• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2011

Қыдыр ата. Ол бар ма?

876 рет
көрсетілді

«Өзекті жанға бір өлім» дейді қазақ. Дүниеге келу бар да, кету бар. Кеше ғана қара жер құша­ғына алған Қадыр ақын: «Көк дауылмен жағаласып кемеміз, Көк мұхитта қақпақыл боп келеміз. О, Жасаған! Өстіп жүріп бір күні, Өлеміз-ау, Өлеміз», депті. ...Арба – ажал тасушыдай болып көрінеді кейде маған. Желмен жарысып жүйіткіген, «таба­ны» жерге тимеген темір тұлпар талай арыстың ажалын жақын­дат­­ты. Қыршыннан қиды. Аға­йын­­ды азаға, қорымды қазаға тол­тырды. Ондай қазалар кейде бір әулетті ғана емес, тұтас ұлтты қайғыртып кетіп жатты. Мысалы, Бекзат ба­тыр Саттарханов. 20 жыл күткен Олимпиада алтынын 20 жасында алып, 2000 жылға 20 минут қал­ғанда Оңтүстік Қазақ­стан­ның Темірлан ауылының тұ­сында тұл­парымен аударылып, тұтас бір ха­лықты жылатып кете барды. Бір кездері халықты әні­мен тербеген, Одақтық деңгейде ғана емес, әлем шеңберінде аты шыққан «Дос-Мұқасан» ансам­блі­нің мү­ше­сі Бақыт Жұмәділов те былтыр жол апатынан қаза болып, жа­нары­мыз жасқа толды. Сыбызғы-сырнайдай даусы бар, «қазақтың Ақбаяны» атанған Мә­дина Ера­лие­ваның қазасы да осы көлік апатынан болып еді. Тізе берсең, қазақтың маңдайына біткен ұл-қызының тізімі жалғаса береді. Ескі жараның бетін тыр­нап қай­тейік. Еске түскеннен кейін еріксіз қалам ұшына ілініп жатыр. Айтайын дегеніміз мынау еді: осыдан бір жыл уақыт бұрын артымыздан ерген тұяқ, ізімізді басқан ініміз Еламанды көлік қақ­ты. Көшеден өте бергенінде нән джип қаңбақша іліп кетіпті. Қара­байыр тілмен айтсақ, джиптің «кенгурятнигі» бар екен. Жүр­гізу­ші жұрт біледі, джиптің алдында салмағы ауыр темір тұрады. Оны австралиялықтар ойлап тапқан. Өйткені түн мезгілінде жарыққа ұм­тылған талай кенгуру темір тұл­пардың тұмсығына ұрынып, көлік­тің мылжа-мылжасын шы­ға­ра берген. Кенгурудан сақтану үшін, австралиялықтар әлгі темірді ілген. Оны біздікілер «кенгурятник» атап кеткен. Австралия­лық­тар темірді кенгурудан сақтану үшін ілсе, біздікілер сән үшін қоя­ды. Айтып-айтпай не керек, сом темір жуан санды жұлып кете жаздайды. Онысымен қоймай, жолдың қара­ма-қарсы бағытына лақтырып тас­тайды. Төбесінен жай түскендей бол­ған жігіт жан­дәрменімен ұм­тылып тұра бергенінде екінші кө­лік келіп қағады. Ауада ақ қағаз­дай қалықтап ұш­қан бала қара жолды мұрны­мен тіреп құлайды. Оқиға орнына жет­кенімізде екінші қаққан көлік жоқ. Қашып кетіпті. Адамнан ын­сап кеткен заман ғой. Байқамай тышқан қақсаң да тоқтап қара­майсың ба?! Әлгі – адам қағып кетсе де тоқтамаған. Алды-арты­на қарамай, тайып тұр­ған. Ол сол кү­йінде табыл­мады. Бірінші қақ­қан жігіт иманды бо­лып шықты. Жаны мұрнының ұшы­на келген бауы­рым­ның басын құшақтап отыр екен. Алматыда жедел-жәрдемнің тез жетуі мүмкін емес. Көлік кеп­телісінің өзі жолын бөгеп, барар жеріне кешіктіреді. Ал жедел-жәр­дем жеткенше, талай адам өмір­мен қош айтыса барады. Өйткені байқаусызда ауыр соққы алғанда адам бойындағы қан ұйып, жүрек соғысын әлсіретіп тастайды. Дәрі­герлер оны «больевой шок» деп атайды. Қан айналымы бұзылып, жүрекке салмақ түскенде сорлы бір жапырақ ет оны көтере алмай тоқтап қалады екен. Көлік апатына ұшырағандардың көбі алғашқы медициналық көмектің үлгер­меуі­не байланысты жалғанмен қош айтысатыны сондықтан көрінеді. Бір емес, екі көлік қатарынан қағып, жуан саны опырылып, ба­сы жарылып, жаны қысылып жат­қанда адамдар жан-жағынан қау­малап, онсызда дем алуы қиын­дап жатқан жігіттің ауасын тары­л­тып тастайды. «Әрі тұр» деп ай­тайын десе, ауызы икемге келмейді. Қолын көтеріп, ым жа­сайын десе де әлі жоқ. Осы сәтте қайдан пайда болғаны белгісіз, ойла­маған жерден ақ халат киген дәрігер келеді. Сөйтеді де қаума­лап тұрған адамдарды тара­тып, ауаны кеңітіп, үш жерден дәрі егеді. Кейін біліп жатырмыз ғой, салған дәрісі қан айналымын реттеп, жүрек соғысын жүйелейді екен. Жаңа ғана жалғанмен қош айтысқалы жатқан жігітке жан кіреді. Су сұрайды. Өмірге қайта ора­­­лады. Жедел-жәрдем жарты са­ғат кешігіп келген. Егер жақсы­лық­­тың жаршысындай болған дәр­гер келмегенде, бауыры­мыз­дан ай­ры­лып қалуымыз мүмкін еді. Ал ғайыптан пайда болған дәрігер ізім-ғайым жоқ. Қайдан келгені, қай­да бара жатқаны белгісіз. Қа­лай келсе, солай кеткен. Жағдай орны­ғып, Еламан жазыл­ғаннан кейін де бірталай іздедік. Таппадық. Енді жігіттің көрер жарығын ұзарт­қан, өмірге екінші рет келуіне көмектес­кен дәрігерді Қыдыр демей көріңіз. Аты-жөнін де білмейміз. Содан бері ол кісіні Қыдыр атап кеттік. Қазақ «Қырықтың бірі Қыдыр, мыңның бірі Уәли» дейді. Осы оқиғадан кейін «қырықтың бірі Қыдыр» дегенге мен шын илана­мын. Сенемін. Қыдыр ата қазақ­тың арасында жүр... Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.