• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2016

Астананың миллионыншы азаматы

297 рет
көрсетілді

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елорда тойының басталғанын паш ететін Мемлекеттік туды көтеру рәсімінде сөйлеген сөзінде Астананың миллионыншы тұрғыны дүниеге келгенін үлкен қуаныш үстінде айтты. Алтай мен Атырау арасындағы Алаш баласының басындағы бөркін аспанға аттырған бұл жағымды жаңалық сол сәтінде-ақ жаһанға жайылды. Қасиетті Сарыарқа сауырында қазығы қағылып, керегесі керілген Қазақстанның бас қаласы, міне, енді мегаполис мекенге айналды. Бала жастан басымызға жас­тап оқыған батырлар жырының бас­ты кейіпкерлеріндей сағат санап өскен самала шаһар еліміздің жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі болып қана қоймай, төрінде төрткүл дүниенің сая­сат серкелері мәнді мәжіліс құратын мәртебеге де ие екендігі бәрімізге белгілі.  Алла жарылқап, алдынан ақ күн туа берсін, Ақордалы Астананың! Ал енді Астананы миллионер атандырған несібелі нәресте кім? Айтайық. Қаладағы №1 перинаталды орталықта туған қыздың аты – Саида. Ол – ата-анасының көзін ашып көрген тұңғышы. Демек, жарасым тапқан жас жұбайлардың қуанышында шек жоқ екендігі айтпаса да түсінікті. Іңгәлаған сәбиіне ілесіп елорда тарихына еніп кеткелі тұрса, қағанақтары қарық, сағанақтары сарық болмай қайтеді енді. Күлшелі кішкентайдың әкесі Олжас Мұхамедьярдың мамандығы энергетик, «Астана-РЭК» кәсіпорнында еңбек етеді. Ал шешесі Арайлым №9 «Нұршашу» балабақшасында тәрбиеші. Екеуі осы Астанада танысып, табысып отау көтеріпті. Ерлі-зайыптылар әзірше жігіттің әке-шешесінің қолында тұрып жатыр. Бөлек шығу ойларында жоқ болатын. Бірақ, мына оңды оқиға жоспарларын өзгертіп жіберді. Өйткені, өмір есігін ерекше мәртебемен ашқан Саиданың бағы артып, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев перзентханада мерейлі отбасына екі бөлмелі пәтердің кілтін берді. Сөйтіп, көшелі басшыға лайық мәрт мінез танытты. Қол-аяғын бауырына әлі ала қоймаған Арайлымды мазаламай-ақ, төбесі көкке екі-ақ елі жетпей тұрған Олжасты әңгімеге тартқан едік. – Жарымды толғақ қысып, перзентханаға апарғанда, ең алдымен, аман-есен босануын тіледім. Бөтен ой болмады. Бір-ақ күнде есіміміздің елімізге әйгілі болатынын қайдан білейін. Қарапайым қазақстандықтардың бейбіт аспан астында бесік тербетіп, берекелі тіршілік кешуіне барлық жағдайды жасаған парасатты Президентімізге мың да бір рахмет. Қамқорлық көрсеткен қала басшылығына ризамыз. Бақыттан басым айналып тұрғандықтан аузыма басқа сөз түспей тұр, – деді ол жүрекжарды алғысын жасыра алмай. Өз кезегімізде біз де ел газеті – «Егеменнің» атынан айдарынан жел ескен азаматқа «Балапаныңыздың бауы берік болсын!» деген тілегімізді білдірдік. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»

Миллионыншы!..

Көкірегімді жарып шықты жыр гүлі, Сүйінші, достар, Байғазы деп біл мұны! Туды бүгін, Дүниеге «шыр» етіп, Астананың миллионыншы тұрғыны!   Күн де бүгін тым ерекше жарқырар, Шабыт құсы қия шыңға шарқ ұрар. Ширек ғасыр – Астанамның Тәуелсіз – Мақтанамын – Бір миллион халқы бар.   Туымыз – көк, Аспан да – көк, Тас та – көк. Бауыр да – көп, Туыс та – көп, Дос та – көп. Бас қалада Ту ұстайтын қолына, Туды, міне – Миллионыншы жас бөбек.   Осы екен ғой, Тіршіліктің жалғасы, Мерейтойда – Мерекенің дәл басы. Бұл да бір күн – Астананы басқарар, Кім біледі, Болар бір күн Елбасы! Не жетеді дәл осы бір мезетке, Күмбірледі – Күй қонақтап өзекте. Туа сала – Астананың тұрғыны, Тұрмайды ол Пәтер күтіп кезекте.   Жүрер, бәлкім, Өлеңдетіп, жырлатып, Ғарышкердей жұлдыздармен тіл қатып... Миллионмен есептелер заманда Миллионыншы тұрғын болу – Бір бақыт.   Биік болсын, Ол әрдайым асқан шың, Дос сүйініп, Жауы болса – жасқансын. Қазақтағы – Миллионерлер тізімі, Астанадан – Бас қаладан басталсын! Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  АСТАНА
Соңғы жаңалықтар