Осындай пошта маркасы шықты
«Қазпошта» акционерлік қоғамы қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге арналған бес маркадан тұратын пошталық топтаманы айналымға шығарды.
– Әлемге әйгілі боксшыларымыздың бірі біздің пошта маркаларымызға шығарылды. Геннадий Қазақстан боксын насихаттау үшін, елімізді төрткүл дүниеге танымал ету үшін өте көп дүниелер жасады, – деді басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
Пошта маркаларының номиналдары – «А» литерлері 121 теңге, салмағы 20 грамға дейінгі заңды тұлғаларға арналған жерүсті көлігімен тасымалданатын қалыпты хатты жіберуге арналған тарифке сәйкес келеді. «В» литерлері – 200 теңге, 20 грамға дейінгі жерүсті көлігімен ТМД елдеріне тасымалданатын қалыпты хатты жөнелтуге арналған, «С» литерлері – 218 теңге, салмағы 20 грамға дейінгі жерүсті көлігімен Қазақстан аумағы бойынша тасымалданатын қалыпты хатты жөнелтуге жарайды.
Айта кетейік, Геннадий Головкин – орта салмақ дәрежесінде WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы. Ол 10 қыркүйек күні Лондон қаласында британиялық Келл Брукпен кезекті жекпе-жегін өткізеді. Қазақстандық боксшы осыған дейін өткізген 35 кездесуінің бәрінде жеңіске жетіп, олардың 32-ін нокаутпен аяқтаған. Ал 30 жастағы британиялықтың еншісінде 36 жекпе-жек. Бәрінде қарсыластарын ұтып, 25-ін уақытынан бұрын аяқтаған.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»