• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2016

Елорда: көшпенділер өркениетінің көрмесі

531 рет
көрсетілді

Кеше басталып кеткен елорда тойының ең қызықты бағдарламасына баланатын «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалін тамашалау барысында көңіл тебірентерлік талай тағылымды көріністердің куәсі болдық. «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық ор­та­­лығының оң қапталын ала қоныс теп­­кен экзотикалық этноауылға аяқ бас­қаннан-ақ ертегі әлеміне енгендей ежелгі заман елестеріне елітіп, ерекше күйге бөлендік. Ортасында еңселі орда орнаған ақшаңқан киіз үйлердің айналасы абыр-сабыр. Асатаяқты ақсақалдар, кимешегі қарқарадай кейуаналар, қыр­мызыдай құлпырған қыз-қырқын,  желік­кен жігіт-желең, бәрі осында. Бес қаруын беліне бай­ла­ған батырлар жүр балпақ-балпаң ба­сып. Екі метрден асатын еңсегей бойлы ер­лер­ді екі күннің бірінде көре бермейтін бы­лайғы жұрт олармен бірге суретке түсіп әлек. Естері кіргеннен атыс-шабыс ки­но­лар­дың атышулы кейіпкерлеріне елік­­тей­тін қарадомалақтарымыздың бе­тін бері қаратуға септігін тигізіп жат­са бол­­ғаны да мұндай баһадүрлер байқауы­ның. Қай жаққа қарасаңыз да қайнаған қызу еңбек, арқа-жарқа ағайын, ырду-дырду той-думан... Анау тұста ала­ша тоқып, текемет басқан әйелдер. Мына бұрышта ұршықтарымен жіп иіріп, жүн сабаған жеңгейлер. Әнебір жер­де қыштан құмыра құйып, сақина соқ­қан, қылпытып қылыш қайрап, дом­бы­ра­ның шанағын «домалатқан» қолөнер шебер­лері отыр жандарына талапты жас­тарды жинап алып. Жөн-ақ. Алдыңғы буын ағалар кейінгі толқын інілерді осы­лай­ша үйретпесе әріден тартылған алтын арқаудың үзіліп қалуы оп-оңай. Сон­дық­тан жақсы дәстүр жалғасса игі. Қара қайысты күміспен күптеп өмілдірік, құйысқан түйіп, айшықты ат әбзелдерін жасаған, таспа тіліп, қамшы өріп, ертоқым құрастырған жігіт ағасын аз-кем әңгімеге тарттық. – Аты-жөнім Жанболат Сүйімбай. Киелі Түркістаннан келдім. Басты мақ­сатым – ұлттық құндылықтарымызды ұлық­тап, ізімізді басқысы келетін іні­лерімізге біліктілік дәрістерін беру. Мәселен, мынау құранды ер өзіміздің өңірде өсетін көкталдан істелінген. Қаң­қа­сы түйенің мойнақ терісімен қап­талған. Одан әрі тапсырыс иесінің талғамына және қалтасына қарай әшекейленіп, қажетті қалыпқа келтіріледі. Әкем Тас­болат марқұм кәделі кәсіпке бала күнімнен баулыды. Бүгінде бұл отба­сым­ның күнкөріс көзіне айналды. Көр­кем­деу жұмыстарына келіншегім Гүл­зира көмектеседі. Он бес жылдан бергі көрген-баққаным осы. Бірсыпыра республикалық, халықаралық көрмелерге қатыстым. Былтыр бір айдан астам уақыт Абу-Даби қаласында болдым. Шейхтардың шақыруымен барған соң барымды салып бақтым. Арабтың шалдары мұңдарын шағып, өздерінде бұл өнердің жоғалып кеткеніне кейістік білдірді. Айтуларына қарағанда, арғымақтарын америкалық ковбойлардың ер-тұрман­дарымен жабулайтын көрінеді. Бауырым Есболат, балам Рамазан, шәкірттерім Бек­сұлтан мен Нұрсұлтан бәріміз тұтыну­шыларымыздың талап-тілектерін тап-тұйнақтай орындауға тырысамыз, – дейді ол бізге ағынан жарылып, Қаз-қатар жайғасқан ісмерлердің ара­сынан асқан ыждағаттылықпен кесте тігуге кіріскен апайдың епті қимылына еріксіз назар аудардық. Амандық сұрасып, анықтағанымыз, шыт-шыбырдың шырайын кіргізген кестешіміз Қытай Халық Респуб­ликасының Шыңжаң ай­ма­­ғы­нан атажұртына аңсап жеткен Күлия Қасенқызы екен. Қолындағы бізі­­­мен қолайын тауып тұскиіздің бетін тұтасымен түрлендіріп тастапты. Білуімізше, тұскиіздер бұрын жаңа­дан түскен келіндердің жаурамауы үшін төсектің ірге жағына ұсталынса, ке­йін­­нен келістіре өрнектеп төрге ілетін үрдіс қа­лып­тасқан. Қазір оны қала түгіл ауыл­дағы үйлерден көрмейтін жағдайға жеттік. Оңтүстікқазақстандық Меңшәріп Дәурен қарағаштың діңінен жонып алған қобызын сөреге қойыпты. Киелі аспапқа көбінесе музыка мамандары қолқа салатын сияқты. Ара-тұра бақсылар сұрайды. Әйтеуір әр тараптағы әлеуметтің қажетіне жарап тұрғаны сөзсіз. Астаналық атақты қолөнерші Берік Әлібай өзінің осынау үлкен жәрмеңке­ден тыс қалғанын базына қылып жет­кізді: «Маған ешкім хабарласпады. Әйтпесе әкелетін заттарым жеткілікті еді. Әйтсе де әлдекімдердің жіберген «әт­те­ген-айына» өкпелеп жатып алмай, алыс­тан-жақыннан атбасын бұрған әріп­тестерімнің базарлығын байқап шығуды жөн санадым». Ажарлы-базарлы ауылды аралағаны­мызда қолына қыран қондырған жігіттің айналасына жиналып қалған қалың қауымды аңғардық. Үлкен-кіші үздігіп түз құсына құмарлана қарайды. Соны сезген қарағандылық құсбегі Серік Әбдіразақ бүркіт баптаудың әдіс-тәсіл­­дері төңірегінде шетжағалап сыр шер­тіп қояды: «Ақсу-Аюлының азаматымын. Құс салып, тазы жүгіртіп саят құрғаныма жеті жылдан асты. Әкеміз бастап, үй-ішімізбен тегіс ата-салтымыз­ды ардақтаймыз. Қарын­дасым Мақ­пал Қазақстанның түк­пір-түкпірінде ұйым­дастырылған «Салбурын» бәйге­лерін­де сан мәрте олжа салып жүрген кәнігі бүркітші. То­ма­ғасы сыпырылмай торыққан мынау «Сарыарқам» төрт рет қасқырға түсіп, қан­жығамды майлаған сайыпқыран», деп жымың-жымың етеді сабазың мақ­танышын жасыра алмай. Арнайы бөлінген алаңқайда ат ойнат­­қан Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері Жай­дарбек Күнғожинов жетек­шіл­ік ететін әйгілі «Номад» каскадерлер тобының өнеріне қошеметпен қол соқ­пағандар кемде-кем. Өзіміздің «Қазақ­фильмнің» «Көшпенділерінен» бастап Ресей, Голливуд, Боливудтың кинотуындыларында көрерменнің көздерін шарасынан талай шығара жаздаған шытырман трюктердің авторы атанған аса әбжіл шабандоздар бұл жолы да аянып қалған жоқ. Астарындағы арғы­мақтары да ауыздықтарымен алыс­қанмен тақымы тастай берік иелерінің әмірін екі етпей­ді. Ақмылтық ақын Серік Ақсұң­қар­ұлы: «Эпосы, эпопеясы қы­рат­тарым­ның, тұяқтарымен жазыл­ған пы­рақ­тары­м­ның», деп ағыл-тегіл жыр­лаға­нын­­дай жылқыны жанын­дай жақ­сы көр­мейтін, қырдан қиқу шық­са қаны қыз­бай­тын қазақ бар ма?! Осы ойы­мыздың айғағындай «Көкпар», «Ауда­рыспақ», «Қыз қуу», «Жамбы ату» секіл­­­ді ұлттық ойындардан көр­сетіл­ген шоу әркімге ұмытылмастай әсер сыйлады. Құмырсқаның илеуіндей құжына­ған қалашықта бүгінде ұмытыңқы­рап кеткен кейбір салт-дәстүрімізбен, әдет-ғұмырыптарымызбен қайта қауыш­қаны­мыз қандай ғанибет. Көшпелі музейлерге бас сұқсаңыз, атақты рес­тавратор Қырым Алтынбеков қайта қалпына келтірген «Алтын адам», «Сармат жауынгері» сынды көне жәдігерлерімізді көріп, баяғыда бақуат­ты өмір  сүрген бабалары­­мыз­дың бай мұраларымен таныса­сыз. Ерте, ерте, ертеде ата-бабаларымыз қан­дай бол­ғанын білгісі келген жандар­дың «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты фестивальдің аясындағы мәдени шараларды бір көріп кеткенін қалар едік. Мұнда енді екі-үш күн бойы елорда­лықтар мен қала қонақтарын алты Алашқа мәшһүр әнші, күйші, бишілер, этнографиялық топтар сахна төрінен сазды сәлем жолдамақ. Ендеше, ен жайлау – Есіл жұртқа көшіп келген ежелгі дәуір ғажайыптарымен дидарласуға асығайық! Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар