• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2016

Ауылымызды Алаш атасақ...

532 рет
көрсетілді

Қасиетті қазақ даласының кіндігі саналатын Астананың тап қасындағы ұлы Алаш тас жолының бойында орналасқан осы ауыл – көңілге жылылық сезімін ұялатқан тамаша бір құтты қоныс. Алайда, көңілге қаяу түсіретін кейбір жағдайларға байланысты қолға қалам алған жайымыз бар. Тәуелсіз ел болғанымызға 25 жыл толып, ел жүрегінің іргесіне қоныс тепсек те әлі күнге дейін ауылымыздың «Софиевка» деген кірме, әрі ешбір мағынасыз атының қазақшаға өзгермеуі қатты алаңдатады. Кезінде осы өңірде кеңшар тұрғындарына арақ сатқан София деген кемпір болған екен. Кейін бүкіл ауыл сол пенденің атымен аталып, күні бүгінге дейін ішімдік сатқан қайдағы біреудің аруағын жаңғыртып тұруы – естір құлақ пен көрер көзге тым ұят. Бізден басқа, Астана шетіндегі Қабанбай, Қажымұқан, Бозайғыр, Талапкер, Жібек Жолы атты ауылдар бұрынғы советтік ұраншыл да жайдақ атауларын сырып тас­тап, өздерінің қазақша әдемі аттарын баяғыда-ақ алып алған. Тек Софиевка деп сорлап тұрған осы біздің ауыл ғана. Ауыл атын қазақшаға өзгерту мәселесін біраз күннің алдында ауылдасымыз, филология ғы­лымдарының магистранты, айтыскер ақын Азамат Мәл­жан­байұлы бастаған белсенді топ көтерген болатын. Әлеуметтік желі арқылы таралған осы ұсыныс көпшіліктің қолдауына ие болып, ауыл тұрғындары арасында қызу талқыланып, міне, бүгін біздің де құлағымызға жетті. Біз, ауыл ақсақалдары, бұл іске бейжай қарай алмадық, ауылдағы беделді ел ағалары мен белсенді топ мүшелері және басқа да ілкімді азаматтар мен жастардың басын қосып, бұл мәселені кең көлемде талқыладық. Жиналыс барысында ауылға мағыналы да әдемі атау қоятын уақыт жеткендігін жұрттың бәрі тілге тиек етті. Біз бұл ұсынысты қолдай отырып, халықтың ұсынған Қойайырған, Кененбай, Сарыбұлақ, Орда, Береке, Тәуел­сіздік, Алаш, Қайрат, Болашақ, т.б. атауларды бірге саралап ақылдастық. Олардың ішінен Алаш және Береке деп атайық деген екі ұсыныс іріктеліп алынып, жұрт талқысына көбірек түсті. Ең соңында бәріміз бірауыздан келісіп, заманауи әрі мағыналы, рухты ат болсын деген шешімге келдік. Алла қаласа, ауылымыздың атын Алаш ауылы деп өзгертейік деп шештік. Бұдан басқа ат енді талқыланбайды. Ал енді «Алаш» деген атқа тоқтауымыздың себептеріне келейік. Біріншіден, бұл өңірді Алла тағала әлмисақтан киелі Алаш елінің бір бөлшегі етіп жаратқан. Екіншіден, Алаш тас жолының бойына, алты алаштың қара шаңырағы саналатын Ас­тананың іргесінде орналасқан ауыл. Үшіншіден, «Ұраным – Алаш, керегем – ағаш...» дейтін дана ха­лықтың ұрпағымыз. Оның үстіне, жан-жақтан көшіп келіп, алты алаштың ұрпақтары бас қосқан ауыл. Және ауылдың бұлай аталуы Қазақ елінің тарихына өлшеусіз үлес қосқан Алаш арыстарына деген құрметті білдіріп тұрар еді. Ауыл атынан болашақ жас ұрпақ өткенін танып, ұлт тарихы мен келешегін бағдарлайды, бағамдайды. Жастардың туған жер мен туған елге деген пат­риоттық сезімі оянады. (Қайда тудың? Қайдан келесің? Алашта тудым. Алаштан келем – десе қандай керемет! Құлаққа да жағымды әрі рухты естіледі). Ауыл атауы үшін нағыз күрес енді басталды. Тиісті орындардан, елім деген есті азаматтардан, мәслихат пен әкімдіктен түсіністік, көпшіліктен қолдау күтеміз. Осы ақ тілегіміз орындалса ақ түйенің қарны жарылып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына толымды тартуымыз болар еді-ау деп үміттенеміз. Тілеулес ЖАРБОЛОВ, ауылдың Ақсақалдар алқасының төрағасы, Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі, 45 жыл өтілі бар қарт ұстаз Ақмола облысы, Целиноград ауданы