• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2011

Ерді ел тәрбиелейді

700 рет
көрсетілді

Мен оны алғаш Мақтай Рама­зан­ұлы Сағдиевтің қасынан көр­дім. Атақты Зілқараның ұрпағы, алғыр қайраткер, сері жігіт Мақ­тай­дың қасында кез келген адам жүре бермейтінін, оның жолдас, дос таңдай алатынын білетін ме­нің жаңа та­ныс­қа көз тіге қара­ға­ным есімде. Бу­рыл тарта бас­та­ған шашы арыс­танның жалындай тө­гілген, өзі де арыстан келбетті жігіт екен. Кең иықты, кеудесі шал­­қақ біткен, ұзын бойлы аза­мат­тың тұлғасы да «Ешкімге ешқашан илік­­­пеймін, тізе бүк­пеймін» деп тұр­ғандай, тәкап­пар көрінді. Мақ­­­­тай оны «ескі до­сым» деп таныстырды. Ол «Рым­бек Жүні­сов» деп аты-жөнін айтты. Кешікпей ол бізді – Мақ­тайдың дос­тарын қонақ­қа ша­қыр­ды. Таяуда ғана көшіп кел­ген екен. Бәйкен-аға Әшімов, Саға­дат-аға Нұрмағамбетов, Сағын­дық-аға Кен­­жебаев, ішінде біз бар – танысып, біраз отырып, әңгіме­ле­сіп қайттық. Рымбектің отба­сын, тегін білдік. Қарағанды об­лы­сының Ақтоғай (бұрын Қо­ңы­рат атанған) ауданының ту­ма­сы бо­лып шықты. Бұл – Әлихан Бө­кейханов, Әлімхан Ермеков, Жа­­қып Ақбаев сияқты Алаштың арыс­тары шыққан өлке болатын. Алашордашыларға, олардың ұр­па­ғына, жерлестеріне кекшілдікпен қараған кеңес өкіметі олар­дың еліне де көп жылдар қағажау көрсетіп, ауданның дамуына кө­ңіл бөлмеген. Сөйтіп ол үнемі «алыс, артта қалған» аудандар ті­зі­мінде жүрген. Өмір бойы ол елден шыққан адамдарға сенім көр­сетілмей, бірен-саран өз қабі­ле­ті­мен көзге түскендердің үстінен ылғи арыздар жазылғанын да білетінбіз. Ақтоғай аудан болған­нан бері 60 жылдың ішінде ел бас­шылығына өз ішінен бір адам ұсынылмай, кадрды ылғи сырт­тан тасығанын да жергілікті жігіттер өкпе қып айтып жүретін. Сол әдет «қайта құру» кезінде бұ­­зы­лып, аудан еңбекшілері ау­дандық партия комитетінің бірінші хат­шысына өздері сайлап ал­ған тұң­ғыш жергілікті жігіт осы Рымбек болған екен. Рымбектің еңбек жолының өзі – бір адамның өміріне жетерлік, әрі қызғылықты, әрі аз күнгі адами тіршілікті қалай құруға бола­ты­ны жайлы тәжірибеге ұқсас. Оның өмірден алған сабағы мен кө­ңіліне түйген сыры көп. Текті жігіт жастайынан ұлттық өнеге дәс­түрлердің көңілге қонымды жа­­ғын екшеп бойына сіңірген. Жаңаны да танығыш, бірақ көр­се­қызарлық танытпай, абайлап, ой еле­гінен өткізіп барып қабыл­да­ған. Қазақы тіршілікті бұзбай, сабақтастыра пайдаланған. Осы­ған азаматтың ел сүю, жер сүю се­зімдерін, ұлттық мақтаныш пен намысын биік қоятынын, аруақ­­тар мен үлкендерді сыйлай білуін, алға қараушылық, бола­шақ­ты бол­жағыш қабілетін, бо­йына біткен қайратты қосыңыз. Рым­бек­тің ізденімпаздығын, кісілігін тәр­­­биелеген ұғымдардың осы­лар бол­ғанын оның өмір жо­лымен та­нысқан адамның бәрі де түсіне алады. Ол осынысымен, аза­мат­­тық ұлағатымен ірі көрінеді. Рымбек алғашқы қызметін ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп келіп, совхозға агроном бо­лудан бастапты. Әр нәрсені білуге құмар, талапты, пысық жас жігітті ау­дандық партия коми­те­тінің бірінші хатшысы көріп, оны партияға ал­ғызыпты. Әрі онымен әңгімелесіп, болашағына жол сілтепті. «Бұл оқуың аздық етеді. Келешегің үлкен сияқты. Оқуың­ды жалғастыр», деп ақылын да айтыпты. Содан Рым­бек Алматының ауыл шаруа­шы­лығы институтына түсіп оқыған. Содан кейінгі оның өмірі елдегі ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы еңбегімен жалғасқан. Сов­хозда бас агроном, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, ау­дандық ауыл шаруашылығы бас­қармасы бастығының орын­баса­ры қызметтерін істеп, «Қы­зыл арай» атты совхозға дирек­тор­лық­қа тағайындалған. Осы жыл­дары ойшыл жас жігіт ауыл­дағы тіршілікті, шаруашы­лық­ты бас­қа­ру жү­йе­сін толық зерттеп, ойлана бас­тайды. Ауыл шаруа­шы­лығын­да­ғы олқылықтарды кө­реді. Іске жа­уап­сыз қарау, өтірік айту, жал­ған мә­ліметтер берудің өріс ал­ғанына кү­йінеді. Енді билікке кел­генде, жұ­мысты неден бастау керек екендігіне мән бере қа­райды. Сөйтіп, ол совхоз дирек­то­ры болып істеген 8 жыл ішінде өз ұғым-түсінігімен шаруашылық­ты жа­ңаша басқаруға ұмтылады. Ка­др­ларды ауыстырмайды, тек олар­ға жаңаша істеу талабын қоя­ды, жауапкершілігін күшейтеді. Ел­ден жа­сырып, «біреу көріп қой­масын» деген ұғыммен жұмыс іс­теудің қылмысқа апаратынын ай­тып, не істесең де ашық, елге көрсетіп істеуді тап­сырады. Осы­ның өзімен шаруа­шылықта бар мүмкіндіктер­ді алға шығарып, мал басы мөл­шерін молай­тады. Сов­хозда мемлекетке ет тап­сыру 525 тоннадан 800 тоннаға, қой басы 22 мыңнан 38 мыңға, сиыр 2800-ден 4000-ға, жылқы 475-тен 850 басқа дейін өседі. Ауылдың әлеуметтік тіршілігін де жақсартуға жол ашылады. Сов­хоз орталығына он жылдық жаңа мектеп салдырып, тұңғыш бала­бақ­ша ашады. Ауданда бірінші боп «Қызыл арайға» телефон жү­йесі келеді, теледидар қабыл­дау­ға қол жеткізеді. Аудан мен совхоз арасына көтерме жол сал­дырады. Сол жолмен екі араға автобус қа­тынасын ұйымдас­ты­ра­ды. Сол 70-жылдары алыс Ақ­то­ғай­дың бір ауы­лында іске асқан осындай жа­ңалықтар бір ауданды дүрлік­тіруге жарайтын еді. Елдің бәрі «Қызыл арайға» қарайды. Ау­дан бас­шы­ла­ры олардың тәжі­рибесін пайдалану үшін көрші ауыл­дардан кісілер жібереді. Жас директордың есімі де әр жерде атала бастайды. Сөйтіп ол әуелі ауданға ауыл шаруашылығы басқармасының бас­­­­тығы, одан соң аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудан­дық атқару комитетінің төр­ағасы сияқты лауазымдарға кө­те­ріледі. Ау­дандық партия коми­те­тінің бірінші хатшысы қызме­тіне сайланады. Рымбек Ақтоғай ауданына бас­шы болған жылдары Горба­чевтың демократияны дамыту жө­ніндегі идеясы жер-жерге тарай бастаған еді. Қазақстанда да жекелеген ұжым­­дар өз басшы­ла­рын өздері сайлап ала бастады. Аудандық партия комитетінің бірінші хат­шысы кетіп, жаңа бас­тық сайлау кезінде жергілікті ком­мунистер дауыс кө­теріп, «Пар­тия Ақтоғайға кадрды өмір бойы сырттан тасумен болды. Біздің адамдарға сенім көрсет­педі. Енді өз басшымызды өзіміз сайлап алатын күн туды» деп, Рымбек Жүнісовты ұсынып, балама негізде бірауыздан сайлайды. Жас басшыны алдымен облыс орталығынан алыс орналасқан ау­данның артта қалып отырған жағ­дайлары ойландырады. 1986 жыл­­ды аудан 6 млн. рубль қа­рыз­бен аяқтапты. Табысы малдың тө­лі­мен, жүнімен, сүтімен, етімен ба­ға­ла­натын ауданда бұл көр­сет­кіштер тым төмен екені белгілі. Ол ша­руа­шылықтарда болып, мем­лекетке берешек қарызды жою, табысты ұл­ғайту, ол үшін әр ұжым­ның өзін-өзі ақтауы мәсе­лелерін ақыл­да­сады. Біртіндеп қаржыландырудың жаңа принципіне көшудің қажет­ті­гін көтереді. Осы саладағы бетбұ­рыс ақтоғай­лық­тарды экономи­ка­лық рефор­маға жетелейді. Мұндай жолдың пайдалы екеніне халықтың көзі жете бастайды. Сөйтіп, 1987 жы­лы сайланған жас басшы аудан­ның бұрынғы қарызын өтеп, 1988 жылдың 2 млн. рубль табыспен аяқ­талуын қамтамасыз етеді. Аудан бойынша арендалық қатынас­тарды дамытудың мүмкіндіктері ашыла­ды. 1989 жылы аудан 5 млн. 886 мың рубль пайда табады. Сөйтіп түп тамыры тереңге кет­­кен бірыңғай шаруашылық көр­сеткіштерін енді экономи­ка­лық тұт­қалар батыл алмастыра бас­­тайды. Арендалық, мердігерлік әдіс кең өріс алады. Екі жыл ішінде аудан шаруашылық­тары­нан 93 бри­гада арендалық қаты­нас­қа кө­шеді. Ауданда мал ұстау­дың жыл­дар бойы қалыптасқан бір жақты еңбек әдісіне өзгеріс­тер жасаудың қажеттігі көріне бас­тайды. Жарты­лай шөлейт ай­маққа орналасқан ауданда жайы­лым­дар мен шабын­дық­тардың жұтаң тартуы, топырақ жамыл­ғы­сының мал тұяғымен то­зуы, ақ­шаңдақтарға айналуы оны пай­да­ланудың жаңа әдісі жайлы ой­лан­дырады. Оларды қалпына кел­тіру жұмыстарымен бірге, ар­найы мал бордақылау алаңдарын жасау мә­се­лесі қозғалады. Аудан бойынша екі жылдың ішінде 4 мың қой, 500 ірі қара семіртетін 5 мал бор­дақылау алаңы іске қо­сылады. Осындай бастамалар негізінде ауданның экономикалық жағдайы үлкен өзгеріске ұшырайды. Ақто­ғай басшы орындардың назарына ілігеді. 1988 жылдың қорытын­ды­сы бойынша, аудан КОКП ОК-нің, КСРО министрлер кеңесінің, кәсіп­одақтардың бүкілодақтық ор­та­лық кеңесінің, БЛКЖО ОК-нің құрмет дипломын жеңіп алады. Бұл – өмір бойы артта қалып келген Ақтоғай ауданының алғашқы жеңісі еді. Осының бәрі бір адамның ең­бегі еместігі айқын. Бірақ елді ұлы істерге бастап, ұйымдастыра біле­тін басшы­ның рөлі ешуа­қыт­та да жоққа шық­пайды. Рымбек бас бо­лып, аудан жігіттеріне, маман­дар­ға ой салды, жігер берді, жас­тар­дың іскерлігін, шеберлігін, басқа да қабілетін ашуға көмек­тесті. Көмек алудың да жолы көп. Рымбек әрбір сапарында Ал­ма­ты­да, облыс орталығында болған кез­дері республиканың басшы қыз­меткер­лерін ауданға шақы­ра­тын мі­нез шығарды. Оларды ауданмен таныс­тырып, еңбек­шілер­дің мұң-мұқта­жын айтады. Сөй­тіп көмек алады. Байланыс министрі Ульянов оған теледидар, телефон жү­йесін сыйласа, Автомобиль жол­да­ры министрі Ш.Бекболатов жолды жөндеуге көмек берді. Тұтыну қо­ға­мының бастығы Ө.Сәрсенов үл­кен сауда орталы­ғын салып берсе, С.Құбашев Бал­қаш өндірісінің ау­данға көмек­те­суіне жәр­дем жаса­ды. Ала білу, ұйым­дастыру – бұл да өнер. Рымбектің кезінде Ақтоғайда еңбек адамдарының тұрмыс кү­йі­не, жастардың оқып білім алуы­на, мектеп, мәдениет сарайы, кітапхана, кино қондырғы, аурухана, емхана, сауда, тұрмыс қажетін өтеу, байланыс мекемелерінің жұ­мыс­тары жолға қойылды. Муз­ыка, спорт мектептері ашыл­ды. Ой­ын-сауық аттракционы ор­на­ды. Бұрын жоғарғы білімді маман кадрлары аз аудан жастарын қол­дап, шаруа­шы­лықтар есебінен оқу­ға жіберу практикасы іске асты. Осындай жағдайда 1990 жылы ауданның ұйымдастырылғанына 60 жыл толуы атап өтілді. Рымбек оны өзі басқарып, үй тігу, ас та төк жасап, байлықты бәсекемен көр­сету жолын емес, ауданның бү­гінгі келбетін та­ныту жолын таң­дады. «Аудан тарихы өте бай, бірақ оның қағазға түскені жоқ» деген ол аудан өмірі жайлы теле, радио ха­барлар жасатты. «Ақ­то­ғай – ал­тын бесігім» атты кітап шы­ғарды. Оларда ар жағы Қара­менде би мен Жидебай батырдың, бер жағында Әлихан Бөкейханов, Әлім­хан Ермеков, Жақып Ақпаев сияқты Алаш арыстарының, Нар­манбет Ор­ман­бе­тов, Шашубай Қош­қарбаев, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Ма­ғауия Хам­зин тәрізді әдебиет пен өнер тарлан­да­рының, Ақжан Машанов, Қайдар Арыстанбеков, Ра­қым­жан Шаяхметов, Әлихан Мусин сияқ­ты қо­ғам және ғылым қайрат­кер­лерінің отаны жайлы қызықты әңгі­мелер қамтылды. Республикада халық депутат­тары сайлауы өткен кезде Рымбек көппен бірге сол сайлауға қаты­нас­­ты. Сайлау тағдыры үш аудан (Ақтоғай, Шет, Приозер) сайлау­шы­ларының қатысуымен шешілді. Ақтоғайда Рымбек атқарған жұмыстар көрші аудандарға да белгілі болып қалған кез. Сон­дықтан олар да еліне ортақ аза­матты шын көңілдерімен қол­дады. Сөйтіп «Қазақ КСР халық депутаты» деген атаққа ие болып, Жоғарғы Кеңестің ХІІ сессия­сы­ның жұмысына қатыс­ты. Осы депутаттық мандатымен ол 1991 жылы еліміздің егемендігін жариялауда, Н.Назарбаевты Президент етіп сайлауда, егемен елдің заң­намалық құжаттарын қабыл­дау­да белсенді жұмыстар жасады. «Отан» (кейін «Нұр-Отан») пар­тия­сының алғашқы мүшелерінің бірі болып, пар­тияның саяси ке­ңесінің құра­мына сайланды. Үшін­ші шақы­рыл­ған Парламентке осы партия атынан ұсынылды. Кейін Астанаға орналасып «Ақ­­мола-бетон» зауытын бас­қар­ған­нан бері де еліне көмегін жалғастырып келеді. Астананың он жылдығы тұсында қараған­дылықтар орнатқан орталық цирк алаңындағы тұғырларды салуға керек бетонды осы зауыт берді. Ақтоғай ауданының орта­лы­ғын­дағы кәсіптік-техникалық училище оның әрқашан да қам­қорлы­ғына ие болып келеді. Азаматына риза ақтоғайлықтар Рымбекті «Ақтоғай ауданының құрметті азаматы» етіп сайлады. Ел тәуелсіздігіне қосқан осындай үлесі үшін ол «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» ата­ғына ие болды. Азаматтың жүрген жолы қай кезде де тегіс болмаған. Өмірдің қиыншылықтарына қоса, көре алмаушылар, қызғанышпен қа­рау­шы­лар да болған. Рымбектің жолы да осындайлардан құр емес. «Көптің көңілінен шығып, сәл биіктей бастасаң, көре ал­маушылық басталады, – дейді ол. – Сырттан келмесе де, өзіңмен бірге жүрген, қолынан түк келмейтін дәрменсіздердің пиғылы­нан туатын жайттар барлық жерде кездеседі. Жаман болмай, жақсы қайдан шығады? Ақ пен қара қоса жүрсе, жаман мен жақсы да солай жүреді. Қазір ойлап отырсам, сол арыздардың көп пайдасы тиген екен. Біріншіден, сақтанасың, ойлау қабілетің күшейеді. Екіншіден, тексеріп келген кісілермен танысасың, өрісің кеңейеді. Адалдыққа көзі жеткеннен кейін олар қол ұшын береді, қолдайды, қорғайды». Осы бұралаң, тайғақ жолдармен Рымбек тізесі бүгілмей, табаны таймай, сүрінбей өтті. Бүгінде құрметті демалысын алып, аздаған бизнесін күйттеп жүрген азаматтың ісі мен ойында тыным жоқ. Ол тәуелсіз елінің тіршілігі жайлы ойланады. Жақ­сысына қуанып, сәтсіз қадам­дарына сын көзімен қарап оты­рады, оның девизі – «қай жасқа келсең де, еліңе пайдаңды тигізу. Тіпті қолыңнан ештеңе келмесе, тілекші бол. Бастық болу міндетті емес. Қандай жұмыс атқарсаң да, пейіліңмен істе, артыңда із қалсын. Ата аруағына сыйынып күн көруге болмайды, менің әкем ғұлама болған, бай, болыс, батыр болған дегенді айтудың өзі күлкі». Ол Қазақстанның жетістігіне қуанады. Рымбектің ойлары да, істері де көпке танымал. Оның «Кө­ңілге түйгендерім» (2000), «То­қырауын тоқырамасын» (2007) деген кітаптары бұл күндері оқырмандарын тапқан. Осылар­ды оқу біраз жылдан бері танысып, табысқан ініме деген менің құрметімді оятқаны жа­сырын емес. 20 жылдық таныс­тық, туыстық сезімдер оның кең мінезді, кісіге жақын жүретін, адам танитын, үлкенге кіші, кішіге аға бола білетін азамат екенін көрсетті. Осы мерзім ішінде мен оның азаматтық бейнесін толық көз алдыма келтіріп, жан дүниесін танығандаймын. Дос-інім туралы екі-үш ауыз сөз айтуға бекінуім де осыдан. ... Қарқаралы тауларының ең биік шыңдары – Қызыларай мен Ақсораң, суы елге береке әкелген, жағасы ну Тоқырауын Рымбектің азаматтық бейнесін де, елінің табиғатын да көз алдыңнан өткізіп тұр. Ерді ел туғызады, тәрбиелейді. Серік ҚИРАБАЕВ.