Он екі мүшесі сау адамдардың арасында да әлі күнге масылдық пиғылдан арылмай жүргендер бар. Оларға Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында тұратын Бақытбек Өтемұратовтай азаматтардың басқаға алақан жаймай, нарыққа сай тіршілік жасап жатқаны үлгі-өнеге болса игі.
Бақытбек І топтағы мүгедек. Қос жанары бірдей көрмейді. Бірақ, соған қарамастан, мүгедекпін деп қол қусырып қарап отырған жоқ, арнайы рұқсат алып, уқалау орталығын ашты. Бүгінде бұл орталыққа келушілердің қарасы қалың.
Аудан әкімі Алмасбек Мамытбеков Бақытбектің үйінде болып, жұмыс орнымен танысты. Халыққа жасап жатқан ақ-адал қызметі үшін алғыс айтып, жұмысына қажетті компютерлік құралдарды сыйға тартты. Бұл да болса кәсіпкер үшін үлкен көмек.
Әңгіме барысында Бақытбек уқалау орталығымен шектеліп қалмай, «Ырыс» несие мекемесінен төмен пайызбен қаржы алып, Темірлан ауылынан емдеу-сауықтыру кешенін салып, оны таяу уақытта іске қосатынын айтып қалды.
Асқар ОМАРХАНОВ,
журналист
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Ордабасы ауданы