• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2016

ДҮБІР

484 рет
көрсетілді

Олимпиаданың басталуына 17 күн қалды Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиялық ойындардың басталар шағы жақындаған сайын біздің сол аламанға қатысатын спортшыларымыз да барынша тас-түйін болып бекініп, өздерін күтіп тұрған сынға дайын екендерін байқатып жатыр. Рас, ауыр атлеттерімізді құрсап алып бара жатқан індет – допинг жанжалының қамтыған аумағы бірте-бірте ұлғайып бара жатқаны көңілге едәуір кірбің салып жатқанымен, ауызды қу шөппен сүрте беретіндей де жағдайымыз жоқ. Сол ауыр атлеттердің арасында қазір еліміздің намысын ешкімге оңайлықпен бере қоймайтын үкілі үміттеріміз жоқ емес. Сондықтан мұнда да «қазан аузы – жоғары» деп отырған жайымыз бар. Бұдан қалды, боксшыларымыз бен балуандарымыз сапында да талай сыннан өткен талмас тарландар жетерлік. Сол сияқты мылтық ату мен жеңіл атлетика түрлерінен де еншілерін алғылары келетін ерендер шығуға тиіс. Дегенмен, «арық айтып, семіз шық» демекші, бүгінгі көңіл толқып, жүрек лүпілдей бастаған тұста біздің де ештеңені сәуегейлікпен алдын ала айтқымыз келмейді. Мұны спортшыларымыз да қалай бермейді. Демек, бәрін ішке бүгіп, көңілге түйіп, алдағы күндерден тек сәттілік тілесек керек. Қазірге дейін Қазақстанның 102 спортшысының 104 лицензия бойынша спорттың 26 түрінен жарыс алаңдарына шығатындары белгілі болып отыр. Олимпиадашылар мотошеруі Астанаға келіп жетті  Бұдан үш күн бұрын Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына және олимпиадашылар мен паралим­пиадашылардың құрметіне арналған мотошеруге қатысушылар туды астаналық байкерлерге табыс етті. Сөйтіп, шілденің 6-сы күні басталған марафон Алматыдан шығып, еліміздің батыс өңірлерін бетке алды. Елорда ресми сайтының хабарлауынша, эстафета Қазақстанның барлық қалаларын аралап өтіп, Риодағы Олимпиялық ойындар басталатын күн – 5 тамызда Алматыда өзінің мәресіне жетеді. Мотошеру 7 мың шақырымға жуық қашықтықты қамтиды. «Мотошеру еліміз Тәуел­сіздігінің 25 жылдығын мерекелеу, сондай-ақ, келесі айда Бразилияға баратын олимпиадашыларды қолдау мақсатында өтіп жатыр. Меніңше, шара спортшыларымызға рух беріп, олар дүбірлі додада лайықты өнер көрсетеді», – дейді Қазақстан гео­графиялық қоғамының және Қазақстан байкерлер қауым­дастығының президенті Дмитрий Петрухин. Мотошеру туына еліміз спортшылары өз қолдарын қояды. Ойындарға Оңтүстік 21 түлегін аттандырады Оңтүстік Қазақстан облы­сының спортшылары Бразилия жерінде ғана емес, күллі Латын Амери­касында бірінші рет өткелі тұрған Олимпиялық ойындарға 21 жолдама жеңіп алды. Облыстың денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевтың айтуынша, Рио-де-Жанейро қаласында өтетін XXXI жазғы Олимпиада ойындарына олар спорттың 11 түрі бойынша еліміздің намысын қорғайтын болады. Соның ішінде өңір саңлақтары мылтық ату, бокс, байдарка және каноэда есу, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, дзюдо, батутта секіру, стенд ату, садақ ату, көркем гимнастика және жүзу сынды спорттың түрлерінен аламанның медальдарын сарапқа салуға қатысады. Айта кетуіміз керек, Риода қазір Қазақстанның 104 спортшысы өнер көрсететіні белгілі болса, солардың 1/5 бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысының саңлақтары еншісіне тиеді. Баспасөз мәслихатына Қа­зақ­станның бокстан ұлттық құрама командасының бас жат­тықтырушысы Мырзағали Айтжанов және оның жеке шә­кірттері Біржан Жақыпов пен Қайрат Ералиев те қатысты. Онда сөз алған бас бапкер спорт­шылардың алаңсыз жатты­ғуларына барлық жағдайлар жа­салғанын айтып, бүгінде олардың өз бабында екендерін жеткізді. Қазіргі таңда облыстың ең таңдаулы спортшылары Олим­пиаданың жолдамасын жеңіп алып отыр. Жеңіс тұғырынан көрінетіндіктеріне сенім білдірген басқарма басшысы барлық спортшыларға сәттілік тіледі. Тағы 2 атлетіміз допингпен ұсталды Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің (WADA) қолдауымен Бейжің Олимпиялық ойындарына қатысушылардың допинг-сынамаларын тексеруді жалғастырып жатыр. Оның бары­сында Қазақстанның 4 зіл­теміршісінің тыйым салынған препараттар қолданғандары анықталды. ХОК пен WADA-ның «қара тізіміне» алдымен Владимир Седов ілінген. Содан кейін іле-шала Ирина Некрасова мен Мария Грабовецкаяның қақпанға түсіп қалғаны жария етілді. Олардың екеуі де 2008 жылғы Олимпиадада медаль иегерлері атанған. Атап айтқанда, Некрасова 63 килоға дейінгі салмақта күміс, ал Гра­бовецкая 75 килодан ауыр сал­мақта қола медальдардың ие­герлері болған. Мамандар «А» сынамасында олардан тыйым салынған дәрі-дәрмектер тапты. Ал Бейжің аламанының қорытындысында тізімге ілінген төртінші атлеттің Илья Ильин екені белгілі. Енді шілденің 18-26-ы ара­лығында Лозаннада (Швейцария) Қазақстан тарапы өкілдерінің қатысуларымен «Б» сынамасын ашу процедурасы жүргізіледі. Бұдан бұрын допингпен Илья Ильин (2008 жылғы Олимпиада, 2012 жылғы Олимпиада), Алмас Өтешов (2015 жылғы әлем чемпионаты, 4 жылға дисквалификация алды), Светлана Подобедова (2012 жылғы Олимпиада), Ермек Өміртай (2015 жылғы әлем чемпионаты, 4 жылға дисквалификация алды), Зүлфия Чиншанло (2012 жылғы Олимпиада), Жасұлан Қыдырбаев (Азияның 2012 жылғы жасөспірімдер чемпионаты, 2015 жылғы әлем чемпионаты, 8 жылға дисквалификация алды), Майя Манеза (2012 жылғы Олимпиада) және Фаина Сыбанбаева (допингке қарсы ережені үш рет бұзғаны үшін 8 жылғы дисквалификация алды) қолға түскен еді. Жақын арада Ильиннің, Подобедованың, Чиншанло мен Манезаның қандай жаза алатындары де айтылады. Ал Владимир Седовтың өзі допинг жанжалына Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Алексей Ниді тікелей кінәлі деп есептейді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» «Шаршы алаңда – Шәкімова мен Шилдс» Күні ертең Рио жерінде Олим­пиялық ойындар дүркіреп жүріп беріп, боксшы қыздарымыз сайысқа түсіп кеткенде, оның финалдық шайқасында тап осындай хабарландыру естігіміз ке­леді. Осының өзі қазақ қыздары боксының кезекті бір алатын асуы болып шығар еді. Жалпы, 75 кило ұлттық құ­раманың қыздары үшін олжалы салмақ деуге болады. Марина Вольнова Олимпиадада қола ме­дальді дәл осы салмақта қан­жығасына байлаған. Марина бокстан кеткеннен кейінгі кезек Шәкімоваға келді. Қыздар құрамасының жаттық­тырушысы Вадим Присяжнюк шәкіртінің мықты жақтары мен әлсіз тұстарын бес саусағындай біледі. «Қарсыласына жұдырығы тиісімен, автоматты түрде артқа бір қадам жасайтыны бар еді. Сол әдетін қойып, шабуылдау­ды одан әрі жалғастырып, «темірді қызған кезінде соғуға» бір­шама бейімделіп қалды. С­ебебі, сәтті соққыдан кейін бірден үдей түспесең, келесі шабуылды бастауға тағы дайындалу ке­рек, оған тағы уақыт кетеді. Қар­сыласы да қарап қалмауы мүмкін», дейді. Дариғаның салмағында Олим­пиада мен әлем чемпионаттарында топ жарғандар аз емес. Бұл туралы боксшының өзі  «Баст­ы қарсыластарымды үнемі қадағалап жүремін. Олардың арасында Олимпиада мен әлемнің чемпионы америкалық боксшы бар. Жалпы, менің салмағымда мықты боксшылар аз емес», дейді. Дариғаның айтып отырғаны америкалық спортшы – Кларесса Шилдс. Әлемдік аренада қарсылас шақ келтірмей жүрген Шилдсті біздің жанкүйерлер де білуге тиіс. Қараторы қыз Олимпиада лицензиясы қалтасында тұрғанына қарамастан, жуырда ғана елордада жалауы желбіреген әлем біріншілігіне қатысты. Қатысып, кезекті алтын медальді иеленіп, турнирдің үздік боксшысы атанып кетті. Бұрынғы жетістіктерін безбендейтін болсақ, Кларесса Шилдс 17 жасында Лондон Олимпиадасының тұғырына шығып, қыздар арасында бокс­тан алтын медаль алған алғашқы спортшы ретінде есімін бокс шежіресіне қашап жазды. Спорт сәуегейлерінің арасында қазірдің өзінде алтын медальді америкалық спортшының мойнына тағып жатқандар бар. Алтын алып жатса, әуесқой бокста аты аңызға айналды дей беріңіз. Де­генмен, басқа боксшылар да, біз­дің жерлесіміз де Шилдсті ші­дерлеуге тырысып бағары анық. Жерлесіміздің тағы бір қар­сыласы – Көкшетаудың тумасы, қазір Ресейдің намысын қорғап жүрген Ярослава Якушина. Ол 2011 жылы жастар арасында әлем чемпионы болды, ересектер додасына қатыса бастаған алты жылда үш рет Ресей чемпионы атанды. Лондон Олимпиадасына баруға қарыс қадам қалғанда, жерлесі Надежда Торлоповаға жол берген. Ал Торлопова нәтижесінде күміс медальді олжалап қайтты. Содан бері жатпай-тұрмай Риоға дайындалғанын Ярослава үнемі айтып жүреді. Якушинаның әлсіз жері – бұрын біршама жеңіл салмақта өнер көрсеткені. Қазір 75 килоға жетеғабыл болғанымен, табиғи салмағы әжептәуір аз, соған сәйкес дене бітімі де көп қарсыласына қарағанда шағындау, қолы қысқалау. Егер ресейлік қызбен қолғап түйістіріп жатса, Шәкімова тәжірибесінің молдығы мен дене күшінің артықшылығын көрсетеді деген үміт бар. Шеберлігі Шәкімовамен шамаласып қалуы мүмкін тағы бір спортшы – қытайлық Ли Циань. Бұған дейін екеуінің жолы екі рет түйісті. Әзірге есеп 1-1. Азия чем­пионатының финалында Дари­ғаның бағы басым түскен. Биылғы сәуір айында Қытайда өткен ли­цензиялық турнирде екеуі ақ­тық кезеңде тағы кездесіп, Ли Циань алтын алды. Дариға осы турнирде жолдамаға қол жеткізгенін, сондай-ақ, қытайлық боксшы өз жерінде жеңгенін ескерсек, ол күміс үшін өкінуге себеп жоқ сыңайлы. Екі спортшы үшін де тамыз айындағы жеңіс немесе жеңілістің жөні бөлек. Дариға бұған дейін Азияда екі мәрте топ жарды. Ел чемпионаттарында қарсылас шақ келтірмей жүргеніне бірнеше жыл. 2015 жылдың үздік боксшысы деп танылғаны тағы бар. Құрама сапындағы өзге спортшылармен бірге Алматыда оқу-жаттығу жиындарын өткізген Дариға аз күннен кейін Астанаға келіп, дүбірлі дода алдындағы соңғы жаттығуға қатысады. 28 шілде күні ерлер құрамасымен бірге Олимпиада алауы тұтанатын елге аттанбақ. Қыздардың боксшылық мансабы ерлерге қарағанда қысқалау. Дариға Шәкімова 1988 жылы туған, алғаш рет Азия чемпиона­тында топ жарғанына да алты жылдың жүзі болды. Ал Рио Олимпиадасы жерлесіміз үшін соңғы аламан болуы әбден мүмкін. Риодағы боксшылар бәсекесі «Риоцентро» спорт кешенінде 6-12 тамыз аралығында өтетіні белгілі болды. Ерлер – 10 салмақ дәрежесінде, арулар 3 салмақта бас-аяғы 13 медаль жиынтығын сарапқа салмақ. Дариға Шәкімова 14 тамыз күні біздің уақытпен кешкі сағат 8-00-ден кейін шаршы алаңға шығуға тиіс. Лондондағы Маринаның жолын Риода Дариға жалғастырса деген тілек бар. Арнұр АСҚАРОВ, «Егемен Қазақстан»