• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2016

6600 адам жер алды

245 рет
көрсетілді

«Көшемізде жол жоқ, батпаққа белшемізден батып жатырмыз». «Үйімізге газ кіргізе алмай отырмыз». «Су жоқ, жарық жоқ, біз қалай күн көреміз?!». Бұрын да, қазір де халықтың тарапынан осындай арыз жиі айтылады. Баспасөз беттерінде, депутат­тардың қоғамдық қабылдауында, әкімдердің есеп беруінде міндетті түрде әлеуметтік проблема айтылмай қалмайды. Өйткені, елді әбден мезі еткен мәселе. Қанша есік тоздырса да, қанша адамның алдына барса да, мәселесі бірден шешіле қоймайды. Себебі, о бас­та барлық инфрақұрылымы бар жерді алмаған соң, әлдебір делдалдар арқылы қаланың бір бұрышынан жер телімін иеленген соң, оның проблемасы да бо­­лады. Көше салу, жарық апару, су мен газ тарту үшін арна­йы жобалық жұмыс жасалып, ол жоғары жақтан бекіп, оның қаржысы бөлініп, ақыр соңы жасаламын дегенше бірқатар жыл өтіп кетеді. Ал оған дейін мәселе қордалана береді. Содан келіп атқарушы билік ештеңе жасамайтындай, екі қолын алдына қойып қарап отырғандай ғана әсер береді. Жалғыз Қызылорда облысында ғана емес, тұтас Қазақстанда осындай жағдайдың қалыптасқаны жасырын емес. Дегенмен Сыр бойында алдағы уақытта мұндай келеңсіздікті болдырмаудың жолы табылды. Астана күні қарсаңында Тә­уел­сіздіктің 25 жылдық мерейтойына тарту ретінде Қызылорда қаласында бір мезетте 6600 адам тұрғын үй салу үшін жер алды. Ойлаңызшы, 2004 жылдан бері тізімде тұрған адамдар арманына жетіп, енді жеке баспанасын салатын жер алып жатыр. Онда да айдала, қу мекеннен емес. Бар­лық инфрақұрлымы қарас­тырылған, жаңадан бой көтеретін «Бәйтерек» шағын ауданының аймағынан. Биыл қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұры­лымын дамытуға республикалық, облыстық бюджеттерден, Ұлттық қордан қыруар қаражат бөлінді. Осы қаржының 5,3 миллиард теңгесі «Қызылорда-Жезқазған» автожолының бойынан белгі­л­енген 980 гектар аумақтың ин­женерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын бастауға жұмсалды. Жақын арада қосымша 4,6 миллиард теңге қаралып, барлығы 10 миллиард теңгедей қаражат бөлініп отыр. – Біз бұл жұмыстарды 2013 жылдан бастаған болатынбыз. Қажетті аумақты айқындап, ор­наласқан жерін зерттедік, гео­логиялық жұмыстар жүргіздік. 2014 жылы облыстық бюджет­тен бөлінген 234 миллион тең­геге жобалық-сметалық құ­жат­тарын әзірлеп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алдық. Өткен жылы Үкіметте, Ұлттық қордан, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінде бірлесе қаржыландыратын жобаны қорғап, дәлелдеп, биылғы 2016 жылдың бюджетіне кіргіздік. Міне, осындай сөзбен айтуға оңай, жасалуы қиын жанкешті жұмыстың арқасында Қызылорда қаласында бүгіннен бастап «Бәй­терек» атты жаңа  шағын аудан дүниеге келді,– деді аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев. Қазірдің өзінде «Бәйтерек» ауданының инфрақұрылымын жа­сақ­тайтын мердігер компаниялар белгілі. Олар алдағы желтоқсан айына дейін 75 шақырым жол жасайды, 353 шақырым су жүйесін, 112 шақырым газ құбырын, 152 шақырым электр желілерін тартады. Сондай-ақ, подстанса салады. Болашақта бұл ауданға 36 мыңнан аса халық қоныстанады деген жоспар бар. Ал салтанатты түрде жер телімі табыс етілген 25 адам ертеңнен бастап үй құрлысын бас­тап кетуге әзір екендерін айтуда. Айтпақшы, дәл осы күні «Титов» шағын ауданында 60 пә­терлі тұрғын үй табысталды. Солайша, 60 жас отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Соңғы жылдары Қызылорда облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Мәселен, былтырдың өзінде баспана ке­зегінде тұрған адамдардың 17 па­­йызына пәтер берілді. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Ал жыл соңына дейін әлі талай отбасы баспаналы болып, бақытты шақтарын бастан өткермек. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» ҚЫЗЫЛОРДА