• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2011

Қазақстан Республикасының Заңы №401-IV ҚРЗ

760 рет
көрсетілді

Медиация туралы Осы Заң Қазақстан Республикасында ме­диацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды. 1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР 1-бап. Медиацияның қолданылу саласы 1. Егер Қазақстан Республикасының заңда­рында өзгеше белгіленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сон­дай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу бары­сында қара­ла­тын даулар (дау-шарлар) медиация­ның қолданылу саласы болып табылады. 2. Осы баптың 1-тармағында көрсетіл­ген қатынастардан туындайтын даулар (дау-шарлар), егер медиация рәсіміне қа­ты­спайтын үшінші тұл­ға­лардың және сот әрекетке қабілетсіз деп таны­ған адамдар­дың мүдделерін қозғаған немесе қоз­ғауы мүмкін болған жағдайда, мұндай даулар­ға (дау-шарларға) медиация рәсімі қолда­ныл­майды. 3. Тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қа­ты­настарынан туындайтын дауларға (дау-шарларға) медиация рәсімі қолда­ныл­майды. 4. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қыл­мыс­тар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды. 2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім – тараптардың медиация нәтиже­сінде өздері қол жеткізген жазбаша келісімі; 2) медиатор – осы Заңның талаптары­на сәйкес кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға; 3) медиаторлар қауымдастығы (одағы) – медиаторлар ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатында, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін құрылатын ұйым; 4) медиаторлар ұйымдары – медиатор­лардың Қазақстан Республикасының заңнама­сына қайшы келмейтін медиация­ны дамыту жөніндегі ортақ мақсаттарға қол жеткізуі үшін олардың ерікті негізде бірігуі үшін құрылатын коммерциялық емес ұйымдар; 5) медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олар­дың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында ме­диа­тордың (медиаторлар­дың) жәрдемдесуімен та­рап­тар арасында­ғы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі; 6) медиация тараптары – медиация рәсіміне қатысатын, осы Заңның 1-бабы­ның 1-тарма­ғында аталған қатынастар субъектілері; 7) медиация туралы шарт – тараптар­дың медиация басталғанға дейін дауды (дау-шарды) шешу мақсатында медиатормен жасасатын жазбаша келісімі; 8) медиацияға қатысушылар – медиатор және медиация тараптары. 3-бап. Медиацияның мақсаттары Медиацияның мақсаттары мыналар болып табылады: 1) дауды (дау-шарды) шешудің медиа­ция­ның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу; 2) тараптардың дауласушылық дең­гейін төмендету. 4-бап. Медиацияны жүргізу қағидаттары Медиация мынадай қағидаттар негізінде жүргізіледі: 1) еріктілік; 2) медиация тараптарының тең құқылығы; 3) медиатордың тәуелсіздігі мен бейтарап­тылығы; 4) медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік; 5) құпиялық. 5-бап. Еріктілік 1. Тараптардың медиация туралы шартта көрсетілген өзара ерікті ниет білдіруі медиация рәсіміне қатысудың шарты болып табылады. 2. Медиация тараптары оның кез келген сатысында медиациядан бас тартуға құқылы. 3. Медиация барысында тараптар өз қалауы бойынша өздерінің материалдық немесе процессуал­дық құқықтарын иеленуге, талаптар мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға немесе даудан (дау-шардан) бас тартуға құқылы. 4. Тараптар өзара қолайлы келісім нұсқала­рын талқылау үшін мәселелерді таңдауда еркін болады. 6-бап. Медиация тараптарының тең құқылығы Медиация тараптары медиаторды, медиация рәсімін, ондағы өз ұстанымын, оны талап ету тәсіл­дері мен құралдарын таңдау кезінде, ақпа­рат алу кезінде, дау-шарды рет­теу туралы келісім шарттарының қо­лай­лы­лығын бағалауда тең құқықтарды пайдаланады және өздеріне тең міндеттер жүктейді. 7-бап. Медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы. Медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік 1. Медиацияны жүргізу кезінде медиатор тараптардан, мемлекеттік органдардан, өзге де заңды, лауазымды және жеке тұлғалардан тәуелсіз болады. Медиатор осы Заңда жол берушілік айқындалатын медиация құралдары мен әдістерін таң­дауда дербес болады. 2. Медиатор бейтарап болуға, медиа­цияны екі тараптың мүддесі үшін жүргі­зуге және медиация рәсіміне тараптардың тең қатысуын қам­тамасыз етуге тиіс. Медиатордың бейтарапты­лығына кедергі келтіретін жағдайлар болған кезде ол медиацияны жүргізуден бас тартуға тиіс. 3. Медиацияны жүргізу кезінде ме­диатор­дың қызметіне Қазақстан Респуб­ликасының заңдарында көзделген­дерден басқа жағдайларда, осы баптың 1-тарма­ғында аталған адамдар тарапынан араласуына жол берілмейді. 8-бап. Құпиялық 1. Медиацияға қатысушылардың өзде­ріне медиация барысында белгілі болған мәлімет­терді осы ақпаратты берген медиация тарапының жазбаша рұқсатынсыз жария етуге құқылы емес. 2. Қазақстан Республикасының заңда­рын­да көзделгендерден басқа жағдайларда, медиатордан медиация барысында белгілі болған мәлімет­тер туралы куәгер ретінде жауап алуға болмайды. 3. Медиацияға қатысушының өзіне медиация барысында белгілі болған мәлімет­терді осы ақпаратты берген медиация тарапының рұқса­тын­сыз жария етуі Қазақстан Республикасының заңда­рында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады. 2-тарау. МЕДИАТОРЛАРДЫҢ ЖӘНЕ МЕДИАЦИЯНЫ ЖҮРГІЗУДІ  ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ 9-бап. Медиаторларға қойылатын талаптар 1. Тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатор­дың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады. 2. Медиатордың қызметі кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) және кәсіби емес негізде (қоғамдық медиатор) жүзеге асырылуы мүмкін. 3. Қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған тұлғалар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады. 4. Жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиатор­ларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған тұлғалар медиатор қызметін жүзеге асыра алады. 5. Медиатордың қызметі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды. 6. Медиатор қызметін жүзеге асыра­тын тұлғалар Қазақстан Республика­сының заңнама­сында тыйым салынбаған кез келген өзге қызметті де жүзеге асыруға құқылы. 7. Мыналар: 1) мемлекеттік функцияларды орын­дау­ға уәкілетті және оған теңестірілген; 2) заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған; 3) оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын; 4) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды. 8. Медиация тараптарының келісімімен медиаторға қойылатын қосымша талаптар белгіленуі мүмкін. 10-бап. Медиатордың құқықтары мен міндеттері 1. Медиатор: 1) медиация барысында бір мезгілде барлық тараптармен де, тараптардың жеке-жеке әрқай­сысымен де кездесулер өткізуге жә­не оларға дауды (дау-шарды) шешу жө­нін­де ауызша әрі жазбаша ұсынымдар беруге; 2) құпиялылық қағидатын сақтай отырып, өз қызметін жүзеге асыруы тура­лы жұрт­шылықты хабардар етуге құқылы. 2. Медиатор: 1) медиацияны жүргізген кезде медиация тараптарының келісімімен ғана әрекет етуге; 2) медиация басталғанға дейін медиация тараптарына оның мақсаттарын, сондай-ақ олар­дың құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге міндетті. 3. Кәсіпқой медиатор медиаторлар қауым­дастығы (одағы) бекітетін Медиатор­лардың кәсіптік этикасы кодексін сақтауға міндетті. 4. Медиатордың Қазақстан Республи­касының заңнамасында көзделген басқа да құқықтары мен басқа да міндеттері бар. 11-бап. Медиация тараптарының құқықтары мен міндеттері 1. Медиация тараптары: 1) медиаторды (медиаторларды) ерікті түрде таңдауға; 2) медиатордан бас тартуға; 3) медиацияның кез келген сәтінде оған қатысудан бас тартуға; 4) медиацияны жүргізуге жеке өзі немесе өкілеттіктері заңда белгіленген тәртіп­пен ресімделген сенімхатқа негізделген өкілдері арқылы қатысуға; 5) дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді орындамаған немесе тиісті дәре­жеде орын­дамаған кезде сотқа немесе оған байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медиация жүзеге асырылған, іс жүргізуінде жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға жүгінуге құқылы. 2. Медиация тараптары дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға міндетті. 3. Медиация тараптарының Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтары мен басқа да міндеттері бар. 12-бап. Медиатордың бас тартуы 1. Медиация тараптары өзара келісім бойынша басқа медиаторды таңдауға құ­қылы. Азаматтық немесе қылмыстық сот ісін жүргізу барысында медиацияны жүргізу ке­зінде тараптар бұл туралы сотқа не қыл­мыс­тық қудалау органына хабарлауға міндетті­. 2. Медиация қағидаттарына сәйкес медиа­тор­дың өз функцияларын жүзеге асыруына кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған жағдай­да, медиатор дереу өздігінен бас тартуды мәлім­деуге міндетті. 3. Егер медиатордың пікірі бойынша ме­диацияны жүргізу процесіндегі одан арғы күш-жігер тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) шеше алмайтын болса, медиатор оны жүргізуден бас тартуға не тараптардың жазбаша нысанда бекі­тілген келісімімен медиацияны тоқтатуға құқылы. 13-бап. Медиаторлар ұйымдары 1. Медиаторлар ұйымдары медиатор­лардың бастамасы бойынша «Коммерция­лық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Респуб­ликасының Заңында көзделген ұйымдық-құқықтық нысан­дарда құрылған коммерциялық емес, мемлекеттік емес, өзін-өзі қаржыландыратын және өзін-өзі басқаратын ұйым болып табылады. 2. Медиаторлар ұйымы медиаторлар­дың медиацияны жүргізу жөнінде қызмет­тер көрсе­туiнiң материалдық, ұйымдық-құқықтық және өзге де шарттарын қамта­масыз ету мақсатында құрылады. 3. Медиаторлар ұйымдары медиация бойын­ша тиісті даярлықтан өткені туралы құжат (сертификат) бере отырып, медиа­тор­­ларды кәсіби даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды өткізуге құ­қылы. 4. Медиаторлар ұйымдары өз қызме­тін үйлестіру, медиаторлардың кәсіби қызметінің стандарттарын (қағидаларын), медиацияны жүр­гізу тәртібін (регламентін), медиация тараптары­ның медиатор­ларға сыйақы төлеу тәртібін әзірлеу және біріздендіру мақсатында қауымдас­тыққа (одаққа) бірігуге құқылы. 5. Медиаторлар ұйымына немесе медиаторлар қауымдастығына (одағына) кіру ерікті негізде жүзеге асырылады. Бұл ретте медиаторлар ұйы­мының немесе медиаторлар қауымдасты­ғының (одақтың) кіру жарнасын алуына жол берілмейді. 6. Медиаторлар қауымдастығы (ода­ғы) Медиаторлардың кәсіптік этикасы кодексін әзірлеуге және оны бекітуге құқылы. 14-бап. Медиаторлар ұйымдарының кәсіпқой медиаторлар тізілімін жүргізуі 1. Әрбір медиаторлар ұйымы Қазақ­стан Республикасының аумағында медиа­цияны жүзеге асыратын кәсіпқой медиа­тор­ларының өзінің тізілімін жүргізеді. 2. Медиаторлар кәсіпқой медиаторлар тізіліміне қосылу үшін медиаторлар ұйы­мына жеке куәлігінің көшірмесін (салыс­тырып тексеру үшін жеке куәлігінің түп­нұс­қасын ұсынбаған жағдай­да нотариат куәландырған көшірмесін); үміткер­ге тұрғылықты жері бойынша наркологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдар­дан және психоневрологиялық ұйымнан берілген меди­циналық анықтамаларды; сот­­тылығының жоқты­ғы туралы анықта­маны, жоғары білімі туралы дипломының және медиация бойынша ар­найы даярлық­тан өткендігін растайтын құ­жаттың (серти­фикаттың) көшірмелерін ұсынуы қажет. 3. Кәсіпқой медиаторлар тізілімі мыналарды қамтиды: 1) медиатордың тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болған кезде); 2) медиатордың заңдық мекен-жайы; 3) медиатордың байланыс деректері (пошта мекен-жайы немесе электрондық поштаның мекен-жайы не телефон немесе телефакс нөмірі); 4) медиатордың маманданып жүрген медиация саласы туралы мәліметтер; 5) медиатордың медиацияны жүзеге асыра алатын тілі туралы мәліметтер; 6) медиаторларды даярлау бағдарла­ма­сы бойынша оқытудан өткенін растай­тын құжаттың (сертификаттың) бар екендігі туралы мәліметтер; 7) медиатордың қызметін тоқтата тұру туралы мәліметтер. 4. Медиаторлар ұйымы медиаторлар­ды осы Заңның осы бабының 3-тармағы­ның және 9-ба­бы­ның талаптарына сәйкес болған жағдайда тиісті өтінішті алған күннен бастап он күн ішінде хабарлау тәртібімен кәсіпқой медиаторлар тізіліміне қосады. Медиаторды кәсіпқой медиаторлар тізіліміне қоспаған жағдайда медиаторлар ұйымы тиісті өтінішті алған күннен бастап он күн ішінде бас тарту себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап беруге міндетті. 5. Егер тиісті жылдың 25 желтоқса­нына дейінгі мерзімде медиатор тізілімде болу мерзімін кезекті күнтізбелік жылға ұзарту туралы өтініш бермесе, медиаторлар күнтізбелік жыл аяқталған соң кәсіп­қой медиаторлар тізілімінен шығары­лады. Тізілімде болу мерзімін ұзарту туралы өті­нішті электрондық түрде медиаторлар ұйы­мы­ның электрондық мекен-жайына ұсынуға болады. 6. Кәсіпқой медиаторлар тізілімі медиаторлар ұйымының интернет-ресурсын­да қазақ және орыс тілдерінде орналас­тырылуға және оған медиаторларды енгізу шамасына қарай жаңартылуға тиіс. Медиаторлар ұйымдары мерзімді баспасөз басылымдарында кәсіпқой медиаторлар тізілімін жариялауға құқылы. 7. Медиатор осы Заңның талаптарын бұзған жағдайда медиация рәсіміне қа­тысу­шы тараптар тиісті өтінішпен медиаторлар ұйымына жүгінуге құқылы. Бұзу­шылық расталған кезде медиаторлар ұйы­мы бұл туралы кәсіпқой медиаторлар тізілімінде көрсете отырып, медиатордың қызметін алты ай мерзімге тоқтата тұрады. 8. Медиаторлар ұйымының медиатор­ды кәсіпқой медиаторлар тізіміне енгізуден бас тарту, одан шығару, оның қызметін тоқтата тұру туралы шешіміне сотқа шағымдануына болады. 15-бап. Жергілікті қоғамдастық мүшелерінің медиацияны жүргізуі 1. Өз қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыратын медиаторлармен қатар медиацияны жергілікті қоғамдастықтың жиналысы (жиыны) осындай мақсатта сай­лайтын жергілікті қоғам­дас­тықтың өмірлік тәжірибесі мол, абыройлы және мінсіз беделі бар мүшелері жүргізе алады. 2. Жергілікті қоғамдастық мүшелерін кәсіпқой емес медиаторлар ретінде сайлау туралы жергілікті қоғамдастық жиналы­сының (жиынының) хаттамасы он жұмыс күні ішінде осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көздел­ген құжаттармен, сондай-ақ 16-бабының 3-тармағына сәйкес мәліметтермен қоса кәсіпқой емес медиаторлар тізіліміне қосу үшін уәкілетті органға жіберіледі. 16-бап. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің кәсіпқой емес медиаторлар тізілімін жүргізуі 1. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (село­лық) округ әкімі (бұдан әрі – уәкілетті орган) Қазақстан Республикасының аумағын­да кәсіби емес негізде медиацияны жүзеге асыратын кәсіпқой емес медиаторлардың тізілімін жүргізеді. 2. Медиацияны кәсіби емес негізде жүзеге асыратын медиаторлар кәсіпқой емес медиаторлар тізіліміне қосылу үшін уә­кі­летті органға жеке куәліктерінің кө­шір­­мелерін (салыстырып тексеру үшін жеке куәлігінің түпнұсқасын ұсынба­ған жағ­дайда нотариат куәландырған көшірме­сін); үміткердің тұрғылықты жері бойынша наркологиялық көмек көрсететін медици­налық ұйымнан және психоневрологиялық ұйымнан берілген медициналық анықтама­ларды; соттылы­ғының жоқтығы туралы анықтаманы қоса ұсына отырып жүгінуге міндетті. 3. Кәсіпқой емес медиаторлар тізілімі мыналарды қамтиды: 1) медиатордың тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болған кезде); 2) медиатордың заңдық мекен-жайы; 3) медиатордың байланыс деректері (пошта­лық мекен-жайы немесе электрондық поштаның мекен-жайы не телефон немесе телефакс нөмірі); 4) медиатордың маманданып жүрген медиация саласы туралы мәліметтер; 5) медиатордың медиацияны жүзеге асыра алатын тілі туралы мәліметтер; 6) медиатордың қызметін тоқтата тұру туралы мәліметтер. 4. Уәкілетті орган медиаторларды осы Заңның осы бабының 2-тармағының және 9-бабының талаптарына сәйкес болған жағдайда тиісті өтінішті алған күннен бастап он күн ішінде хабарлау тәртібімен кә­сіпқой емес медиаторлар тізіліміне қосады. Медиаторды кәсіпқой емес медиаторлар тізіліміне қоспаған жағдайда уәкілетті орган тиісті өтінішті алған күннен бастап он күн ішінде бас тарту себептері туралы жаз­баша түрде дәлелді жауап беруге міндетті. 5. Егер тиісті жылдың 25 желтоқса­нына дейінгі мерзімде тізілімде болу мерзімін кезекті күнтізбелік жылға ұзарту туралы медиаторлар­дың өтініші ұсыныл­маса, медиаторлар күнтіз­белік жыл аяқтал­ған соң кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінен шығарылады. Тізілімде болу мерзімін ұзарту туралы өтінішті электрондық түрде уәкілетті органның электрондық мекен-жайына ұсынуға болады. 6. Кәсіпқой емес медиаторлардың тізілімі уәкілетті органның интернет-ресур­сында не жұртшылық үшін қолжетімді жерлерде қазақ және орыс тілдерінде орна­ластырылуға және оған медиаторлардың енгізілуіне қарай жаңар­тылып отыруға тиіс. Уәкілетті орган мерзімді баспасөз басылым­дарында кәсіпқой емес медиаторлар тізілімін жариялауға құқылы. 3-тарау. МЕДИАЦИЯНЫ ЖҮРГІЗУ 17-бап. Медиацияны жүргізу тәртібі 1. Медиация осы Заңның талаптарына қайшы келмейтін тараптар келіскен тәртіп бойын­ша жүргізіледі. 2. Медиаторлар ұйымдары бекіткен медиа­цияны жүргізу тәртібі (регламенті) тараптардың келісімімен қолданылуы мүм­кін. 18-бап. Медиацияны жүргізу орны және уақыты 1. Тараптар өздерінің қалауы бойынша ме­диацияны жүргізу орны туралы уағдаласа алады. 2. Медиатор медиацияны жүргізу күні мен уақытын тараптардың келісімімен айқындайды. 19-бап. Медиацияны жүргізу тілі Тараптар медиацияны жүргізу бары­сында пайдаланылатын тіл немесе тілдер туралы өздерінің қалауы бойынша уағда­ласа алады. 20-бап. Медиацияны жүргізу шарттары 1. Медиацияны жүргізу тараптардың өзара келісімі бойынша және олардың арасында медиация туралы шарт жасалған кезде жүзеге асырылады. 2. Жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туын­дайтын дауларды реттеу кезіндегі медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талқы­лауы басталғаннан кейін де қолданылуы мүмкін. 3. Судьялардың және қылмыстық қуда­лауды жүзеге асыратын органдар лауа­зымды тұлғаларының тараптарды қандай да болмасын нысанда медиацияға мәж­бүрлеуге құқығы жоқ. 4. Тарапқа медиацияға жүгінуге ұсы­ныс­ты басқа тараптың өтініші бойынша, сот немесе қылмыстық қудалау органы жасауы мүмкін. 5. Медиацияны жүргізу медиация тарапта­ры медиация туралы шарт жасас­қан күннен басталады. 6. Егер тараптардың бірі медиацияға жүгіну туралы ұсынысты жазбаша түрде жіберсе және оны жіберген күннен бастап он күн ішінде немесе ұсыныста көрсе­тілген өзге де орынды мерзімде медиация рәсімін қолдануға басқа тараптың келісімін алмаса, мұндай ұсыныс қабылданбаған болып есептеледі. 7. Медиацияны жүргізу үшін тараптар өзара келісім бойынша бір немесе бірнеше медиа­торды таңдайды. 8. Медиаторлар ұйымы, егер тараптар атал­ған ұйымға тиісті өтініш жіберсе, медиатор­дың (медиаторлардың) канди­датурасын ұсына алады. 9. Медиацияны өткізу мерзімдері осы Заңның 23-бабы 1-тармағының және 24-ба­бы 4-тармағының талаптарын ескере оты­рып, медиация туралы шартпен айқын­далады. Егер медиация азаматтық не қылмыс­тық процесс шеңберінен тыс жүзеге асырылатын болса, медиатор мен тараптар аталған рәсім күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімде тоқтатылуы үшін бар­лық ықтимал шараларды қабылдауға тиіс. Айрықша жағдайларда шешілетін даудың (дау-шардың) күрделілігіне, қосым­ша ақпаратты немесе құжаттарды алудың қажетті­лігіне байланысты медиацияны жүргізу мерзімі медиация тараптарының уағдаласуы бойынша және медиатор келіскен кезде ұлғайтылуы мүм­кін, бірақ ол күнтізбелік отыз күннен аспайды. 21-бап. Медиация туралы шарттың нысаны мен мазмұны 1. Тараптар дауды (дау-шарды) медиация арқылы шешу туралы өзара келіскен жағдайда жазбаша нысанда ресімделген медиация туралы шарт жасалады. 2. Медиация туралы шарттың маңыз­ды талаптары: 1) медиация туралы шарттың жасал­ған күні, уақыты және орны; 2) дау (дау-шар) тараптарының атаула­ры, өкілеттіктері көрсетілген олардың өкіл­дерінің тегі және аты-жөні, лауазымдары; 3) даудың (дау-шардың) нысанасы; 4) медиация тараптары таңдаған медиатор (медиаторлар) туралы мәліметтер; 5) медиацияны жүргізуге байланысты шы­ғыс­тардың, ал медиацияны кәсіби негізде жүзеге асырған жағдайда – медиа­цияны жүргізгені үшін медиаторға (медиа­торларға) сыйақы төлеудің шарттары, тәртібі және мөлшері; 6) медиацияны жүргізу тілі; 7) медиацияны жүргізудің құпиялы­лығы туралы тараптардың міндеттемесі және мұндай міндеттемені орындамаудың салдары; 8) медиация тараптарының дауды (дау-шарды) реттеуге қатысатын медиатор­дың медиация тараптары үшін шығын (залал) келтірген әрекеті (әрекетсіздігі) үшін жауапкершілігінің негіздері мен көлемі; 9) тараптардың деректемелері (жеке басын куәландыратын деректер, тұрғы­лықты жері, байланыс телефондары); 10) медиацияны жүргізу мерзімі; 11) медиацияны жүргізу тәртібі болып табылады. 3. Тараптардың келісімі бойынша медиа­торларға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін. 4. Тараптар медиация тараптарының медиаторға медиация жүргізгені үшін сыйа­қы төлеу шарттары, тәртібі және мөл­шері медиаторлар ұйымы бекіткен тәртіп­пен (регламент) белгіленетіні туралы уағдаласа алады. 22-бап. Медиацияны жүргізуге байланысты шығыстар 1. Медиацияны жүргізуге байланысты шығыстар мыналарды қамтиды: 1) медиаторға сыйақы төлеу; 2) медиацияны жүргізуге байланысты медиатор шеккен шығыстар, оның ішінде дау қаралатын жерге жол жүру ақысын төлеуге, қонақүйде тұруға және тамақ­тануға арналған шығыстар. 2. Кәсіби медиаторлар медиацияны ақылы да, тегін негізде де жүзеге асырады. 3. Кәсіпқой медиатор (медиаторлар) сыйақысының мөлшері медиация бастал­ғанға дейін медиатормен (медиаторлармен) тараптар­дың келісімі бойынша айқын­далады. 4. Егер тараптардың келісімімен өзге­ше белгіленбесе, медиацияны жүргізуге байланысты шығыстарды тараптар бірлесіп тең үлестермен төлейді. 5. Егер медиатор өзінің бейтарап­тығына кедергі келтіретін мән-жайларға байланысты медиацияны жүргізуден бас тартса, ол тараптар­дың өзіне төлеген ақшалай сомасын қайтаруға міндетті. 6. Кәсіпқой емес медиаторларға осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында аталған медиацияны жүргізуге байланысты өздері шеккен шығыстар өтеледі. 23-бап. Медиацияның жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастары саласындағы ерекшеліктері 1. Медиация жеке және (немесе) заң­ды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасы­лық және өзге де құқық қатынас­тарынан туын­дайтын дауларды реттеу кезінде медиация тура­лы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Қажет болған жағдайда тараптардың өзара шешімі бойын­ша медиацияны жүргізу мерзімі күнтізбе­лік отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін, бірақ жиынтығында ол күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс. 2. Медиация соттың қарауында жат­қан жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туын­дайтын дауларды реттеу кезінде медиация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Қажет болған жағдайда тараптар­дың бірлескен жазбаша хабар­ламасы бойынша медиацияны жүргізу мерзімін сот күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартуы мүмкін, бірақ жиынты­ғында ол күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс. 3. Соттың қарауында жатқан жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынас­тарынан туындайтын дау­лар­ды реттеу бойынша медиация туралы шарт іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға негіз болып табылады. 4. Азаматтық процесс шеңберінде жүр­гізілген медиация тоқтатылған жағдай­да тараптар іс жүргізуінде азаматтық іс жатқан сотқа тез арада: 1) дауды реттеу туралы келісімге қол қойылған жағдайда – аталған келісімді; 2) өзге жағдайларда – осы Заңның 26-бабында көзделген негіздерді көрсете отырып, медиацияны тоқтату туралы жазбаша хабарламаны жіберуге міндетті. 24-бап. Қылмыстық сот ісі барысында жүргізілетін медиацияның ерекшеліктері 1. Тараптардың медиация туралы шарт жасасуы қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұрмайды. 2. Медиацияға қатысу фактісі медиация та­рапы болып табылатын сот ісін жүргізуге қаты­сушының кінәні мойын­дауының дәлелі бола алмайды. 3. Егер медиацияны жүргізу кезінде тараптардың бірі кәмелетке толмаған болып табылса, педагогтің немесе психо­логтің қатысуы міндетті. 4. Қылмыстық сот ісін жүргізу бары­сындағы медиация қылмыстық процес­суалдық заңында белгіленген сотқа дейінгі және сотта іс жүргізу мерзімдерінде жүзеге асырылуға тиіс. 5. Дау-шарды реттеу туралы келісімге қол қоюдан бас тарту медиация тарапы болып табылатын сот ісін жүргізуге қаты­су­шының жағдайын нашарлата алмайды. 6. Қылмыстық процесс шеңберінде жүргізілген медиация тоқтатылған жағдай­да тараптар іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға дереу: 1) дау-шарды реттеу туралы келісімге қол қойылған жағдайда – аталған келісімді; 2) өзге жағдайларда – осы Заңның 26-бабында көзделген негіздерді көрсете отырып, медиацияны тоқтату туралы жазбаша хабарламаны жіберуге міндетті. 25-бап. Медиацияның отбасылық қатынастар саласындағы ерекшеліктері 1. Некені жалғастыруға, ата-ана құ­қық­тарын жүзеге асыруға, балалардың тұр­ғылықты жерін белгілеуге, ата-анала­рының балаларды бағып-күтуге салымына қатысты ерлі-зайыпты­лар арасындағы келіспеушіліктер, сондай-ақ от­ба­сылық қаты­настардан туындайтын басқа да келіспеушіліктер медиация арқылы шешілуі мүмкін. 2. Медиацияны жүргізген кезде медиатор баланың заңды құқықтарын ескеруге тиіс. 3. Егер медиация барысында баланың қалыпты өсуіне және дамуына қауіп төндіретін немесе төндіруі мүмкін немесе оның заңды мүдделеріне елеулі залал келтіретін фактілер белгілі болса, медиатор баланың құқықтарын қорғау жөніндегі өкілеттікті жүзеге асыратын органға жүгінуге міндетті. 26-бап. Медиацияны тоқтату Медиация: 1) тараптар дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімге қол қойған жағдайда – мұндай келісімге қол қойылған күннен бастап; 2) медиатор дауды (дау-шарды) медиация арқылы шешу мүмкіндігін болдыр­майтын мән-жайларды анықтаған жағ­дайда; 3) тараптар дауды (дау-шарды) медиация арқылы шешудің мүмкін еместігіне байланысты медиациядан жазбаша бас тартқан жағдайда – тараптар жазбаша бас тартуға қол қойған күннен бастап; 4) тараптардың біреуі медиацияны жалғас­тырудан жазбаша бас тартқан жағдайда – медиатор жазбаша бас тартуды жіберген күннен бастап; 5) медиацияны жүргізу мерзімі аяқталған жағдайда – осы Заңның 23 және 24-баптарының ережелерін ескере отырып, ол аяқталған күннен бастап тоқтатылады. 27-бап. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім 1. Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды. 2. Келісімде медиация тараптары, даудың (дау-шардың) нысанасы, медиатор (медиаторлар) туралы деректер, сондай-ақ тараптар келіскен келісімнің шарттары, оларды орындау тәсілдері мен мерзімдері және оларды орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдары қамтылуға тиіс. 3. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға тиіс. 4. Азаматтық істі сотта қарағанға дейін жасалған дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім тараптардың азаматтық құқықтары мен мiн­деттерiн белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған мәмілені білдіреді. Мұндай келісім орын­дал­маған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда, келісімді бұзған медиация тара­пы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жауаптылықта болады. 5. Азаматтық процесс барысында медиация­ны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу тура­лы келісім дереу іс жүргізуінде азаматтық іс жатқан судьяға жіберіледі. Дауды реттеу туралы келісімді сот Қазақстан Респуб­ликасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген тәртіппен бекітеді. Бұл ретте төленген мемлекеттік баж Қазақ­стан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген тәртіппен төлеушіге қайта­рылуға тиіс. 6. Қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дау-шарды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген залалдың ор­нын толтыру және қылмыс жасаған адам­ның жәбірленушімен татуласуы жолымен дау-шарды реттеу туралы келісімді білдіреді. 7. Аталған келісім дереу іс жүргізуін­де қылмыстық іс жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға жіберіледі және Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген жағдай­ларда қылмыстық қудалауды болдырмай­тын не оны жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жай болып табылады. 8. Дау-шарды реттеу туралы келісім оған тараптар қол қойған күні күшіне енеді. 4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР 28-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі Осы Заң алғашқы ресми жариялан­ғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының  Президенті       Н.НАЗАРБАЕВ. Астана, Ақорда, 2011 жылғы қаңтардың 28-і.  №401-IV ҚРЗ