен барды. Бұл сапар барынша маңызды еді. Өйткені, сол жылдың наурыз айында Қазақстан Парламентінің Сенаты Стратегиялық әріптестік және оны кеңейту туралы келісімді ратификациялаған болатын. Брюссельде Мемлекет басшысы екі кездесу өткізді: Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Тускпен және Еуропалық комиссия басшысы Жан-Клод Юнкермен. Кездесуде қазақстандық-еуропалық қарым-қатынас мәселелерінен басқа, ЕО және ЕАЭО іс-әрекетінің перспективалары да талқыланды. Бұл – күрделі мәселе. Батыстағы бірқатар саясаткерлер бұл жобаны «КСРО-ны қайта қалпына келтіру» деп әлі де санайды. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев екі бірлестіктің біріккен конференциясын өткізуді ұсынды. Бұл барлық мәселелердің нүктесін қою үшін қажет еді. Мемлекет басшысының айтуынша, «егер болашақта ЕО, ЕАЭО және ШЫҰ еркін сауданы ашатын болса, онда бұл бүкіл Еуразияға аса зор пайда әкеледі». Мұндай бастамашылдық үшін уақыт неғұрлым оңтайлы таңдап алынған еді. Бүгінде ЕАЭО-ның атқарушы органы – Еуразиялық экономикалық комиссияның алқасын Армения азаматы басқарады, ал ЕАЭО-ның жалпы жетекшілігін жарғылық органдардың (ЖЕЭК, ЕҮАК, ЕЭК Кеңесі) төрағасы болып табылатын Қазақстан жүзеге асырады. ЕАЭО-ның басқару органдарында Ресей өкілдігінің болмауы «КСРО-ны қалпына келтіруге ұмтылушылыққа» деген қорқыныштың негізсіз және әділетсіз екендігін тағы да дәлелдейді. Айтпақшы, біз одан әрі Брюссельден Вашингтонға аттандық. Онда Мемлекет басшысы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі 4-ші саммитке қатысты. Жалпы, қазақстандық-америкалық байланыстар – Қазақстан Президентінің халықаралық қызметіндегі жеке бір тарау болып табылады. Оның үсті­не 2015-2016 жылдары Қазақстан Прези­денті екі рет мұхиттың үстінен ұшып өтіп, екі ретінде де ірі саммитке – 2015 жыл­дың қыркүйегінде Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессия­сына және 2016 жылдың сәуірінде Вашинг­тон­дағы жоғарыда айтқан Саммиттің жұмысына қатысты. 2015 жылдың 26-30 қыркүйегі аралығында Қазақстан Президентінің Нью-Йорк­ке жасаған сапарының бағдарламасы өте маз­мұнды болды. Бар-жоғы бес күн ішінде ол БҰҰ-ның қолдауымен өткен 3 Саммиттің (27 қыркүйекте – 2015 жылдан кейінгі кезеңдегі даму саласының күн тәртібін қабылдау жөніндегі БҰҰ Саммиті, 29 қыркүйек – БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы пікірталастары, 30 қыркүйек – Экстремистік күш көрсетуге қарсы күрес жөніндегі Саммиті) жұмысына қатысты, «11 қыркүйек» ескерткішіне гүл шоғын қойды. Сонымен бірге, мемлекет және үкімет басшыларымен, халықаралық ұйымдар мен ірі компаниялардың жетекшілерімен 7 екіжақты кездесу өткізді. Әсіресе, Қазақстан Президенті белсен­ді­лікпен қатысқан БҰҰ Бас Ассамблеясының Жалпы пікірталастары ерекше назар аударуды қажет етеді. БҰҰ Бас Ассамблеясына дайындық алдын ала басталды. Тіпті, жаздың басын біз сөз сөйлеумен бастадық. БҰҰ-ның құрылғанына 70 жыл толуына байланысты шараға берілген Мерейтойлық дәреже – қосымша жауапкершілік жүктеді. Оның үстіне Нью-Йорктегі сессиядан 3,5 ай бұрын 2015 жылғы 10 маусымда Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесуі болып өткен еді. Ол V Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшыларының съезі жұмы­сына қатысты. Пан Ги Мунды жылдың ең ірі оқиғасы – БҰҰ Бас Ассамблеясының мерей­тойлық сессиясының қалай өтетіндігі толған­дырды, осыған байланысты кездесу бары­сында ол өзі көптеген елдер пікірін тың­дайтын көшбасшы ретінде танитын Нұрсұлтан Назарбаевпен сессияның мүмкін болатын күн тәртібі туралы ақылдасты. Жалпы, мерейтойлық сессия әлем­нің барлық мемлекеттерінің дерлік көшбас­шылары жиналған беделді аудиторияның алдына біздің Планетамыздың болашақ дамуы жөніндегі қазақстандық болжамдармен бөлісетін айрықша мүмкіндіктер берді. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде халықаралық күн тәртібіндегі барынша өткір мәселелер бойынша Қазақстанның көзқарасын баяндады және олардың шешу жолдарын паш етті. Оның үстіне Қазақстан Президенті БҰҰ мінберінде алғаш рет еліміздің мемлекеттік тілінде сөйледі. Бұл әлемдік және қазақстандық қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды. Бұдан кейін БҰҰ-ның басқа да алаңдарында, атап айтқанда, Парижде өткен ЮНЕСКО Бас Конференциясының сессиясында да Мемлекет басшысы қазақ тілінде сөйледі. Оның сөзі БҰҰ-ның 6 халықаралық тілдеріне аударылды. Жерінің аумағында БҰҰ штаб-пәтері орналасқан елдің басшысымен, яғни АҚШ Президенті Барак Обамамен кездесу 30 қыркүйекте өтті. Осы орайда атап өтетін мәселе, БҰҰ Бас Ассамблеясына көптеген мемлекеттердің басшылары және Үкімет басшылары келеді, ал АҚШ Президентінің мұнда келген әрбір қонақпен екіжақты кездесу өткізуге іс жүзінде уақыты жетпейді. Солай бола тұрса да, Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу өтті. Бұл жаһандық қауіпсіздікті, тұрақтылықты және гүлденуді нығайтудағы Қазақстанның үлесін және біздің еліміздің халықаралық істердегі артып келе жатқан рөлін тағы да атап көрсетеді. Нұрсұлтан Әбішұлының жұмысында ұсақ-түйек болмайды, әрбір мәселеге барынша көңіл бөледі. Әсіресе, бұл Мемлекет басшысының жүзеге асыруға бағыттаған бастамаларына тікелей қатысты. Егер оларды іс жүзіне асыру жолындағы мейлінше ұқыпты жұмыс болмаса, бұл ұсыныстардың бәрі қағаз жүзінде қалар еді. Сондықтан, 2 қазанда Астанаға оралысымен Қазақстан Президенті Америка Құрама Штаттарында болған сапарының қорытындысы бойынша жұмыс кеңесін өткізді және Үкіметке, Президент Әкімшілігіне және Сыртқы істер министрлігіне БҰҰ Бас Ассамблеясында айтылған барлық бастамалар бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Жоғарыда айтылған АҚШ-қа жасалған екінші сапар барысында Мемлекет басшысы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысты, сонымен бірге 15 екіжақты кездесулер өткізді. Бұл сапар то­лықтығы мен мазмұндылығы жағынан 2016 жылы өткізілген шаралардың ішін­дегі ең маңыздысы болып табылады. Атап айтқанда, АҚШ сапарының шешу­ші нәтижесі ядролық қауіпсіздік мәселе­леріндегі Қазақстанның әлемдік көшбасшы ре­тіндегі рөлінің ресми бекітілуі болып отыр. Сонымен бірге, Вашингтонда осы бір маңызды халықаралық қауымдастық үрдісінде Қазақстан Республикасының сүбелі үлесін атап көрсететін бірқатар бірлескен мәлімдемелер қабылданды: – ядролық қауіпсіздік және оны таратпау саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан Республикасының және Америка Құрама Штаттарының бірлескен мәлімдемесі (Вашингтон, 2016 жылғы 31 наурыз); – ядролық сынақтарды жалпыға бірдей тыйым салу туралы келісімшартты жедел іс жүзіне асыруға қол жеткізу жөніндегі Қазақстан және Жапонияның бірлескен мәлімдемесі (2016 жылғы 1 сәуір); – Қазақстан территориясында МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран бан­кіне қатысты Ұлыбритания, Венгрия, Гер­мания, Иордания, Испания, Қазақстан, Кана­да, Қытай, Норвегия, БАӘ, АҚШ, Филип­пин, Финляндия, Франция, Чехия, Шве­ция, Оңтүстік Корея және Жапония көшбас­шыларының бірлескен мәлімдемесі. Жалпы, ядролық қауіпсіздік жөніндегі барлық саммиттерді өткізу – тікелей АҚШ президенті Б.Обаманың бастамасы болып табылатындығын атап көрсету керек. Бірінші саммит 2010 жылы сәуірде Вашингтон қаласында өтті. Сонда барлық шаралар барысында АҚШ президентінің оң жағында тұрақты түрде Н.Ә.Назарбаевтың орын алатындығы бүкіл әлемді таңдандырған болатын. Кейіннен біз мынаны анықтадық, бұл саммитте хаттамалық жоғары тұрушылық жалпыға бірдей тәжірибе бойынша анықталмаған (ереже бойынша алфавит ретімен кезек қағидасы қолданылатын), керісінше белгілі бір мемлекеттің ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесі бойынша анықталған. Екінші саммит 2012 жылғы наурызда Сеулде өтсе, үшіншісі 2014 жылдың наурызында Гаагада өтті. 2016 жылдың 1 сәуірінде өткен төртінші саммит жоғарыда аталған Б.Обама бастамасы шеңберіндегі қорытынды шара болды. Сол жерде, Вашингтонда Мемлекет басшысының Карнеги қорының президенті У.Бернспен кездесуі болып өтті, оған АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс министрі У.Перри, АҚШ-тың экс-сенаторы С.Нанн, Ка­лифорния штатының губернаторы Дж.Браун, CNN телеарнасының негізін қалау­шы Т.Тернер, Gap компаниясының бұрын­ғы басшысы Э.Гаст қатысты. Осы жерде Мемлекет басшысы АҚШ-тың қоғам және саяси қайраткерлерімен кезде­сіп, «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жария етті. Онда ұлттың соғыстар мен жанжал­дардың алдын алу бойынша үйлесімді іс-қимылы айқындалғаны белгілі. Беделді аудитория алдында сөз сөйлеу барысында Қазақстан Республикасының Президенті сөзін былай деп қорытындылады: «Болашақ туралы ойлағанда мен мына тарихи датаны жиі еске аламын – 1995 жылдың 24 сәуірі – бұл бұрынғы КСРО-дан бізге мұраға қалған соңғы ядролық зарядтың Қазақстан территориясынан шығарылған күн. Екі ғасыр бұрын АҚШ президенті Авраам Линкольн былай деген екен: «Жауапкершілікті бүгін кейінге қалдыра отырып, одан ертең құтылуға болмайды». Ондаған жылдар бойы ядролық жарылыстың қасіретінен зардап шеккен халқымның қолдауы мен арман-мүддесіне сүйене отырып, мен ядролық қарудан азат әлем туралы арманға шын жүректен сенемін». 4-ші Саммит шеңберінде Вашингтонда өткен барлық шараларды аяқтағаннан кейін Қазақстан Президенті Гаванаға бағыт алды, онда Мемлекет басшысының Куба Республикасындағы ресми сапары басталды. Кубаның Мемлекеттік кеңесі және Министрлер кеңесінің төрағасы Рауль Кастромен болған кездесуде екіжақты ын­тымақтастықты нығайту мәселелері талқы­ланды. Онда сауда-экономикалық бай­ла­ныстарды, білім саласындағы қа­рым-қатынасты, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынты­мақтастықты дамыту және саяси диалогты одан әрі қолдау мәселелері тілге тиек етілді. Қазақстан Президентінің Кубаға сапары қа­зақстандық-кубалық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға жаңа қарқын береді деп күтілуде. Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы басым бағыттарының бірі – азиялық векторға көшу барысында, ең алдымен, Еуропа және Азия құрлығының тоғысында орналасқан тағы бір мемлекет, бізге туысқан мемлекет және еліміздің стратегиялық серіктесі, Тәуелсіздігімізді таныған тұңғыш мемлекет – Түрік Республикасына тоқталған жөн. Бұл оқиғаны Н.Ә.Назарбаевтың өзі былай еске алады, 1991 жылдың 16 желтоқсанында, яғни, Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін енді жариялаған сәттен екі сағат өткеннен кейін Тұрғыт Озал телефон шалады (сол кезде ол Түркия президенті болатын) және Түркия біздің еліміздің тәуелсіздігін танығандығын хабарлайды. Дипломатиялық каналдар бойынша ресми түрде еліміздің Тәуелсіздігін тану туралы мұндай хабар бірінші Америка Құрама Штаттарынан түскендігіне қарамастан, Тұрғыт Озал бұл туралы бірінші болып хабарлаған. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қалыптасуының ең күрделі ке­зең­дерінде Түркия Қазақстанға қолдау көрсе­тіп отырды және бұл біздің есімізде мәңгі қалады. 2015 жылдың 15-17 сәуірі аралығында Түркия президенті Реджеп Тайып Ердо­ған­ның Қазақстанға мемлекеттік сапары болып өтті. Оның шеңберінде екі Прези­дент­тің шағын құрамдағы келіссөздері, Қазақ­стан мен Түркия арасындағы жоғары стра­тегиялық ынтымақтастық кеңесінің екінші отырысы, сонымен бірге, екі көш­басшының қатысуымен Қазақстан-Түркия бизнес-форумы болып өтті. 17 сәуірдегі қорытынды шара екі пре­зи­денттің түрік әлемінің рухани орталығы – Түркістан қаласына бірлескен сапары бол­ды. Бұл қалада Қожа Ахмет Ясауи кеше­нінің қасында ор