Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Орал қаласындағы «Зенит» зауытында жасалған жаңа катер суға түсірілді.
Аталған рәсімге Қорғаныс министрлігі Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары, бірінші рангалы капитан Серік Борамбаев, Қарулы күштер ардагерлері, жергілікті сала басшылары және зауыттың жұмысшы-қызметкерлері қатысты.
Жаңа катердің ұзындығы – 13 метр, ені – 3,5 метр, су ығыстырғыштығы – 12 тонна.
Бұл кеме Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне қарай бағыт алып отыр. «Зениттің» жаңа өнімі теңіздегі экономикалық қызмет нысандары үшін өте тиімді болмақ. Бұл порт аймағындағы нысандарды бақылау мен қадағалау үшін де өте ыңғайлы. Су асты диверсиялық қауіптерден қорғауды қамтамасыз ете алатын құралдармен жабдықталған.
Ол өзінің сериясындағы алғашқы модель. Бұған дейін зауытта құрастырылған өзге кемелермен салыстыра қарағанда, тайыз жерлермен жүзу мүмкіндігі жоғары. Су астын зерттеу құралдары қазіргі талаптарға толық сәйкес келеді. Сонымен қатар, жаңа кеме лаңкестікке қарсы барлау жұмыстарын жүргізе алады. Экипажы төрт адамнан тұрады.
Кеме заманауи байланыс және навигация құралдарымен жабдықталған. Каспийге жеткізілгеннен кейін катер қажетті қабылдау сынақтарынан өтпек.
Айымгүл ТӨЛЕУҒАЛИ,
журналист
ОРАЛ