• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2016

Панфиловшылар ел есінде

459 рет
көрсетілді

Мәскеу қаласының Тағзым тауында орналасқан Ұлы Отан соғысына арналған Орталық мемлекеттік музейде Панфилов дивизиясының құрылғанына 75 жыл толуына байланысты салтанатты жиын өтті. Шараға қатысушылар бірінші кезекте майдан даласында ер­лікпен қаза тапқан, соғыстан кейінгі бейбіт өмірдің дәмін тата жүріп өмірден озған панфиловшыларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Бұдан кейін Мәскеу қалалық ұлттық саясат, аймақаралық байланыс және туризм департаменті басшысының орынбасары Иван Петров жиынды ресми түрде ашты. Сондай-ақ, ол Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің жиынға қатысушыларға жолдаған құттық­тау хатын оқып берді. «Ұлы Отан соғысының біз үшін жеңіспен аяқталуына ха­лық­тар достығы, өзара бауыр­ластығымыз тікелей әсер етіп, маңызды рөл атқарды. Кеңес Одағының құрамындағы барлық республикалардан жиналған сарбаздар жерімізді жаудан азат етті. Қиын-қыстау кезде түрлі ұлт өкілдерінен құралған, Мәс­кеуді дұшпаннан жан аямай қорғаған панфиловшылар дивизиясы халықтар достығының, ынтымағының жарқын үлгісін көрсете білді. Панфиловшылар жаудың Волоколамск бағытына жұмылдырылған қуатты күшін жанкештілікпен тоқтатып, дұш­панды зор шығынға ұшыратты. Біз елімізді жаудан қорғауда көрсеткен панфиловшылардың ерлігіне әрқашан басымызды иеміз. Ұлы Отан соғысының батырлары, олардың ерліктері халық жадынан өшпейді», – делінген Мәскеу мэрінің құттықтау хатында. Еліміздің Ресейдегі әскери атташесінің көмекшісі Азамат Жаңбырбаев өз кезегінде Пан­филов дивизиясының қазақ­стандықтар үшін үлкен маңызға ие екенін жеткізді. «Кеңес Ода­ғының Батыры Иван Василь­евич Панфиловтың есімін қа­за­қ­стандықтар әрдайым құр­мет­пен еске алады. Біздің ортақ тарихымызда 28 гвардияшы панфиловшылардың ерлігі үлкен маңызға ие. Мәскеу үшін болған шайқас Ұлы Отан соғысының ең бір ауыр тұстары болды. Еуропаның жартысын жаулап алған Гитлердің аңызға айналған қуатты армиясы дәл осы Мәскеу түбіндегі шайқаста алғаш рет зор шығынға ұшырап, беті қайтты. Осы ұрыста қазақстандық жауынгерлер ерліктің қайталанбас үлгісін көрсетті», – деді А.Жаң­бырбаев. Салтанатты жиында Мәскеу қаласының Тағзым тауында ор­наласқан Ұлы Отан соғысына арналған Орталық мемлекеттік музей директорының орынбасары Александр Сурнов, Мәскеу мәдениет институтының профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Раушан Қанапиянова, Мәскеу қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иван Харьков, И.В.Панфиловтың немерелері – Алуа және Айгүл Байқадамовалар және ресейлік «Жаужүрек полк» қоғамдық-патриоттық қозғалысы жетек­шілерінің бірі Николай Земцов сөз сөйледі. Олардың барлығы панфиловшылардың Отан ал­дын­дағы борышын орындауда көрсеткен ерлігін жан-жақты әңгімелеп берді. Шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Қазақ­стан, Қырғызстан, Беларусь елдерінің азаматтары, Ресей Мемлекеттік думасының депутаттары және ресейлік қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. ТМД елдерінің өзара мәдени байланыстарын нығайта түсу, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу, көзі тірі ардагерлерімізге құрмет көрсете отырып, олардың өмірден озған қаруластарын еске алу бағытында ұйымдастырылған жиынды Қазақстанның Ресейдегі елшілігі, Мәскеу қалалық ұлттық саясат, аймақаралық байланыс және туризм департаменті, мәс­кеулік ардагер-панфиловшылар, Мәскеу қаласының Тағ­зым тауында орналасқан Ұлы Отан со­ғысына арналған Орта­лық мем­лекеттік музей бас­шылығы және «Шығыс Прус­сияда қаза тапқан кеңес сарбаз­дарын еске алуға арналған «Па­мять» («Ес­керт­кіш») қоры» коммер­ция­лық емес ұйымы (Ресей) бірлесе өт­кізді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» МӘСКЕУ