• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Шілде, 2016

Бұқтырма көпірі қашан салынады?

448 рет
көрсетілді

Күршімдік ағайынға ортақ бір арман болса, ол – Бұқтырма су қойма­с­ына салынуы тиіс көпір шығар. Таяуда Күршім ауданында Көкжал Барақ батырдың тойына арналған айтыста ақындардың аузынан түспеген көкейкесті мәселе де осы болды. «Нұр Отан» партиясының «Ұлы Дала елі» жобасы аясында өткен айтыстың же­ңім­пазы, қызылордалық Мейір­­­бек Сұлтанхан Күршімге кө­пір­­мен келе­тін күн тусын деген көп­шіліктің көкейін­дегі сөзді тап ба­суымен де жұрт­­шылық ықыла­сына бөленген болар, бәлкім. Расында, күршімдіктер үшін кө­­пірмен өтетін күн қашан туады? Бұл әзірге үлкен сауал күйінде қалып отыр. Ілкіде, осыдан үш жыл бұрын оң­түстіккореялық компания­мен келісім­­шарт жасалып, кө­пір құры­лы­сы­ның негіздемесі даяр­ланып, уақыт кестесі де белгі­лен­ген сияқты еді. Бөркімізді ас­пан­ға ерте атып қойдық білем, сол жоба сиыр­құйымшақтанып кетті. Ал соңғы кезде құрылысқа қы­тай­лық инвесторлар атсалысуы мүмкін екені де айтылып жүр. Бұқтырма – еліміздегі ең ірі су қойма­лары­ның бірі. Күршім ау­даны­ның облыс орталығы және басқа аудандар­мен бөліп тұрған­дық­­­тан, жер­гілікті жұртшылық жазда па­ром­­мен, қыста мұз үсті­мен қа­ты­науға мәжбүр. Қазір мұн­да күн­делікті екі паром қызмет көр­сетеді. Таңнан кешке дейін жүзетін қос паром күніне шамамен 300-400 көлікті тасымалдайды. Алайда, дауылды күндері паром қызметі де қауіпті. Шетел жаңа­лық­тарынан паром, баржа­лар­­дың апаты орны толмас қайғы-қасіретке душар ететінін естіп, көріп жатамыз. Әмсе, апаттан сақтасын. Бірақ, «сақтансаң – сақ­тайды» деген де сөз бар. Биыл қыста айдынның ортасында бұзы­лып қалған паромдағы жұртты төтен­ше жағдай қызметкерлері дер кезінде құтқарып қалғанын көп­шілік ұмыта қойған жоқ. Ал қыстыгүні немесе көктемге салым мұз жарылып, күршімдіктердің талай көлігі су астына кетсе-дағы бұдан басқа баламалы қысқа жол жоқ болғандықтан, жергілікті көлік жүргізушілер бастарын үнемі қатерге тігіп келеді. Зайсан ауданы арқылы келетін ай­нал­малы жол өте ұзақ, қаржы шығы­ны­мен қоса уақытты да жоғалтады. Сондықтан, Бұқтырма көпірі күршімдіктер үшін бірінші мәселе. Облыс әкімі Даниал Ахметов­тің жылдың басындағы өңір тұр­ғын­дарымен өткен есептік кез­десуін­де күршімдіктердің көпір құры­­лысы қашан басталаты­нын тағат­сыздана сұрауы бекер емес. Өңір басшысы өз сөзін­де 2016 жыл­дың алғашқы жарты­жыл­ды­ғында Бұқ­тырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысына байқау жа­рия­ланатындығын айт­қан еді. Оның құны 23,7 миллиард теңгені құрайды делінген. Еуропа Қайта құру және даму банкі­мен, өзге де шетелдік инвестор­лармен жұмыс жүргізіліп жатқаны сөз болған. Әрине, облыс басшысына бұл мә­сел­е етене таныс. Со­ның алдында Күр­шім ауданына жасаған жұмыс сапарында кө­пір­дің керектігіне көз жеткізген Д.Ахметов күздің қара суығында паром үстінде берген сұхбатында бұл нысанның жұртшылық үшін де, осы өңірдің экономикалық өсіп-өркендеуі үшін де маңызды екендігін атап айт­қан. Өйткені, Ертістің оң жақ жаға­лауын­да пайдалы қазбалардың мол кені бар. Көпір құрылысы тұрғын­дарға жеңіл­дік жасауымен бірге сол бай­­лық­ты игеруге жол аша­ды. Атал­ған кеніштерді игеру мә­се­­ле­сі­нің кешеуілдеуін инвестор­лар қар­­жы­лық дағдарыспен сабақ­тас­­тырып отыр­ғанымен, оның арғы жа­ғын­да олардың көпір мәселесінің шешімін күтуі де ғажап емес қой. Аймақ басшысы бұл мәсе­леге «100 нақты қадам» Ұлт Жос­пары­ның жүзеге асырылуы тура­лы БАҚ өкіл­­дерімен өткіз­ген бас­пасөз мәс­ли­хатында тағы тоқ­тал­ды. Болжам бо­йын­ша бұл нысан­ға жұм­салған қар­жы 15 жылда қай­тары­лады. Оның жа­лпы ұзындығы 1,360 шақы­рым, ені 13 метр болады деп жос­пар­­­лан­ған. Яғни, еліміздегі ең ұзын көпір­лер­дің бірі болмақ. Әрине, жоба жақ­сы, мін жоқ. Бірақ жүзеге асы­рылуы кешеуілдеген сайын күр­шім­діктердің де көңілі күпті бола түсуде. – Бұл бұрыннан қойылып келе жатқан мәселе. Осы жайт бойынша аудан, облыс әкіміне түрлі деңгейде бірнеше рет сұрақтар қойдық. Сонан кейін қоғамдық кеңеске енгізіп, ауданымызда өт­кен көшпелі отырыс барысында тал­қы­ладық. Осы салаға тікелей қатысы бар мекеме жетекшілері келіп, халықпен кездесті. Қазіргі кезде билікпен тығыз әріптестік орнап келеді. Жергілікті халықтың көптен күткен жобасы кешікпей шешімін таба ма деген ойдамыз, – дейді Күршім ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы Советхан Исқаков. Ал паром меңгерушісі болып жұмыс істейтін Бақытбек Нұр­­сейітов бір паромның өзіне күнделікті 1,6 тонна жағармай жұм­са­латынын, көпір салынса паром жұмысы жеңілдейтінін айтты. Таяуда облыс әкімдігіндегі ке­ңей­­тіл­­ген мәжілісте Елбасы Жол­дауын жүзеге асыру мәселелері тал­­қы­­­л­ан­ды. Облыстық кәсіпкер­лік және ин­дус­­триялық-иннова­циялық даму бас­­қармасы басшы­сы­ның орын­­ба­­са­ры Жарқын Мұса­ғалиев өңір­дегі ин­вес­тициялық кли­маттың ар­туы жө­нін­де баян­дама жасады. Алай­да, облыс бас­шысы бас­қар­ма өкі­­лі­­нің баян­да­масында нақ­тылы жұ­мыс көрінбейтінін ай­тып, сын тезі­не алды. Шын мәнін­де, бұл баян­­да­ма­да халық күт­кен көпір мә­се­лесі сөз болмады. Об­лыс әкімі айт­қан­дай: «Қаншама мил­­лиард­таған келі­сім­дерге қол қойыл­са да, ештеңеден хабар­сыз, жұ­мыс жүргізе алмайтын бас­шылар­мен бірге Еуропа Қайта құру және даму банкі, өзге де даму инс­титут­тары және мемлекет-жеке мен­шік әріп­тестігімен жасалған келі­сім­дерді қалай жүзеге асырамыз?». Бір сөзбен айтқанда, қалың қағаз қашанға дейін қайық болмақ?!..  Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы