• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2016

Жоғары бәсекеге жол ашады

284 рет
көрсетілді

Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ынтымақтас моделін таңдады. Негізгі принцип – үш жақты, ынтымақты жауапкершілік. Дәлірек айтқанда, денсаулық сақтау саласына үш жақтан қаржы бөлінеді. Мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлесе, жұмыс берушілер – өзінің жұмысшылары үшін, салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.   Енді халық денсаулығына үш жақ жауапты: мемлекет, жұ­мыс беруші және әрбір азамат. Мем­лекет өзінің азаматтары үшін жарна төлесе, жұмыс берушілер – өз жұмысшылары үшін, ал әрбір азамат өз денсаулығына көңіл бөліп, дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстанып, уақтылы профилактикалық тексерулерден өтуге міндетті. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап мемлекет, жұмыс беру­шілер, өзін өзі жұмыспен қам­тыған азаматтар Әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру қорына бекітілген нормативтерге сәйкес жарна төлеуді бастайды. Міндетті әлеуметтік меди­­циналық сақтандыру әрбір Қа­зақ­стан азаматының қан­дай жағдай болса да мамандан­ды­рылған ме­ди­циналық көмек алуына мүм­кіндік береді. Міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру – ден­сау­лық сақтау саласын қаржы­ландырудың жаңа моделі. Тұр­ғындар үшін арнайы қорға жи­налған қаражат есебінен тегін медициналық көмек алуды қам­тамасыз ететін жүйе. Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру қоры денсаулық сақтау жүйесінің бюджетін көбейтеді. Бұл жүйе арқылы азаматтарға медициналық қызметтің екі түрлі пакеті ұсынылады, атап айтқанда, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакеті және сақтандыру пакеті. Сонымен қатар, егер аза­­маттар ерікті сақтандыруға қаты­сатын болса, МӘМС жүйе­сінде қарастырылмаған меди­циналық көмек ала алады. Ол жеке сақтандыру компанияларымен бекітілген келісімшарт негізінде жүзеге асырылады. Әрине, медициналық сақтан­дыру жүйесінде біз бұрын да жұмыс істеп көргенбіз. Бірақ, ол кезде халық дайын емес бол­ғандықтан, көпке ұзамады. Сол кезде мен медициналық сақ­тандыруды еңгізу тобының мүшесі ретінде қызмет атқарған болатынмын. Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесінде медициналық мекемелерге қойылатын талаптар да жоғары. МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға жоғары техноло­гиялық медициналық қыз­мет­тер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мер­зімді күтім, амбулаторлық дәрі­лер­мен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады. Жаңа технологияларды ен­гізуге ықпал етіп, медициналық қызметтерді ұсынушылар ара­сындағы бәсекелестікті арттыру есебінен медициналық қыз­меттің сапасын көтеруге, ме­ди­циналық қызметкерлердің кә­сіби деңгейі мен жалақысын арттыруға көмектеседі деп кү­тілуде. Медициналық мекемелер жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетуге ынталанады. Сол себептен нағыз бәсекелестік осы кезден басталады. Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі қызметтерді сатып алу кезінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес денсаулық сақтау саласында аккредиттеуден өткен мекемелер басым құқыққа ие болады. Міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру жүйелі түрде жұмыс істей бастағасын азаматтар сақтандыру полисі арқылы толық және сапалы тегін медициналық көмектің қолжетімдігіне көзі жетіп, өз қалтасынан жекеменшік медициналық қызметтерге жү­гінуді азайтады. Сол кезде жалпы ішкі өнімнің денсаулық сақтауға жалпы шығындары өсуі мүмкін. Азаматтардың міндетті әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру жүйесінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымын таңдауға құқығы берілген және оларды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына бекіту тәртібін уәкілетті орган айқындайды. Сонымен қатар, азаматтардың жоспарлы түрде медициналық көмек алу жағдайларында мін­детті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде стацио­нарлық көмек көрсететін меди­циналық ұйымды таңдауға да құқықтар берілген. Әнуарбек МАЙМАҚОВ, ОҚО балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері Оңтүстік Қазақстан облысы