Тарихи оқиғаға қайта ойыссақ. Сол жылы мектеп оқушылары арасында жас Астананың символы болуға лайық аруды анықтау үшін конкурс ұйымдастырылды. 200 үміткер сынға түскен сайыста №31 мектептің шәкірті Мәдина Закирова лайық деп танылды.
– Әрине, бұл Астана тарихындағы айтулы күн. Отандық дизайнерлер маған арнап әдемі көйлек тікті. Сол кеште еліміздің танымал әншілері Бауыржан Исаев пен Нағима Есқалиева «Астананың алғашқы таңы» әнін шырқағанда, Президентке гүл шоқтарын ұсындым. Қобалжығаным рас. Бірақ, «жас Астананың символы», «Еуразия аруы» деп хабарлап жатқанда бойымды тіктеп, тек алға қарай ұмтылдым, – деп еске алады Мәдина.
Мәдинаны алғаш көргенде, таңданып қалдық. Сол баяғы сұлу қыз. Астанамен бірге құлпырып, жыл өткен сайын жасарғандай. Айтуынша, мектеп бітірген соң заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алған. Оқуын тәмамдағаннан кейін түрлі сән агенттіктерінен бірлесіп жұмыс істеуге шақырту алыпты. Алайда, бәрінен бас тартып, ұлттық компанияға жұмысқа орналасады. Мақсаты – өз саласының маманы болу. Кейіннен өмірлік жарын жолықтырып, тұрмысқа шығады.
«Қыздың басты мақсаты – келін болу. Ата-анамнан алған тәрбием ғой, өз отбасымның, өз балаларымның болғанын қаладым. Өйткені, сәбиді өмірге әкелу бар, ал оны тәрбиелеп, азамат қатарына қосу үлкен жауапкершілікті қажет етеді» дейді ол.
Мәдина инженерлер отбасынан шыққан. Әкесі Қанат Базкенұлы Астанаға еңбегі сіңген инженер. Сонау елорда құрылысы қайнап тұрған шақта оның жетекшілігімен бірнеше тұрғын үйлер, зауыттар, комбинаттар салынған. Ал, анасы Мәрияш Көшербайқызы «Целиноград тяжстрой» кәсіпорынында талай жыл жұмыс істеген. Қазір жеке кәсіппен айналысады.
Бүгінде Мәдинаның өзі Өскенбаевтар әулетінің келіні. Көпбалалы ана. Жолдасы Алмаз екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Әрине, балаларына бас-көз болып, оларды еркелететін ата-енесінің барына шүкіршілік айтады.
– Бір әулетке жаңадан келін болып түскеннен кейін, сіңісіп кетуің керек. Бұл ретте анам Мәрияш пен дүниеден өткен әкем Қанатқа қарыздармын. Олардың өмір бойы берген білімі, тәлім-тәрбиесінің арқасында сүйікті келін атандым. Аллаға шүкір, ата-енем де жақсы адамдар. Мені өз қыздарындай бауырына басты. Білмегенімді үйретті. Ең бастысы отбасымызда береке бар, – дейді ол.
Негізінде, Өскенбаевтар әулеті астаналықтарға етене таныс. Әулеттің әкесі Болат Айтпайұлы Өскенбаев зейнет демалысына шыққанша құқық қорғау органдары саласында еңбек еткен. Астана қаласы Жол полициясы басқармасының бастығы болған. Елорданың гүлденуіне, жолдағы тәртіпті қадағалауға үлес қосқан азамат. Зайыбы Мәншүк Серікпайқызы білікті дәрігер, бар ғұмырын медицина саласына арнап келеді.
– «Адам ұрпағымен жасайды», тәп-тәтті немерелеріміздің құлдыраңдап жүгіргені қуантады. Әрбір жетістігіне мәз боламыз. Балам мен келінімнің үлкен қызы Айдана 6-сыныпқа өтті. Атқа мінгенді ұнатады. Тігін тігіп, анасына тағамдар дайындауға көмектеседі. Одан кейінгі немерем Әлмансұр 3-сыныпқа көшеді. Өзі футболмен әуестенеді. Биыл 1-сыныпқа баратын Абдулмәлік те спортқа құмар, оның ішінде каратэ және хоккей үйірмелеріне барып жүр. Ал, екі жастағы кішкентай ерке Әминамыз көз-қуанышымыз. Инабатты келін – ұлттың ұйытқысы, деп жатамыз ғой. Біздің әулеттің шын жанашыры, жасы келген кісіні сыйлап, жан-жағына ізеттілік таныта білген Мәдинаны біз де мақтан тұтамыз, – дейді Мәншүк апай.
Әңгіме арасында, Мәдина елорданы жанындай жақсы көретінін айтты. Қаламыздың жеткен әрбір жетістігіне шын қуана білетін патриот жандардың қатарында екенін жасырмады.
– Астана көз алдымызда көркеюде. Халықаралық жиындардың орталығына айналып үлгерді. Тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барынша жағдай жасалуда. Әсіресе, балаларымыздың болашағы зор болады деп ойлаймын. Елорданың әрбір тұрғыны бақытты болса екен деп те армандаймын. Еліме тек бейбітшілік, жақсылық тілеймін, – дейді ағынан жарыла.
Астананың тұсаукесер рәсімінде Мәдина киген көйлектің ерекшелігі – матадан тігілмегендігі. Қолмен тоқылған. Кринолин, мөлдір моншақ, түрлі-түсті ұсақ тастармен әшекейленген. Әрі жібек кестемен өрнектелген. 36 түстен тұратын көйлек пайетка және венециялық бисермен тоқылғандықтан ерекше жарқырайды. Салмағы – 9 келі.
Қазақстанда ең алғашқы ашылған «ОХІ» сән үйінің бұл көйлегі тарихи экспонат деп танылған. «Астана-Еуразия аруы» композициясы ретінде күні кешеге дейін Президент мәдениет орталығына келушілердің назарын аудартты. Бір қызығы, қазақстандық он шебердің қолынан шыққан туынды жұмысына сегіз ай уақыт кеткен көрінеді. Құны сол жылдары Астанадағы үш бөлмелі пәтердің бағасына тең түскен. Авторы әрі бас дизайнері – Оксана Корби-Шамина.
2000 жылы Мәскеуде өткен «ХХІ ғасыр – жаңа Ресей» атты халықаралық көрмеде «Қазіргі заманғы Қазақстан тарихы» сән коллекциясына енген аталмыш көйлек жоғары бағаланған. Француз сән қауымдастығының президенті Шарль де Костель-бажака фестивальдің арнаулы жүлдесімен марапаттаған. Осы байқаудан кейін тарихи сәттің куәсіне айналған көйлек бұрынғы Президент мәдениет орталығына тапсырылған екен.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ,
журналист