Семейде құрастырылып, Өскеменде жүйткиді
Өскемен қаласының қоғамдық жолаушылар тасымалдаушылары өздерінің автобус парктерін жаңартуды қолға алды. Бүгінде «Рост» ЖШС – 8, «VoSca» ЖШС 4 автобус сатып алды. Қала көшелерінде қызмет көрсетуге дайын тұрған су жаңа көліктерді аймақ басшысы Даниал Ахметов қарап шығып, басталған жұмысқа оң баға берді.
Атап айтқанда, «Рост» ЖШС Семей қаласында шығарылатын «Daewoo» маркалы жалпы сыйымдылығы 60 орындық сегіз автобус сатып алды. Аталған отандық автобустар №44 қалалық бағытта қызмет көрсетпек. Жалпы, 2018 жылға дейін облыс орталығының жолаушы тасымалымен шұғылданатын компаниялары 100 автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Автобус парктерінің жылжымалы құрамын жаңарту жұмыстары Өскемен, Семей қалаларының жолаушы тасымалы компанияларымен жасаған меморандумдарының негізінде жүзеге асырылуда. Келісім негізінде Өскемен қаласының 10 кәсіпорны мен Семей қаласының 4 кәсіпорны алдағы екі-үш жылда жылжымалы құрамды жаңартуды көздеп отыр.
Жергілікті атқарушы органдармен жасалған меморандум аясында 7 жылға дейін қолданыста болған автобустардың 50 пайызы жаңартылуы тиіс. Дәл осы мөлшерде 7 жылдан 12 жылға дейін қолданыста болған автобустар да жаңартылады. Ал қолданыстағы уақыты 12 жылдан асқан автобустар қала ішінде жолаушы тасымалдауға шығарылмайтын болады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН