• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2011

Секталардың мақсаты не?

1742 рет
көрсетілді

Жазылған жайдың жаңғырығы «Егемен Қазақстан» газетінің 25 қаңтар күнгі санындағы Сейфолла Шайынғазының «Сыға­лаған секталар, мардамсыған миссионерлер» атты мақаласында айтылғандай, расында да, соңғы жылдары еліміздің барлық аймағында дерлік пиғылы мен мақсаты теріс секталардың емін-еркін әрекет етіп жатқандығы жүректі ауыртатын індетке айналып бара жатқандай. Мақалада бірнеше секталардың атын атап, қайдан шыққандығы жайында жақсы мәлімет беріп өткен. Келімсек секталар елуінші жыл­дар­дағы тың игеру секілді тәуелсіздік алғаннан бастап қазақ даласында дін игеруге көшкендей. Шынтуайтына келгенде, қазақ даласы мен халқы дінсіз емес еді. Кеңес өкіметі 70 жыл бойы дінсіздік идеологиясын жүргізгенімен барша қазақ­ты дінсіз ете алған жоқ. Қоғамда діни іс-шаралар мен жоралғылар ресми түрде болма­ғанымен ислам діні­нің этикасы мен қа­ғи­далары біздің тәрбиеміз бен салт дәстүрімізге сіңісіп, біте қайнасып жатты. Сол себепті біздің салт-дәстүрімізді ислам дінінен, имандылықтан бөліп қарау әсте мүмкін емес. Біле-білсек, Қазақ даласына ислам діні 751 жылы тамыз айында Талас өзені бойындағы Атлақ деген жерде қытайлар мен Салих бин Зияд бастаған мұсылман араб әскерлері арасындағы бірнеше күнге созылған қиян-кескі шайқастан кейін жайыла түсті. Осы шайқаста бабаларымыз арабтарға болысып, жеңістің оңды шешілуіне көп ықпал етеді. Міне, осыдан бастап ислам діні қазақ даласына жайыла бастады. Осыдан көп ұзамай қазақ даласынан екінші Аристотел атанған Әбу Насыр әл-Фараби сынды ұлы ғалым шықты. Ал Жібек жолының бойында Отырар, Түркістан, Сығанақ, Сайрам т.б. үлкенді-кішілі қалалар бой көтерді. Ол қалалар сауда-саттық орталығы ғана болып қоймай дінім ислам, тегім түркі деген қаншама мәшһүр ғалымдарды шы­ғар­ды. Тарихтың қойнауына кеткен Отырар шаһарындағы кітапхана исі қазаққа мәлім. Сол кітапханадағы кітаптардың басым көпшілігі діни әдебиеттер екендігін және барлығы араб тілінде жазылғандығын айта аламыз. Олай дейтініміз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет бір ғана Отырардан отызға жуық Фараби­лер­дің шыққандығын «Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері» атты кітабында баяндап өтеді. Бертін келе Абай, Шәкәрім, Ыбырай сынды алаштың бетке ұстар зиялы азаматтары дін, имандылық мәселесінде көптеген келелі ойлар айтып, қалам сермеп кетті. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың дені де діннен хабары барлар еді. Егер сектанттар немесе кейбір мұсылман бауырларымыз айтқанындай қазақ даласында дін болмаса, жоғарыда қысқаша айтып өткен тарихи шындық қайда қалмақ? Қазақ даласында көптеген мешіттер мен медреселер болғаны ақиқат. Өкінішке орай, олар солақай саясат нәтижесінде қиратылды. Мысалы, бір ғана Батыс Қазақстан облысына көз жүгіртсек, сол кездегі Бөкей хандығында Ақ патшаның тұсында 1873 жылы 144 мешіт болған. Жәңгір хан 300-ден аса молда ұстаған. Мақсаты әрбір 170 үйге 1 молда тағайындап, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бо­йы­на имандылық тәр­бие­сі­мен қатар ізгілік нұ­рын ұялату еді. Бұл тек бір облыстағы дерек қ­а­на. Осы мәселеге байла­ныс­ты дінбасы­мыз Әб­сат­тар қажы Дер­бісәлі хазрет 2009 жылы біздерге және кейінгі ұр­паққа үлгі болатындай «Қазақ­станның мешіттері мен медреселері» атты үлкен еңбек жазды. Міне, осы кітапта күні бүгінге дейін жеткен тарихи мешіт-мед­реселер қамтылған. Тәуелсіздік алғаннан бері еліміздің түпкір-түпкірінде күн санап ашылып жатқан мешіттер қазақ халқының дінсіз еместігіне айқын дәлел деп білеміз. Бұл тұрғыда Елбасымыз асыл дініміз бен имандылығымызға үлкен қолдау көрсетіп, қамқорлығына алып отырғаны үшін біз, дін өкілдері Елбасымызды шын ықыласпен мақтан етеміз. Елбасымыз елордамыздағы Нұр-Астана мешітін әуежайдан қалаға кірген бетте бірінші болып көрінетіндей етіп салдыруының өзі барша теріс пиғылды секталар жетегінде кеткендерге ой салуы тиіс. Бұл дегеніміз «Бұл қазақ елі, мұсылман ел» дегенді білдіреді. Себебі, шетелден келген қонақтар әуежай арқылы елорда­мызға кіргенде Елбасымыздың көреген сая­сатын бірден түсінері сөзсіз. Енді осы секталардың мақсаты не? Бұл сұраққа әртүрлі жауап беруге болады. Дегенмен сол секталардың басты мақсаты жайында ортақ қорытынды шығаруға болады. Біріншіден, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне зиян тигізу. Қайсы бір сектаны алатын болсақ, ешбірі қазақтың мұңын мұңдап, күйін күйттеу үшін келмегендігі анық. Түрлі сектаның жетегіне кету арқылы отбасын ойрандатып, қоғамды шулатып, тыңшылық, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізуі бек мүмкін. Екіншіден, дамыған немесе даму үстіндегі тыныш жатқан бір елді тоқырауға жіберудің бір тәсілі түрлі діни ағымдар арқылы қоғам ішінде іріткі тудыру. Мәселен, ислам әлемі­нің тарихына қарасақ, дұш­пандары май­данда жеңе алмаған соң мұ­сыл­мандарды әл­сірету үшін түрлі теріс ағым­дарды қолдан жасап, мұ­сыл­ман жамаға­тын дүрда­раз етіп, ын­ты­мақ пен бірлікті ыды­­ра­тып, мемлекетті әлсіреткен. Үшіншіден, мемле­кеттің бола­ша­ғы білім мен ғылымға, экономика мен көреген саясатқа байланысты. Ал секталар білім мен ғылымға қарсы. Тәп-тәуір оқып жүрген студент сектаға кірген бойда оқуы нашарлап, тіпті тастап кетіп жатады. Себебі, оған мемлекеттің болашағы қажет емес. Төртіншіден, болашақ жастардың қолында деп білеміз. Олай болса, секталар біздің бола­шағымыз деп үміт артып отырған жастары­мызды өз қатарларына тартумен келешекке қауіп төндіреді. Олардың жетегіне кеткен жастар елі­міздің заңын құрметтемейді, әскерге бар­майды, қолына қару алып отанын қорға­майды, салты­мыз мен мәдениетімізге атүсті қарайтын болады. Сол себепті жастарымызды имандылыққа, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген асыл дініміз исламға баулысақ, түрлі жат ағымдардың жетегіне кетпейтін болады. Сонымен қатар иманды жас отанын, елін, жерін сүйетін, салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін берік ұс­тайтын болады. Өйткені, Мұхаммед пайғам­барымыз (с.ғ.с.): «Отанды сүю иманнан», – деген. Мәселен, Еуропа елдерінде мектеп қабырғасынан, яғни 4-5 сыныптан бастап өз елінің ресми дінін арнайы пән ретінде үйретеді. Өз дінін жастайынан санасына сіңірген баланы қандай секта болмасын арбай алмасы анық. Сол себепті ол елге сектанттар барғанымен бос қайтатындықтан, Еуропа бұл мәселеде өзге елдерге бізде дін бостандығы бар деп жар салады. Бесіншіден, уақыт өте келе дінаралық қақтығыс тудырады. Әлем оқиғаларына көз тіккенімізде дінаралық кикілжіңдер мен қақ­ты­ғыстарға куә болып жатамыз. Әрине, 16 миллион халқы бар Қазақстанға 40 түрлі конфессия (дін) өте көп. Мысалы, соңғы уақыттарда кейбір отбасыларда әкесі бір дінді, баласы бір дінді, анасы бір дінді ұстанатын халге келдік. Алла сақтасын, осындай отбасыларда кикілжің туа­тын болса, әркім өз жақтастарын мәселеге ара­лас­тырып, арты бітпес жанжалға ұласып кетуі мүмкін. Алтыншыдан, қоғамды діннен, руханияттан алшақтату арқылы қоғамды дінге қарсы қояды. Секталар дәл осылай тайраңдап білгендерін жасай берер болса, болашақта қоғамды діннен, руханияттан азарда-безер ететін халге жеткізеді. Діни секталардың әрекетіне күйінген халық дінге деген көзқарасы өзгеріп, дінсіздікке ұшырауы мүмкін. Мысалы, қазіргі кезде сақалды кісіні көрсе, ажы­ратып жатпастан бірден уаһһабист деп қорқады. Әрине, әрбір са­қалды кісі уаһһабист емес. Қоғам діннен, иман­дылық­тан ал­шақ­таса, рухани аз­ғын­дық басталады. Рухани азғындау қоғамның, ұлттың іштей ыдырауына, артынан жойы­луына алып баратын негізгі фактордың бірі. Қазақ даласы дін игерілетін, яки діни идеоло­гия­ның сынақтан өтетін жері емес екендігін жат пиғыл­ды секта басшылары мен қосшыларына көкі­регімізді керіп тұрып айтқымыз келеді. Елбасы­мыздың мына бір қанатты сөзін саналарына құйып алсын демекпіз: «Дініміз ислам, тегіміз түркі, Қасиетті кітабымыз Құран». Қорыта айтар болсақ, тайраңдаған секталарға қоғам болып қарсы тұрып күреспесек, ертеңгі күні әттегенайлап қалуымыз мүмкін. Секталарға қарсы күрес тек бір ғана мешіт имамының міндеті емес, Отан баршамызға ортақ қасиетті мекен болғандықтан заң шеңберінде жұмыла кіріскен жөн. Смайыл СЕЙІТБЕКОВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, философия ғылымдарының  кандидаты.