Астанада ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушы мемлекеттердің мүсіндері қойылды. Салмағы 130 килограмдық шыны пластиктен жасалған екі метрлік 84 конструкция «Нұржол» желегінің басындағы алаңда шахматтық тәртіпте орналасқан. Мүсіндер экспозициясыAstanaArtFest қазіргі заманғы өнер фестивалі аясында өтіп жатыр.
Мүсіндер әр елдің стилінде және тақырыбына сай әзірленген. Таныс пейзаждар, мемлекеттік рәміздердің фрагменттері, экзотикалық жануарлар, сәулеттік ескерткіштер, ұлттық ою-өрнектер, мемлекеттің географиялық карталарының кескіні – осының барлығын пішіндердің бетінен көруге болады.
Бұлар – «Құланшы» қазіргі заманғы өнер орталығының жетекшілігімен еліміздің жас суретшілерінің өз қолымен жасаған туындылары. Эскиздерді жасауға және идеяны жүзеге асыруға авторлар бір айдан астам уақыт жұмсады. Суретшілер ЭКСПО-адамдар деп атап кеткен мүсіндердің қолында үлкен шар бар – шығармашылық тұрғыдан бұл біздің әлемнің аллегориясы іспетті, ол әлем әр адамның алақанында дегенді білдіреді.
«Егемен-ақпарат»