– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының темірқазығы
Өткен жылы 24 қарашада түріктер шекарамызды бұзды деген айыппен Ресейдің ұшағын атып түсірді. Бұдан кейін екі ел арасындағы жағдай мықтап шиеленісті. Саяси қарым-қатынас ғана емес, экономикалық, қоғамдық байланыстар да үзілді. Бір-біріне қатқыл айыптаулар айтылды. Бұл кетісу екі жаққа да қатты тиді. Бүкіл Еуропаның санкциялық кәріне ұшыраған Ресейге Түркиядай үлкен елдің экономикасы керек-ақ еді. Бірақ қатты бет тырнасқан соң, экономикалық байланыс тоқтаған. Сірә, бұл өзінің айтарлықтай ішкі қоры бар Ресейден гөрі Түркияға қатты тигендей, өндірген өнімін шығаратын рыногынан, ағылып келіп жатқан туристерінен айырылды.
Өткен аптаның басында Ресей және Түркия мемлекеттері арасында біршама жылылық пайда болып, өзара қарым-қатынас жақсаруға бет алды. Бұған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі аз болған жоқ. Бұл туралы күні кеше телесұхбат берген Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып өтті. 29 маусым күні Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған Қазақстан басшысына арнайы телефон шалып, оған Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың арнасын қалыпқа келтіру жолында сіңірген баға жетпес еңбегі үшін алғыс сезімін жеткізді. Бірі құдай қосқан алып көрші, бірі түбі бір туыс ел тату болғанға не жетсін?!
Түркиядағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, Түркиядағы таралымы 140 мың дананы құрайтын «Milliyet» газеті «Бұл тұлға іске араласты: Ердоған мен Путин әңгімелесті» атты материал жариялады. Мұнда Қазақстан Президентінің Түркия мен Ресейдің ымыраға келуіне қосқан рөлін жоғары бағалайды. Сонымен қатар, «Önce Vatan» газетінің тілшісі Кемал Саллының қаламынан туған «Сізге шексіз алғыс, құрметті Н.Назарбаев» атты мақала жарық көрді. Аталмыш мақалада Анадолы жерін мекендеген 78 миллион «қазақ жұрты» атынан Елбасы Н.Назарбаевтың ұстанған саясаты мен еларалық дәнекерлігіне ризашылық білдіріліп, Қазақстанның қарқынды дамуы туралы сөз етіледі.
Түркияның рейтингі жоғары «sondakika.com» және «haber7.com» ақпараттық порталдары болса «Ол Ердоған мен Путинді татуластырды», «Түркия мен Ресей арасындағы сеңді бұзған», сондай-ақ, «Құттықтау және алғыс айту үшін Назарбаевқа соғылған қоңырау» атты мақалаларын жариялады. Аталған материалдарда «Түркі әлемінің Ақсақалы» ретінде танылған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Ресей мен Түркия арасындағы дағдарыстың басынан-ақ оны өткеру жолдарын қабылдағаны туралы жазылған. «2016 жылдың 6 ақпанында Түркия Премьер-министрі А.Давутоғлуны Астанада қабылдаған Елбасы Н.Назарбаев бұл жағдайдың Қазақстанға да зардабын тигізіп жатқандығын жеткізді», – делінген. Әрі қарай Қазақстан басшысының іске кіріскені жайлы жазылды. Қарым-қатынас ушыққан кездері ол тараптарды сабырлылыққа шақырды. Дипломатиялық тәсілдерді қолданды», – деп атап өтті басылым.
Кейбір түрік сарапшылары Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты реттеу Қазақстан Президентінің қолынан ғана келетіні жайлы болжап айтқан. «Ankara politikalar merkezi» атты сараптамалық орталық директоры Хасан Қанболат «Cihan» агенттігінің сайтында 2016 жылдың 22 қаңтарында ағылшын тілінде жариялаған өзінің авторлық «Түркия мен Ресей арасындағы шиеленіс Назарбаев басшылығымен тарқатыла алады» атты мақаласында халықаралық қатынастар жүйесіндегі Қазақстанның орны мен рөлін атайды. Сонымен қатар, ол Қазақстан Президентінің әлемдік аренадағы беделі әсіресе, Түркия мен Ресей арасындағы шиеленіске байланысты дәнекер болуға мүмкіндік беретінін айтады.
«Karar» газеті «Ақсақал ықпал етіп, Ресеймен қарым-қатынасты жақсартты» атты ақпараттық материал жариялады. «Түрік – ресей қарым-қатынастың қалыпқа келуіндегі сахнадан тыс жағдайлар белгілі болды. «Түрік әлемінің Ақсақалы» ретінде танылған Елбасы Н.Назарбаев Түркия мен Ресей арасындағы қатынастың одан әрі ушығуына жол бермеді» деп жазды басылым.
Осылайша, Түркия бұқаралық ақпарат құралдарының алғашқы беттерінде жарияланған осындай материалдарда Қазақстан Президенті түрік – ресей қарым-қатынасының қалыпқа келтіру бастамасын көтергені туралы жазылған. Жалпы, түрік-ресей қарым-қатынасының реттелу мәселесі Түркияда қызу талқылануда.
Соңғы күндері Қазақстан елшілігіне Түркияның түкпір-түкпірінен туризм және ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшылар мен іскер топтардың өкілдері телефон шалып, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа алғыс айтуда. Бұл Қазақстанның және Қазақ елі басшысының жеңісі деп бағалауда.
Ал өткен аптаның соңында Украина Президенті Петр Порошенко Қазақстан басшысына шығып, өз елінің оңтүстік-шығысында орын алып отырған дағдарысты шешуге қайта араласып, араағайындық қызметін жалғастыра беруді өтініп сұрады. Мұның алдында, сәуірдің басында Таулы Қарабақта соғыс өрті кенет бұрқ ете түскенде, Ресей Президентінен бөлек, сол ұрыс қимылдарына тікелей қатыстары бар Әзербайжан мен Арменияның басшыларын да Елбасы келелі кеңес келтіріп, бітімгерлік жасауға үндеген еді. Осының бәрі Қазақстанның және оның Президентінің алыс және жақын шетелдердің арасындағы биік беделін, араағайындық қызметінің нәтижелілігін көрсететін мерейлі мәртебе деп тұжырым жасауға болады.
Таулы Қарабақта қанды қырғын сол күндері бірден тыйылым таппағанмен, біртіндеп басыла түсіп еді. Қазіргі күндері екі жақ та саябырға сабыр бекіттіріп, бітімге беттеудің шараларын қарастырып жатыр. Оның жақын арада біржола түбегейлі шешімге келгелі тұрғанына сенім бар, күдіктен гөрі үміттің оты көбірек маздап тұр. Мұнда тумысынан бітімгерлік билікке жақын қазақ халқының көш бастар көшелі тұлғасы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған мәмілегерлік міндет-қызметі аз болған жоқ. Расында Елбасының тұлғасынан, болмысынан бір кездері билер бітім айтқан дала заңының дарқан дипломатиялық дарыны кеңінен көрінеді. Біздің сонау Дешті Қыпшақ, Алтын орда, Жошы ұлысы, Әбілқайыр ордасы, Ноғайлы билігі, Қазақ хандығы дәуірлерінде қара қылды қақ жарып, үкім шығарған қабырғалы қазыларымыздан бері қанат жалғап келе жатқан сыртқы-ішкі саясатымыздағы шешімнің түп мазмұны ерегісіп-жауласқан екі жақты ымыраға келтіріп, бітімге көндіру болатын. Ал біздің бітімгерлеріміз халық пен ханның, тайпа мен тайпаның, ел мен елдің ортасында дәнекер, мәмілегер, бітістіруші, үйлестіруші, делдал, елші қызметтерін атқарған. Сондықтан қазақ «Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» деп білген.
Бір ғажабы, Қазақстанмен етене араласып жүрген мемлекеттердің бәрінің дерлік басшылары белгілі бір аймақта немесе белгілі бір елдер арасында туа қалған әлдеқандай өзекті мәселелерді, түйінді түйткілдерді шұғыл шешу, оған ықпал ету керек бола қалған жағдайда көбіне-көп сол халықтың бүгінгі шоқтығы биік, өнегелі өкілі Нұрсұлтан Назарбаевқа сөз салып, бұйымтай жеткізіп тұруды біраздан бері дәстүрге айналдырып келеді. Бұл біздің көзімізді Нұрсұлтан Әбішұлының әйгілі Ақтамберді жырау толғаған нағыз «қиуадан ақыл алатын, қиыннан айла табатын» тұлға екеніне жеткізе түседі. Бұған әлемдегі бүгінгі таңдағы ең қуатты держава – АҚШ-тың Президенті Барак Обаманың 2014 жылдың наурыз айынан бері Қазақстан басшысына бірнеше рет телефон шалып, Ресеймен арада орын алып отырған дағдарысқа байланысты кейбір мәселелерді шешіп беруге ықпал етуді сұраған өтініштерінің өзі нақты айғақ бола алады. Құрама Штаттардың лидері Украинаның оңтүстік-шығысында қалыптасып отырған ахуалға орай да сан мәрте хабарласып, осы мәселенің түйіні тиімді болып тарқатылуына үлес қосуға тілек білдірген болатын.
Осы жерде ойға оралып отыр, 2014 жылдың желтоқсан айында Франция Президенті Франсуа Олланд украин дағдарысын реттеу жөнінде ақылдасу үшін Астанаға ұшып келіп, содан соң Алматыда болып, Нұрсұлтан Назарбаевпен әңгімелескеннен кейін әуелгі бағытын кілт өзгертіп, қайтар жолында Мәскеуге аялдап, Владимир Путинмен де қабырғалы кеңеске бет бұрған еді. Ал 2015 жылы қараша айында Парижде болған кезде Франсуа Олланд Елбасын жылы қарсы алып, «Норманд пішіміндегі» кездесуге араағайындық жеке күш-жігерін жоғары бағалады. Ал мұндай дәнекерлік деректері Елбасының мемлекет басқарудағы қызметі кезінде аз кездескен жоқ. Соның бірі – 2015 жылғы қазанда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Петр Порошенконың көзін елде тыныштық пен тұрақтылықты сақтауды қалыптастырмай, мықты мемлекет құрудың мүлдем мүмкін еместігіне жеткізді. Сол жылғы маусым айында Астанаға әлем және дәстүрлі діндердің V съезіне қатысуға келген Иордания королі Абдалла II-нің Қазақстан басшысына қарата айтқан: «Мен үшін Сізбен кездесіп, Сіздің жер-жаһандағы ахуалды қайткенде бәріміздің күшімізбен жақсарта түсетініміз жайында айтатын ақылыңызды алу қашанда бір ғанибет. Мен ұзақ жылдардан бері Сіздің аймақтағы бітімгерлік мақсаттағы, халықтар мен діндер арасын жақындатудағы әрекеттеріңізді қатты қайран қалып бақылап келемін», деген сөздеріне бас имеске болмайды.
Осы жерде еске түсіп отыр, әйгілі Досбол би айтатын: «Бәрінен де сөз бастау қиын, тауып айтсаң – мереке қылады, таппай айтсаң – келеке қылады», – деген қағидатты жадында мықтап ұстап өскен халықтың өкілі Нұрсұлтан Назарбаев мұндай от пен судың оябында жүргендей бітімгерлік қызметті республика Президенті болып сайланған алғашқы кезінен-ақ бастаған еді. Біз мұның ілкі басы жоғарыда айтылған Әзербайжаннан, сондағы Таулы Қарабақ өңірінен арна тартатынын да тарқатып айтып өтейік. Ақиқаты керек, Қазақстан басшысы Әзербайжан мен Армения арасында Таулы Қарабақ үшін кенеттен көтеріліп кеткен дау-жанжалдың ең бірінші бітімгерлерінің бірі болып табылады. Қазіргі мемлекеттер басшылары мен саясаткерлер қатарында онымен бұл жөнінен мерзім жарыстырып, тәжірибе салыстыра алатын бірде-бір тұлға жоқ. Ал атыраптағы атыс 1988 жылдың ақпан айында Әзербайжан республикасы құрамындағы Таулы Қарабақ автономиялы облысы мен Шаумян ауданының одан бөлініп шығатындарын жариялаған кезінен басталды. Бұл текетірес 1991 жылғы 2 қыркүйекте Таулы Қарабақтың орталығы – Степанакерт қаласында жергілікті кеңес депутаттары автономиялы облысты тәуелсіз мемлекет деп жариялаған қаулы қабылдағаннан кейін бұрынғыдан бетер ушыға түсті. Енді барған сайын қарқын ала бастаған қанды қырғынды сырттан ықпалды күштер араласып, тоқтатпаса болмайтындай күн туды. Екі жақ ымыраға келуден, бір-бірін тыңдаудан қалды. Сол кезде ынталы топ тізгінін Ресей Президенті Борис Ельцин мен Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірлесе қолға алды. Екі республиканың басшылары Баку, Степанакерт және Ереван қалаларында қыркүйектің 20-23-і күндері болып, Әзербайжан, Таулы Қарабақ және Армения республикалары басшылығымен келіссөздер өткізіп, аймақта жоғары деңгейдегі бірінші бітімшілік миссиясын жүргізді. Осыған байланысты өткен кездесулер өте-мөте ауыр жағдайда өрбіді. Себебі, аймақтың сонау кеңес өкіметі алғаш құрылған кезден бері қалыптасып, бүгінге дейін әбден қордаланып қалған, шешуін таппаған проблемаларын бір-ақ сәтте, бір ұйғарыммен шеше салу әсте мүмкін емес-тін. Сондықтан осы күндері Қазақстан делегациясы құрамында сол сапарда болған «Егеменді Қазақстан» (басылымның сол кездегі атауы – Е.Қ.) газетінің тілшісі: «Бұрын орталық та, орталықтың ең басты тұлғасы М.С.Горбачев те түсінбеген, түсінуге тырыспаған алауыздық сырын табуды, оны реттеу жолын іздеуді Б.Ельцин мен Н.Назарбаев бірлесіп қолға алды», – деп ақиқатын ашық жазды. Өйткені, саяси қайраткерлігі мен адамгершілік қасиеті қатар танылған Ресей мен Қазақстанның басшылары кешегі кеңістіктің бір қиырында адам қаны төгіліп жатқанда, өз республикасында байыз тауып, тыныш отыра алмаған еді.
Осылайша өз бастамаларымен араағайындық миссияны қолға алған Ресей Президенті Борис Ельцин мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сапарларын Әзербайжан астанасы – Бакуден бастады. Мұнда олар Әзербайжан Президенті Аяз Муталибов бастаған республика басшыларымен етене отырып, егжей-тегжейлі пікір алмасты. Түнге дейін созылған келіссөз екі Президентті біраз шаршатып тастаса да, олар келесі күні таңертең ертемен Таулы Қарабақтың орталығына шұғыл аттанды.
Алдымен жергілікті жұрттың өкілдері сөйлеп, өздерін толғандырып отырған мәселелерді жайып салды. Соңынан Борис Ельцин мен Нұрсұлтан Назарбаев сөз алып, жиналған халықты сабыр мен шыдамдылыққа, ақыл-парасат пен ұстамдылыққа шақырды. Әңгіменің негізгі арқауы қайткен күнде де аймақтағы қанды қасапты тоқтатуға бағытталды. Қалған жайттарды кейінгі келіссөздердің барысында біртіндеп шешіп алуға болады.
Сол күні түс ауа Президенттер Арменияның астанасы – Ереван қаласына ұшып келді. Бұл жердегі жиын әлемдік деңгейдегі ауқымға дейін көтеріліп кеткендей. Оны жер жүзінің көптеген елдерінен келген журналистер қарасының тіпті көп болғаны анық аңғартты. Бітімгерлер мұнда тек Армения Президенті Левон Тер-Петросянмен және оның командасымен ғана емес, сонымен қатар КСРО Қорғаныс және Ішкі істер министрлерімен жабық есік жағдайында екі кездесу өткізіп үлгерді. Бұлардың бәрінің соңғы түйіні 23 қыркүйек күні Ресейдің Железноводск қаласында өткен басқосуда шығарылды. Оған Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Армения және Таулы Қарабақ республикаларының басшылары қатысты. Оның қорытындысы бойынша «Ресей Федерациясының Президенті Б.Н.Ельцин мен Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бітімшілік сапарының қорытындылары туралы Бірлескен мазмұндама» қабылданды. Мұндағы басты түйін Әзербайжан және Армения республикаларының ішкі істеріне сырттан әлдекімдердің араласуға құқығы жоқ екенін атап көрсету болды. Осы арқылы Одақтың сол кездегі Президенті Михаил Горбачевтің бұған араласа алмайтыны ишара етіліп, мәселенің алды алынды. Не болғанда да, жағдайды тараптар өздері қарастырып, шешулері тиіс. Сол тұста КСРО Президентінің Таулы Қарабақтағы мәселені ретке келтіру мақсатында жарлық дайындап жатқаны белгілі болған. Осыған орай Железноводскіде Н.Назарбаевтың журналистер алдында «бұл жарлықтың енді қажеттілігі жоқ» екенін айтып, «өздерінің араларында туындап отырған мәселені тәуелсіз екі республиканың өздері шешетінін» жеткізуі де үлкен батылдық пен байламды пікірдің үлгісі еді.
Бұл бір шынында да өте біліктілік пен ыждағаттылықты қажет ететін аса жауапты миссия болды. Оның барысында Қазақстан Республикасының басшысына үлкен сынақтардан өтуіне тура келді. Солардың бәрінен Нұрсұлтан Назарбаев сүрінбей өтті. Рас, бірінші бітімгершілік сапарынан соң Қарабақтағы қанды қырғын бірден тоқтай салған жоқ. Бірақ ол бұдан кейінгі осы төңіректегі барлық келіссөздердің негізгі желісін тартып берді. Ендігі жерде тараптар өздері ұстанатын бағыттарды айқындап алды. Арада бір жыл өткеннен кейін Елбасы тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің тұңғыш Президенті ретінде Алматыда тағы бір бітімгершілік жиынын өткізді. Алатау баурайындағы қалада 1992 жылғы 27 тамызда өткен бұл кездесуде Қазақстан, Әзербайжан және Армения елдерінің Сыртқы істер министрлерінің қатысуларымен үшжақты келісімге кезек берілді. Жиынды ашқан Нұрсұлтан Назарбаев тағы да өзінің туабітті бітімгер екенін байқатты. Алқалы жиынды ашардағы сөзінде ол дәл қазір мәселенің бұл текетіресте кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін анықтауға тіреліп тұрмағанын, бұл үшін едәуір уақыт пен күштің керек болатынын, сондықтан бүгінгі таңдағы басты міндет қақтығысты тоқтатудың нақты жолдарын іздестіру екенін атап өтті. Соңында Әзербайжан мен Армения Сыртқы істер министрлері Қазақстан Президентіне бітімгершілік қызметі үшін алғыстарын білдірді. Келіссөздің қорытындылары бойынша олар 1992 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ұрыс қимылдарын тоқтатуға әзір екендерін мәлімдеді.
Осының бәрі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаттағы нағыз бітімгерлік беделін айқын аңғартады. Біздің Мемлекет басшысы бұдан кейінгі жылдары Таулы Қарабақта 22 жыл бойы бейбіт тіршіліктің орнауына осылайша себепкер болды. Елбасы сол бітімгершілік позициясын осы жолы да танытты. Осы дәнекерлік дергейде атқарылған жұмыстардың көне Қарабақ жерінде қайтадан тыныштық орнауына тағы да үлес қосып отырғаны анық.
Мемлекет басына келгеннен өзінің бітімгерлік және бейбітшілік сүйгіш ұстанымын айқын танытқан Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің таңы жаңа ата бастаған шақтан-ақ, қуаты жағынан әлемде төртінші әлеует болып келетін ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы арқылы да тарихта есімін қалдырды. Осы жылдарда Президент жер-жаһан жылнамасында тұңғыш рет қатарынан бес мәрте өткен әлемдік әрі дәстүрлі дін өкілдерінің конфессияаралық үнқатысуы негізін қалады. Қазақстан Елбасының табанды түрде жүргізген салиқалы да салауатты саясатының арқасында халықаралық деңгейдегі аса ірі дау-шарларды шешуге қатысатын биік беделді мемлекеттердің қатарына қосылды. Еліміз осы тарапта соңғы кездері Иранның ядролық бағдарламасына қатысты қалыптасып қалған кереғар көзқарастар іргесін бір-бірлеріне жақындатып, тұйықтан түйін тауып кетудің ақылды амалын тапты. Соның нәтижесінде парсы елінің әлем аренасындағы екінші тынысы ашылып, экономикалық ықпалдастыққа қарай қадам басты.
Еліміздің және Елбасының ширек ғасыр бедеріндегі сыртқы істер саласындағы сарабдал саясатының ірі жеңісі – Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке сайлануы.
Біз бүгін Қазақстан Президентінің ширек ғасырдан бері ел мен елдің арасын қосуға арнаған бітімгерлік саласындағы елеулі істерін тізбелеп атап өттік. Осының өзі Жер бетінде бейбіт өмірді, тыныштықты сақтап қалу мақсатында бітімгершілік жолын таңдаған Елбасының толымды тұлғасын бұрынғыдан да асқақтатып, айшықтай түседі дер едік.
Еркін ҚЫДЫР,
«Егемен Қазақстан»