Жетісулық бизнесмендер бизнесін өрге домалатып қана қоймай, қоғамның рухани тәрбиесіне үлес қосуда. Айталық, жазиралы Жаркенттің кәсіпкерлері Ділмұрат Көзиев, Серік Ақсубаев және Тасқын Жапарқұл жаңа мешіт құрылысына 1 млн. АҚШ доллары көлемінде қаражат салды. Құрылыс 2015 жылы басталып, таяуда ғана аяқталып, қасиетті жұма күні пайдалануға берілді. Сәулетті құрылыс қасиетті орын ғана емес көрнекті мәдени нысанға айналды. Мешітке 1000 адам сыяды. Іргесінде 50 балаға арналған медресе де пайда болып, 1,5 гектар жерде балалар алаңы бой көтермек.
Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы, бас мүфти Ержан Малғажыұлы қатысып, кәсіпкерлерге игілікті ісі үшін алғыс айтты.
– Жаркентте жаңадан ашылған мешіт Алматы облысындағы 425-ші мешіт болды. Кәсіпкерлеріміз бірінші Алланың, сосын ауылдастарының алдындағы парызын өтеу үшін өз қаражаттарын жұмсады. Қайырымдылық таныта отырып, ауыл адамдарының тілегін орындады. Бұл нысандар өскелең ұрпақты уақыт талабына сай білім алуға, Отанды сүюге тәрбиелесе деген басты мақсатымыз бар, – дейді Алматы облысы бойынша кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Панфилов ауданы