Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауы облыстық актив жиынына арқау болды. Онда аймақ басшысы Серік Ахметов баяндама жасап, бұл бағдарламалық құжатта айқындалған бірінші кезекте атқарылатын іс-шараларды ортаға салды.
Сөз орайында айтылғандай, өткен жылы мәшине жасау, металлургия саласын жаңғырту бойынша жүргізілген істер мен жобалар биыл одан әрі өрістейді. 74 миллиард теңгеге есептелген 14 жаңа жоба іске асырылады. Мұның өзі бір жағынан 2,5 мыңға жуық адамның еңбекке қамтылуына мүмкіндік беретіндігімен маңызды.
Экономиканы әртараптандыруға бағытталған қарышты қадам қатарына ауыл шаруашылығын алдағы он жылда дамытудың бағдарламасы жатады. Ұлт Көшбасшысы Жолдауында алға қойылғандай, тұрғындардың тұрмысын жақсарту, соған жол ашу үшін күш-қабілетті тиімді жұмылдыру басты назарда ұсталатындығы аталды. Жиында көп жылдан облысқа танымал азамат, Социалистік Еңбек Ері, бұрынғы шопан, бүгін « Батыр» шаруа қожалығының жетекшісі Сайлау Біләлов алдымен сөз алып, еліміздің көз алдымызда танығысыз өзгеруі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі мен көрегендік саясатының, даналық басшылығының арқасында екенін жеткізді.
Облыстық мәслихаттың депутаты Хадиша Оспанова, «Саран» шахтасының кеншісі Жұмамұрат Бегалиев, Қарағанды мәшине жасау зауытының директоры Болат Кенжин, қалалық №4 емхананың меңгерушісі Салтанат Шайдарова ой-пікірлері де Жолдаудан туындайтын мақсат-міндеттерге тоғысты.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.