• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2016

Ауылдастарына саяхат сыйлады

273 рет
көрсетілді

Екі күнге созылған елорда тойынан ен­­тігімізді енді ғана басқандаймыз. Сан түрлі салтанатты шаралар, керемет кештер, көңілді концерттер, бәрі-бәрі осы тойдың жоғары дәрежеде өтуі үшін жасалған жобалар. Айтулы күндер аяқталғанымен, ес­те­ліктері ескерткіш болып санамызда сап түзері сөзсіз. Биылғы Астана күнін асыға күт­кендердің қатарына ОҚО, Ордабасы ауданы, Көкарал ауылының оқушыларын қосуға болады. Өткен жылы аталған ауылда респуб­лика­лық бюджет есебінен салынған 300 орындық мектеп пайдалануға берілген-ді. Жаңа білім ордасы оқуға қажетті құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Атап айтсақ, компьютер кабинеті мен интерактивті тақта және оқушыларды еңбекке баулитын арнайы кабинеттер бар. Заманауи талаптарға сай жабдықталған оқу ошағының ашылуы ауыл жұртын қуантып қана қоймай, сонымен қатар, келелі келешекке деген сенімдерін арттыра түскендей. Аталмыш мектептің ашылу салтанатында шәкірттердің үкілеген үміттерін одан әрі жігерлендіру мақсатында сол ауылдың түлектері ағайынды Мырзабек, Бабабек және Жарқынбек Кужимовтар сыйлық ретінде үздік оқыған 12 оқушы мен үздік 3 мұғалімді Астана күні қар­саңында елордамызда тегін қонақ қылуға уәде берген болатын. Уәденің аты уәде. Орындасаң сауап. Бірақ, шаруасын шардай домалатқан азаматтар үшін он бес адамды қыдырту, жатар орынға жайғастыру, ару қаланы аралату аса қиындық туғызбаған сияқты. Оның үстіне, өз ауы­лыңның тумалары болса бөлек әңгіме тіптен. Сонымен, жүрдек пойыздың жүгенін босатып, шырайлы «Шымқаладан», арайлы Астанаға көрікті көш келді. Екі күнге жос­парланған серуенді сергек, қызметті қызықты атқару үшін екі автобус та дайын тұр. Жол көрсетуші жандар да әзір. Алғашқы күні «Бәйтерекке» бас сұғып, Ұлттық музейге үңіліп, «Думан» ойын-сауық орталығына жол алып, соңында кеш­кі Астананың кереметтеріне куә болды. «Еліміздің жүрегі, арман қала Астананы көру біз үшін арман болатын. Бүгін, міне, Ас­тананың ғажап жерлерін көріп керемет әсер алдық. Ол үшін Мырзабек ағамызға айтар алғысымыз шексіз. Осындай игі шараны ұйымдастырған Мырзабек ағамызды Ордабасы ауданының әкімі Алмасбек Кеңесбекұлы және білім бөлімінің басшысы Майхан Ыдырысұлы «Алғыс хатпен» ма­рапаттады. Бұл да азаматтың еңбегін бағалау шығар. Әсем қала Астанамыз көркейе берсін. Ел қамын ойлайтын Мырза­бектей ағалар көп болсын», – деді аталмыш мектептің мұғалімі Баян Сариева. Ұрпақтың болашағына ұлттың әрбір азаматы жауапты емес пе. Бұл орайда Көкарал ауылы азаматтарының атқарған ісін көзге ілмей кетуге әсте болмас. Себебі, қазір садақа бермейтін сараңбайлар кө­бейген заман болды ғой. Ал соларға өз ақшасын қиып тұрып, ауылдастарын жиып тұрып, дүниеден азаматтықты биік қылып көр­сететін осындай жігіттер үлгі болуы керек. «Мен Астанаға келгеніме қуанышты­мын. Біз алғашқы күні Есілге жол тарт­тық. Ерке Есілдің жағасында Астана гүл­дей құлпырып, жайнап тұрды. Содан кейін Бәйтерекке бардық, Бәйтеректе Елбасымыздың қолтаңбасына қолымды қойғанда, бойымды ерекше сезім биледі. Ұлттық музейге кіргенде бірден көзімізге алтын шарлардан құралған қыран және күн оттай басылды. Бұл біздің ұлттық рә­міздерімізді бейнелеп тұрды. Содан соң біз арнайы шоу көрсетіліміне қатыстық. Музейде қазақ халқының даму кезеңдерін түгел аралап, еліміздің тарихын көзбен көргендей әсер алдық. Музейден соң «Думан» ойын-сауық кешеніне бардық. Ондағы түрлі балықтар, джунгли әлемі қор­қынышты болғанымен маған ерекше ұнады. Астана түнде күндізгіден де жайнай түседі екен. Біз оны түнгі Астанада қыдырған сәтте сезіндік. Астана – арман­дар орындалатын қала. Мен Астанаға келесі жылы қайта келуге үміттімін», – дейді М.Жұмабаев атындағы жалпы орта мектептің 11-сынып оқушысы Құндызай Құдайберген. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан» Астана 
Соңғы жаңалықтар