Тайланд пен Камбоджа арасында бірнеше күннен бері жүріп жатқан атыс салдарынан кем дегенде бес адам қаза тапты, деп хабарлайды Якутия ақпарат агенттігі. Мылтық пен артиллериялық қаруларды пайдалана отырып болып жатқан атыс ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген ХІ ғасырдағы Преа Вихеар храмы ауданында орын алуда.
Қақтығыс храм төңірегінде туындаған жарты ғасыр бойғы дау-жанжалдар салдарынан орын алып отыр. 1962 жылы халықаралық сот аумақтық талас-тартысты Камбоджаның пайдасына шешкен болатын. Храмның Камбоджа жерінде орналасып, оған кіретін есіктің Тайланд аумағында қалуы да дау-жанжалдарға түрткі болуда.
Австралияда өрт өршіп тұр
Елге зор апаттар әкелген су тасқыны мен циклондардан кейін Австралияның батыс беткейінде тұтанған өрт өрши түсуде, деп хабарлайды ВВС агенттігі. Өрт сөндірушілер оттың таралып кетпеуі үшін күресуде.
Қазіргі мәліметтерге қарағанда адам шығындары жоқ, бірақ қаулаған от 20 тұрғын үйді жалмап кеткен көрінеді. Жүз қаралы адам қауіпсіз жерлерге көшірілген. Өртке қарсы тікұшақтар қолдауымен 150 өрт сөндіруші тынымсыз күрес жүргізуде. Соңғы мәліметтер бойынша өрт 800 гектар алқапты қамтыған.
Украинаны төрағалыққа дайындамақ
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы—Литваның сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис ресми сапармен Украинаға келді, деп хабарлайды proUA агенттігі.
Сапар барысында Ажубалис Украина президенті Виктор Януковичпен, ел премьер-министрі Николай Азаровпен, сыртқы істер министрі Константин Грищенкомен, Жоғарғы Рада төрағасы Владимир Литвинмен, сол сияқты саяси партиялар мен азаматтық қоғам өкілдерімен кездеспек. Талқыланатын мәселелер қатарында Украинаны 2013 жылғы ЕҚЫҰ төрағалығына дайындау мәселесі де бар.