Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, Астана күніне тарту ретінде «Қазақстан – менің Отаным» атты қолдан тоқылған монументальді-декоративтік туынды – өлшемі 430х600 сантиметрлік гобеленді көпшілік назарына ұсынды.
Композицияның нақ ортасында, Қазақстанда тұратын этностардың ұлттық киімдерін киген адамдар мүсіндері бейнеленген ою-өрнекті шеңбердің фонында Бейбітшілік және келісім сарайы қасбетінің Қазақстан халқы Ассамблеясының логотипі бар сурет орналасқан.
Ұлттар өкілдерінен тұратын шеңбердің ортасында, қонақжайлық пен кеңпейілділікті білдіріп, қолын қуана көтеріп тұрған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың суреті тоқылған.
Шеңбердің төбесі Қазақстан халқының бірлігіне негізделген мемлекеттік биліктің символы ретінде Ақорданың қасбетінің бейнесіне келіп тіреледі. Гобеленнің бүйір бөліктері тағдыр тәлкегімен Қазақстанға келіп пана тапқан көптеген ұлттарды туғанындай бауырына басқан халықтың жан сұлулығын бейнелейтін, басқұрлардағы қазақ ою-өрнегінің әшекейленген суреттерімен толтырылған.
Ел бірлігін тоқыма өнері арқылы бейнелеген ерекше жобаның авторлары – Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшелері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Айдар Жамхан мен Мәлік Мұқанов.
Бұл өнер туындысының көркемдік мәні де сонда – гобеленде Қазақстан халқының бірлігі идеясы қазақ халқының дәстүрлі қолөнері арқылы шығармашылық тәсілмен беріліп, Тәуелсіз Қазақстанды сипаттайтын өзіндік ерекшелігі мол символикалар үйлесімді түрде композиция ретінде көрініс тапқан.
Гобелен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) ұлттық-мәдени орталықтарының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Әлем. ХХІ ғасыр»: АӨСШК елдері ынтымақтастығының жаңа перспективалары» атты азаматтық форум аясында жұртшылыққа таныстырылып, тұсауы кесілді.
Мерекелік шараға қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Парламент Мәжілісінің депутаты, депутаттық топтың жетекшісі Сауытбек Абдрахманов, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ҚХА кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков өз сөздерінде гобеленде бейнеленген қазақстандықтардың жалпыұлттық бірлігі, достығы мен қоғамдық келісімін білдіретін композицияның терең мағынасына мән берді. Шараға Қырғыз Республикасы мен Таиланд корольдігінің ресми делегациясы, Ресей мен Тәжікстанның сарапшылық қауымдастық өкілдері, Беларусь, Әзербайжан, Ауғанстан мен Жапонияның Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының өкілдері, АӨСШК елдері ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, белгілі қоғам және саяси қайраткерлер қатысты.
«Егемен-ақпарат»