• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2016

Дос туралы толғау

1208 рет
көрсетілді

Бір емес, екі абзал аға кітабы. Аталуы қандай де­сеңізші!.. «Дү­ние шір­кін...» Осы сөз құ­лағыма тым жағымды. Алғаш естігенде бұл не ән екен деп елең ете түсіп едім, сөйтсем, өзім ғалым, мемлекет, қоғам қайраткері ретінде сыйлайтын Мырзатай Жол­дас­бековтің әні екен. Есіме Есім атамның домбыра тартқанда есік, терезені жап­қызып қоятыны түсті. Бая­­ғы кәрі сөз. Атқа мінген, аталы сөз айтатын адамға домбыра тартып, ән салу ерсі. Ерте кезде сондай түсінік болған. Домбырашы, әнші бір бөлек, елдің «атқамінерлері» бір бөлек. Кешегі Абайдың өзі табиғатынан ерек ақын болғанымен қырық жасқа дейін ақындықты мойындамай, өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялап жүрді емес пе? Ал Мырзатай Жолдасбековтің қоғамдағы үлкен орны оның табиғи талантын шегере берді. Мен Мырзакеңді елдік деңгейдегі тұлға деп танығанмын, сөйтсем, әні де, күйі де төгіліп тұр екен. «Дүние шіркін...» кітабы авторының өзі бір «консерватория». Илья Жақанов, өнердің майталманы, дүлдүлі, композитор, әнші. Ол абыздың бірнеше кітабын оқыдым, оның Зәурешке арналған шығармасы қандай! Осындай өнер білгірімен жақындап таныссам, ол Мырзакеңмен бір сыныпта, бір мектепте оқыпты. О, ғажап! Екі тұлға, бала болса да, бір сыныпқа бастары қалай сыйған. Илья ағамызбен сенатор Сәрсенбай Енсегеновтің отбасында отырғанда «таңды атыра» бір сұхбаттасқаным бар, сонда кәдімгі Мырзатай Жолдасбеков туралы мол әңгімелер айтылған еді, байқасам, соның дені «Дүние шіркінге...» еніпті. Кітапты оқып отырмын. «Егоркино» рестораны «Традициональ...». Қандай көркем тіл. Илья Жақанов – қаламгер. Хит болып кеткен көп әндерінің салмағы басып кеткені болмаса, тамаша көркемсөз шебері. Ол өзінің кейіпкері Мырзатай мырзаға деген ерекше ықылас сезімін жасыра алмай көл-көсір шығармалар жазған. Илья Жақановтың өзі қалай атайтынын білмеймін, «Дүние шіркінге...» енген топтамалар эссе жанрында жазылған. Эссе жазу қиын. Эссенің көкесін әлемге көрсеткен француздар, енді қазақ қаламгерлері осы жанрды меңгеріп барады. Себебі, ол біздің шешендік өнерімізге жақын, ал қазақ болса, шешен халық. Кітаптың авторы Илья Жақанов – шешен, оның кейіпкері – Мырзатай Жолдасбеков шешен. Егоркино мейрамханасында сұхбатта болған ақын Фариза Оңғарсынова туралы сөз мүлдем басқа. Мария жеңгем мен Тиыш жеңешемнің әңгімелері қалай моншақтай тізілген. Кітап әдемі, құнды, мағыналы әрі тәрбие үшін қажет құрал. Ғарифолла ЕСІМ, академик, жазушы
Соңғы жаңалықтар