Францияда өтіп жатқан футболдан Еуропа чемпионаты үздіктердің медальдарды өзара бөлісіп алатын жартылай финалдық кезеңіне жетті. Оны 30 маусым күні Польша – Португалия арасында өткен бірінші ширек финалдық матч бастап берді. Футбол жанкүйерлері содан бергі аралықта Уэльс – Бельгия, Германия – Италия және Франция – Исландия кездесулерінде қай құрамалардың шешуші шеңберге бет алатынын тамашалады.
Біз жоғарыдағы ойындардың біріншісі туралы өткен жолы жазғанбыз. Ал ендігі шолудың басы болғалы тұрған Уэльс – Бельгия ұшырасуы чемпионаттағы тағы бір сенсацияны өмірге әкелді. Былайынша, әлемдік рейтингіде Аргентинадан кейінгі екінші орыннан жай тауып, атынан ат үркетіндей болып тұрған, турнирде тур асқан сайын еті қызып, шабысы арта түскені білініп келе жатқан Бельгия бұл жолы бәйгені «шаппайбермен» алатындай көрінген. Бірақ олай болмады, «қызыл перілер» бұған дейін ағылшындар түскен қақпанға тап келіп, валлиліктердің қарсы шабуылдарына арандап қалды.
Шілденің 1-і күні Лилльде өткен бұл ойынның дебюті бельгиялықтарға біраз басымдық берді. Көрермендер бірінші голды 13-минутта көрді. Оны жартылай қорғаушы Радж Наииглоан айып алаңының сыртынан ұрып түсірді. Қорғаушылар қалқанынан оны кеш байқап қалған Хеннеси допқа қарай кейіндеу секірді. Сөйтіп, жұрт күткендей, Бельгия алға шықты. Дегенмен, өткізіп алған гол валлиліктерді оншалықты абыржыта алмады. Олар соған дейінгі ұстанған ойындары ұстынынан айырылған жоқ, қолайы келе қалған тұста тайлы-таяғымен атқа қонып, шұғыл қарсы шабуылға көтеріліп тұрумен көрінді. Бұдан көп ұзамай нәтиже де шығарды. Алдымен Нил Тэйлор қақпа алдында мүлт кетті. Есесіне, содан кейін берілген бұрыштама добын команда капитаны Эшли Уильямс керемет кәдеге жаратып жіберді. Бұл жолы қақпашы Тибо Куртуа алдыңғы реттегідей оның жолына кедергі бола алмады.
Екінші таймда да ойынның суреті өзгерген жоқ. Осы тұстарда бельгиялықтар бұрынғысынша негізінен еңкулетіп жорық жолында жүрді де, уэльстіктер тасадан тарпа бас салып тұрды. Бір қызығы, гол соққандар шабуылдағылар емес, қорғаныста жүргендер болды. Хал Робсон-Кану әдемілігі жөнінен тіл жетпейтіндей гол соқты. Ол айып алаңында қабылдап алған добын өкшесімен ойнатып алып, бұрыла берді де, шірене тартты. Гол! Осылайша Уэльс матчта бірінші рет алға шықты. Арада бірнеше минут өткенде, белгиялықтар тағы да бір гол салып кете жаздады. Сөйтіп, Уильямс дубль жасау мүмкіндігін жіберіп қойды. Валлиліктер бұдан кейін де қысым жасауларын тоқтатқан жоқ.
Бельгия құрамасы тек 70-минуттардан кейін ғана есін жиды. Осы кездері Феллайни гол салып кетуге сәл қалды. Оның жолын Бен Дэвис кесіп кетті. Бұдан кейін екі жақтың алма-кезек шабуылына жол берілді. Солардың бірінде Джеймс Честер оң қапталмен ағып келіп, қақпа алаңына әуелете доп жөнелтті. Оны Сэм Воукс баспен қақпа торына қарай сарт еткізді. Осылайша есеп 3:1-ге жетті.
Шілденің 2-сі күні Бордода Германия мен Италия шайқасты. Негізінен финалға бергісіз болып ойналған бұл кездесуді шынында шайқас деп атауға болады. Бұл жерде ерекше тоқталып өтетін бірнеше жағдай бар. Солардың біріншісі – Германия құрамасы бұған дейін Италия командасын ресми матчтарда бірде-бір рет жеңіп көрмеген еді. Ол ойыннан кейінгі пенальти сериясынан болса да, осы жолы сол үрдістің үзеңгісін үзіп жіберді. Екіншісі – бұл құрамалар ойыннан кейінгі пенальтилердің саны жағынан Еуропа чемпионатында 36 жылдан бері мызғымай тұрған рекордты қайталады. Ойыншылардың тап осылайша 18 рет «нүктеге» келуі 1980 жылы Чехословакия мен Италия арасында өткен матчта тіркелген. Бір қызығы, сол серияда да итальялықтар жеңіліс тапқан болатын.
Ойын алғашқы минуттардан-ақ екі команданың да шабуылдан гөрі қорғанысқа көбірек көңіл аударатындарын байқатты. Мұны итальялықтардан күтуге әбден болса да, немістердің әсіре сақтығы таңғалдырды. Соған қарамастан, ойынның тізгіні Йоахим Лёв жігіттерінің қолында тұрды. Ал өздерінің әдеттегі мәнерінде ойнаған Антонио Конте сарбаздары 32-минутқа дейін өздері үшін туатын қолайлы сәтті күтумен жүрді. Олар сол қапталдың бойымен қауіпті шабуылға қанат байлатты. Сол сәтінде қорғаушы Маттиа Де Шилоның немістер қақпасы алаңына тастаған добын бәрінен бұрын Жером Боатенгтің іліп әкетуі бір қатердің бетін қайтарды. Мұның соңын ала Марио Гомес пен Томас Мюллер итальян қақпашысы Джанлуиджи Буффонның қырағылығын сынап көрді. Тайм соңында итальялықтар тағы бір қауіпті шабуылға ерік берді.
Расы керек, ойында допқа егелік ету жағынан Германия қарсыласынан едәуір басым болғанымен, қақпаға туралап қауіп төндіру жағынан одан көп асып кете алған жоқ. Немістер бір-бірлеріне қайта-қайта доп жөнелтіп, итальялықтар айып алаңының шеңбері сыртын торуылдай беруге көп уақыт жоғалтты. Ал бір сәт бұрқ етіп көтеріліп, сарқ етіп төгілетін қауырт шабуыл жоққа тән еді. Олар кездесудегі жалғыз голдарын 65-минутта қақпашы Мануэль Нойер лақтырып жеткізген добын Гоместің айып алаңына кірген Йонас Хектордың алдына шығарып беруі арқылы салды. Сол допты қақпа алдында алған Месут Озил мүлт кетпеді. Арада 3 минут өткенде Гоместің өзі гол соғып кете жаздады. Мұның есесіне, немістерге жау жоқ жерде Боатенг өз жағына гол салдырып берді. Айып алаңы ішінде екі қолын бірдей шапаттап көкке көтеріп тұрған ол пенальтиді құдайдан өзі сұрап алғандай болды. 78-минутта «нүктедегі» соққыны голға айналдыра білген Леонардо Бонуччи осылайша күтпеген жерден есепті теңестіріп кетті.
Қарсыластар бұдан кейін негізгі уақытты есеп өзгермеген қалпы ақырына дейін апарып, экстра-тайм ойнауға да мәжбүр болды. Онда да таразы басының теңдігі аумады. Ал талай жүйкені тоздырып, бірер ойыншыны қапыда қалдырған пенальтилер сериясы екінші айналымға ауған кезінде немістердің бағын жандырып жіберді. Ол 6:5 болып аяқталды.
Шілденің 3-і күні түнде чемпионатта сенсация жасағандардың бірі – Исландия құрамасы француздардың алдында шындап емтихан тапсырды. Бірден айта кетейік, арал – мемлекеттің командасы бұл сынақтан өте алмады. Мұндағы мәселе оның осы кездесудің қорытындысында жартылай финалға шыға алмай қалуында емес, гәп исландтардың үш түсті жейделілермен ұшырасуда соншалықты қауқарсыздық танытуы турасында болып отыр. Бұған бұл кездесудің бірінші таймының 4:0 болып, Франция пайдасына шешіліп тұрғанының өзі айғақ. Осы уақыт аралығында Дидье Дешамның Оливье Жиру (12-минут), Поль Погба (20), Димитри Пайе (43) және Антуан Гризманн (45) сынды шәкірттері қарсы жақтың қақпасы торын айқұш-ұйқыш соққылармен айғыздап тастады. Екінші таймның 59-минутында Жиру тағы бір гол салып, дубльге қол жеткізді. Соған дейін (56) исландтар Колбейнн Сигторссонның мергендігімен бір доптың қарымтасын қайтарған. Ойындағы соңғы нүктені де олар Биркир Бьярнасонның күшімен 84-минутта қойды. Сөйтіп, матч 5:2 деген есеппен аяқталды. Дегенмен, құрлық чемпионатының дебютанты болып отырған Исландия құрамасының ширек финалға дейін жетуінің өзі зор табыс. Мұны осы матч басталар алдында сол елдің президенті Рагнар Гримссон да әлденеше рет айтып өткен болатын.
Енді алда – жартылай финалдық ойындар. Олар 6 шілдеде Португалия мен Уэльсті, 7 шілдеде Германия мен Францияны жасыл алаңға шығарады.
Финалдық ойын 10 маусым күні ойналады.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»