Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тереза Мэйге оның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің премьер-министрі лауазымына тағайындалуына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев Тереза Мэйді Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан құттықтады және екі елдің арасында берік қарым-қатынас орнағанын атап өтті.
«Ұлыбритания БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлауда Қазақстанның кандидатурасын қолдағанын еліміз жоғары бағалайды. Біз екіжақты серіктестікті екі мемлекет халықтарының игілігі жолында дамыта беруге әзірміз», – делінген жеделхатта.
Елбасы құттықтау соңында Т.Мэйдің жаңа қызметінде табысты болуына, ал Біріккен Корольдік халқының өркендей беруіне тілектестігін білдірді.