• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2016

Ұлы Дала мұратын ұлықтаған фестиваль

345 рет
көрсетілді

Астана күніне орай елордадағы Абай ескерткішінің алдында ашық аспан аясында ерекше мерекелік шара өтті. «Ұлы Дала, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы, Мәңгілік Ел – Тәуелсіз Қазақстан!» тақырыбымен өткен кітап және поэзия фестивалін қала әкімдігі мен «Нұр Отан» партия­сы және Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған болатын. Бұл шара бабадан қалған байтақ даламызда бағзы заман мен болашақтың арасындағы нәзік байланысты үзіп алмауға және кеше мен келешектің арақатынасындағы рухани құн­­дылықтарды қайта жаң­ғыр­­туға негізделді. Ұрпақтар сабақ­тастығын ұлықтай отырып, руханиятты дәріптеуге арналған алқалы жиын ұл­тымыздың ұлы кемеңгері Абай Құнанбайұлының рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Ізгілікке үндейтін игі істің басты ұйымдастырушылары басқосуға Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, қазақтың ай маңдайлы ақын қыздарының бірі – ақын Марфуға Айтхо­жинаны Алматыдан арнайы шақырыпты. Қала қонақтары мен қалың бұқараға арналған фестивальдің жалпы нобайы кесек-кесек бес бөлімнен құ­ралған. Со­­­ның ал­ғашқысы ре­тінде сахна шы­мылдығы поэзия падишасы Фариза Оңғар­сынованың «Өлең­дер жинағы» кітабының ресми тұсаукесерімен ашылды. Көзі тірісінде қаламдас құрбысы ғана болып қоймай, жан сарайын жан-тәнімен түсініскен досы Фариза жайлы естеліктермен бөліскен  Мар­­фуға апай қайсар қазақ қызы­ның тағы бір өлең­дер жи­нағының жарық кө­руімен оқырман қауымды құттықтады. Фестиваль бағдарламасының келесі кезеңі «Абайдың рухы» мен «Алты Алаштың арысы – Әлихан Бөкейхан» деген атау­лармен жалғасын тапты. Мұн­да Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры әртістерінің сахналауымен Абай Құнанбайұлы мен Әлихан Бөкейханның өмірі мен шығармашылығынан теа­трландырылған көріністер қой­ылды. Астана күніне орай арнайы ұйымдастырылған мере­ке­лік шараның келесі бөлімі «Жыр­лайды жүрек» деген атаумен М.Мақатаевтың 85 жылдығына арналған әдеби-музыкалық композициямен өрбіді. Жас ақындар Мұқағали өлеңдерін оқып, әндерін нақышына келтіре орындады. Ал «Әдебиет әлемінің мақтаныштары» айдарымен өт­кен әдеби-ақындық вернисажда шығармалары арқылы гүлденген Қазақстанды, оның жетістіктері мен тарихын жырлаған қалам иелерімен көрермендердің ер­кін сыр-сұхбатына ұласты. Осы­лайша, шағын форматта ақын-жазушылардың оқыр­ман­дармен өткен кездесуіне бел­сенді қатысушылар арнайы естелік, сыйлықтармен мара­пат­­­талды. Сонымен қатар, шара аясында «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы мен Орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесі бірлесе ұйым­дастырған «Елдіктің терең тамыры» атты «Әлихан Бөкейхан оқуларының» жеңімпаздары да анықталып, жеңімпаздарға сый-құрметтер көрсетілді. Ал Абай ескерткішінің ал­дын­дағы алаңқайда ұйым­дас­тырылған кітап баспаларының жәрмеңке-көрмесі мерекенің ажарын аша түскендей. Өйткені, «Ұлы Дала, ұлт мұраты, ұр­пақ болашағы, Мәңгілік Ел – Тәуелсіз Қазақстан!» атауымен көркем безендірілген кең көлемді кітап көрмесі төрт бөлімге негізделген болса, оның ерекшелігі сол «Ширек ға­сырлық белестер», «Еңселі елорда, асқақтаған Ас­тана», «Ұлы мақсаттар мекені» және «Қаламы қанатты тұлғалар» айдарымен айшықталған көр­медегі кітаптардың оқырман қауымға үлес­тірілуі еді. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар