Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Президент жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі Кеңестің IV отырысы өтті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан – 2050» ұзақ мерзімді стратегиясын және 2013 жылы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру мақсатында құрылған Кеңестің көтерген тақырыбы Париж климаттық келісімін жүзеге асыру мәселелеріне бағытталды. Сондай-ақ, Кеңес мүшелері – мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, ғылыми-зерттеу ұйымдарының және ҮЕҰ-дар басшылары болып табылады. Мемлекетіміздің орнықты дамуы мен «жасыл экономикаға» көшуінің басым бағыттары бойынша сектораралық диалогты ұйымдастыру үшін бірегей алаң болып табылатын Кеңесте экономика саласының бірқатар өзекті тақырыптары қамтылды.
Естеріңізге сала кетейік, аталған келісім өткен жылы желтоқсан айында Париж қаласында климаттың өзгеруі бойынша БҰҰ Негіздемелік конвенциясы тараптарының 21-ші конференциясында қабылданған болатын. Бұл ретте үстіміздегі жылдың 29 маусымдағы жағдайы бойынша 178 ел Париж келісіміне қол қойып, оның ішінде 19-ы БҰҰ депозитарийінде ратификациялау туралы құжаттар ұсынды. Өз кезегінде, еліміз Париж келісіміне қол қою рәсімдерін аяқтап қалды.
Жиын барысында сөз алған Премьер-Министр К.Мәсімов: «Мен G20 елдері дамытып жатқан үрдістерге назар аударып отырамын», – дей келе бірінші кезекте ҚХР мен АҚШ-тың бұл тарапқа қарайлайтынын жеткізді. – Сондықтан, біз үдерістен қалыс қала алмаймыз және қалмауға тиістіміз. Сондай-ақ, «жасыл экономиканы» дамыту бойынша жобаларды қаржыландырудан қалыс қалмауымыз керек», деп атап өтті. Сонымен қатар Энергетика министріне ЭКСПО-2017 көрмесіне мұқият дайындалуды тапсырды. «Қазақстанда, оның ішінде Астанада біздің Президенттің бастамасы бойынша тура бір жылдан кейін ЭКСПО-2017 өтеді. Біз оған мұқият дайындалып, даму жоспарына түзетулер енгізуіміз керек», деді К.Мәсімов.
Отырыста сөз алған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев министрлік тарапынан Дүниежүзілік банкпен әріптестік аясындағы жүктелген бірқатар міндеттерге 2030 жылға дейін қол жеткізу көзделіп отырғандығын атап өтті. Оның айтуына қарағанда, есеп нәтижелеріне сай шығарындыларды (улы газ және т.б.) төмендету саясаты бойынша макроэкономикалық секторда оң нәтижелерге қол жеткізу күтілуде. 2033 жылдың соңына таман ІЖӨ өсім қарқыны базалық сценарийге қатысты 1,3 пайызға артатыны болжанады. Париж климаттық келісімін ратификациялаған жағдайда Қазақстан мұнай-көмірсутекті дамыту саласында айтарлықтай мүмкіндіктерге ие болмақ.
Сонымен қатар, министрдің айтуы бойынша, бұл жағдай ең алдымен ұлттық экономиканың барлық секторында энергия тиімділікті арттыру есебінен орын алады. Екіншіден, тиімділік жаңартылатын энергия көздерін дамыту есебінен, үшіншіден, орман мен жасыл желектерді дамытудан, төртіншіден, шығарындылар саласындағы жүйелі сауданы дамыту есебінен орын алатыны болжанады. Шығарындыларды төмендетудің ең ауқымды әлеуеті олармен саудаласу секторларында, соның ішінде электр мен жылу өндіру, мұнай және көмір өндіру саласында орын алып отыр.
Сондай-ақ, 2015 жылы елімізде электр энергиясы бойынша электр стансаларынан 91 млрд. кВт көлеміндегі энергия өндірілген. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш елімізде 130-175 млрд. кВт-қа жетеді деп күтілуде. Бұл ретте министр электр энергиясын өндіруді арттыру парникті газдар шығарындыларының ұлғаюына соқтырмауы қажеттігін нақтылай кетті. Осы орайда бірқатар шараларды уақтылы қабылдау қажеттігі пысықталып, біріншіден, жаңа технологияларды енгізуді жаңғырту керектігі және екіншіден, энергия стансаларындағы жаңартылатын энергия көздері және газбен жұмыс істейтін генераторлар үлесін арттырудың маңыздылығы аталып өтілді. Үшіншіден, энергия сыйымдылық пен электр энергиясын «жоғалтуды» төмендету қажет, деді Қ.Бозымбаев.
Энергия үнемдеудегі басым бағыттар жылу беру мен жылуды пайдалану және Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы аумағында болып отыр. Энергия сыйымдылықтың тиімділігін арттыру әлеуеті жылу энергиясын беру өндірісін қамтиды. Жылу бойынша жаңа қазандықтарды қолдану осы саланың тиімділігін 85-90%-ға арттыруға үлес қосады. Ал бұл көрсеткіш бүгінгі таңда 65-70% көлемінде, деді министр.
Министрдің айтуы бойынша, Париж климаттық келісімін іске асыру Қазақстан үшін маңызды міндеттердің бірі. Осы келісім базасында «жасыл экономикаға» көшу бойынша жол картасын әзірлеп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жүктелген. Энергетика министрлігі Париж климаттық келісіміне қосылуға бағытталған жүйелі шаралар мен «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын жүзеге асырып келеді. ЖЭК мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары «жасыл экономикаға» көшу бойынша Тұжырымдамада бекітілген ұзақ мерзімді саясатқа негізделеді. Жаңартылмалы және баламалы энергия көздерінің үлесін 2020 жылға қарай 3 %-ға, 2030 жылы – 30%-ға, 2050 жылға қарай – 50%-ға арттыру көзделеді.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан»