• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2016

Қайрақ

582 рет
көрсетілді

Белгілі дәрігер Ысқақ Есір­геповты білетін жандар оны пышақты жаныған сайын үгілмей, қатайып, ұшқындай түсетін кәдімгі тас қайраққа теңейді. Оның бойындағы өмірге құштарлық, шыншылдық, мамандығына адалдық, бет-жүзіне қарамай кесіп түсетін өткірлік, интеллектуалдық, рухани ішкі қуат қайрақтан басқа теңеу таптырмайтындай көрінеді. Ол медицинаны жан-жүрегімен қалаудың, Гиппократқа берген антына беріктік танытудың үлгісі іспеттес. Ерекше қабілетті жас Алматы медицина институтының қабырғасында жүргенде операция жасай бастады. Институтты бітірген соң 48 жыл үзіліссіз хирург дәрігер болып қызмет етті. Жарты ғасырға жуық уақытта қаншама адамды ажал тырнағынан алып қалды. Оның адам өмірі үшін ажалмен алысқан сәттері ел аузында жүреді. Аңыз емес, ақиқат оқиғаның бірі қазақ поэзиясының көрнекті тұлғаларының бірі Сыр­бай Мәуленов пен оның зайыбы Күнжамал апайды өлім аузынан аман алып қалуы болатын. Сонау 90-шы жылдардың басында Сырбай Мәуленов 70 жасқа толады. Ол еліміз Тәуелсіздігін енді алған, есіктен қарап қалған тіліміз де, аяқ асты болған дініміз де төрге озған, бір рухани өрлеу уақыты еді. Сырбай атамыздың тойы Торғайға шыға берістегі Қамысты ауданындағы Бестау жерінде өтеді. Күндіз елінің, жұртының арасында болып, мауқын басқан Сырағаны Күнжамал апаймен сол ауылдағы ағайынның үйіне демалуға апара жатады ғой. Айсыз қараңғы түнде олар мінген су жаңа жеңіл көлік көрші ауылға шөп апара жатқан трактор тіркемесінің астына кіріп кетеді. Ауылдың аңғал механизаторы трактордың артқы шамын жақпаған екен. Трактор тіркемесінің темірі қатты қарқынмен келген жеңіл көліктің төбесін пышақпен тілгендей кесіп түседі. Жүргізуші бұғып қалады да, Сыраға да, Күнжамал апай да, үшінші жолаушы да басынан жараланады. Әсіресе, Күнжамал апай қатты зардап шегеді. Сол кездегі облыс басшылары Қостанайдан жедел-жәрдем, ұшақты дер уақы­тында шақыра алмайды, оған дәл қазіргідей мүмкіндік те жоқ еді. Ал уақыт күтпейді, жарақат алғандар қансыраса жағдайдың қиындайтыны белгілі. Абырой болғанда, сол тойдан республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты, белгілі хирург Ысқақ Наушаұлы табылады. – Дереу іске кірістім. Жа­рақат­ты көрмей жатып, керосин әке­ліңдер дедім. Инфекция түспеу үшін жарақатты алдымен керосинмен жуып алу керек болды, енді ол табылсайшы. Ай тастай қараңғы. Сыр­ағама жәрдем көрсеттім, сосын апайдың жарақатын шаң­нан, шөп-шаламнан, әйнектің сынықтарынан мұқият тазаладым. Ауылдың фельдшерлік-акушерлік пунктінде де жарыған ештеңе жоқ екен. Ең бас­тысы, қанды тоқтаттым. Әйтпесе, егде кісілер қан жоғалтса көтере алмайды, – деп еске алады Ысқақ аға бүгінде. Ертеңіне облыс орталығынан келген санитарлық ұшақпен Сырағаң мен Күнжамал апай облыстық ауруханаға жет­кізіледі. Күнжамал апай кейін: «Ысқақ бауырым, сен болмағанда ағаң екеуміз сол атақоныста қалатын едік», деп алғысын талай айтыпты. Ол Гиппократқа берген антына жан-жүрегімен берік болды. Жиырма төрт жасында Әулиекөл аудандық ауруханасына хирург болып келді. Мәскеуден білімін жетілдіріп келген беті. Ауруханада соғыс ардагері, әскери хирург Владимир Андреевич Боченко деген кісі бас дәрігер болатын. Ол практикаға келген студент кезінен-ақ әбжіл, қабілетті жас жігітті бірден қолдады. Қыс айларында қар басқан жолда машина жүре алмайтын ауылдарға талай атпен барып, ауруды аман алып қалды. Өзі операция жасап тұрып, қансыраған ауруға талай қан берді. 1962 жылы адам өлтірген бандит үшін қан бергені де Ысқақ ағаның бүгінгідей есінде. Әулиекөл ауданында елді шулатқан Виктор Зайцев деген бұзақы болды. Өзі адамның алыбы, ірі. Өгізді екі мүйізінен ұстатып қойып, маңдайына жұдырықпен бір қойғанда, гүрс етіп құлаған жануар қайтып тұрмайтын. Бір төбелесте әлгі бандит адам өлтіреді. Ми­лицияларға бағынбай, өздеріне ұмтылған соң, олар бұзақыны екі рет атады. Екі оқ әлгінің екі өкпе­сіне тиеді. Сол бұзақыны жас хирург Ысқақ Есіркепов ажалға бермеді. – Алдымен қос өкпенің қанын тоқтаттым. Қансырап қалған екен, бәтшағарға бүкіл аурухана болып қан тапсырғанда екі адамның ғана тобы сәйкес келді. Бұл жетімсіз болған соң, өзім де қан бердім. Өзі кісі қанын мойнына жүктеген жанды осылай ажалдан аман алып қалдым. Мен Гиппократқа берген антыма адалдық таныттым. Зайцев тәуір болған соң, сот оны бәрібір ату жазасына кесті, – дейді Ысқақ Наушаұлы. Қызық әңгіменің желісіне айналған мұндай арпалыстар дәрігердің жұмыс тәжірибесінде көп болатын. Ол еліміздің денсаулық сақ­тау саласында үзіліссіз 48 жыл қызмет етті. Медициналық қызмет сапасының артуына, халық денсаулығының жақсаруына қосқан үлесі қомақты. Денсаулық сақтау саласын ұйымдастыруда да Ысқақ ағаның еңбегі ерекше. Облыс орталығынан шалғайда жатқан аудандарда денсаулық сақтау ісін жолға қойды. Тәжірибесін үйретіп, тәрбиелеген шәкірттері қаншама! Еңбегі Кеңес Одағы жылдары «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін мерекелік медальдармен, алғыс хаттармен, грамоталармен аталып өтті. Денсаулық сақтау саласының үздігі. Сол марапаттардың арасында Қазақстан Республикасы Парламентінің 10 жылдығына арналған мерекелік медаль мен 2012 жылы алған еліміздегі Ұлттық медицина қауымдастығының «Алтын дәрігер» төс белгісі Ыс­қақ Наушаұлы үшін тым ыстық. «Алтын дәрігер» атағын облыс­та алған жалғыз дәрігер де әзір­ге өзі. Оны атақты кардиохирург Юрий Пямен қатар тұрып алғанын да лайықты мақтаныш тұтады. Алайда, Ысқақ Наушаұлы қостанайлықтар үшін әлдеқашан-ақ «алтын дәрігер» атанып кеткен еді. Ол тек «алтын дәрігер» ғана емес, азаматтық ұстанымы биік азамат, қайраткер. 1990-1995 жылдары Қазақстан Республикасының ХІІ және ХІІІ шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Осы шақырылымдағы депутаттар еліміздің Тәуелсіздігін, Конституциясын қабылдады, Тәуелсіз мемлекетіміздің рәміз­дерін бекітті. Сол тарихи жауапты істердің барлығында Ыс­қақ Наушаұлы белсенді депутаттар қатарында еді. Ол екі шақы­рылымда да Әйелдер ісі және ана мен баланы қорғау жөніндегі, кейінгі шақырылымда Денсаулық сақтау комитетінің төрағасы болып сайланды. Өлара шақта бұл комитеттің атқарған ісі де орасан еді. Сексенге келсе де қажымаған дәрігерден «Арманыңыз бар ма?» деп сұрадық. Ағамыз ойланбастан «Бар» деп жауап берді. – Мен пенделік өмірімді ойласам шүкір деймін. Балаларым, немерелерім өсіп жатыр, өмірлік серігім – Мәдина қасымда. Ал елімді ойласам арманым асқақ, соның орындалғанын көрсем деймін. Ол – Қазақстан халқының денсаулығы. Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық, екінші бай­лық ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деген. Халықтың денсаулығы мен экономиканы бірінен бірін бөліп қарауға болмайды. Кейбір түйткілді мәселелер бар, оны мен айтпай тұра алмаймын. Қазір фармация мен ден­саулық сақтау саласы екі бөлек. Қанша білікті операциялар жасалғанымен ауруды одан кейін дәрімен емдеу керек емес пе? Тек дәрімен емделетін ауру түрлері қаншама? Ал фармация жекеменшікке берілген соң, оның бағасы ешкімге бағынып тұрған жоқ. Денсаулық сақтау саласы мен фармация бір министрлікке қараса деймін. Мұны ғұмырымды медицинаға арнаған менің айтуыма толық құқым бар, – дейді Ысқақ Наушаұлы. Медицинадағы педиатрия саласы да қарт дәрігердің жүрегіне маза бермейтін мәселенің бірі. Ол жоғары оқу орындарындағы Педиатрия факультетінің жабыл­ғанын қолдамайды. – Қазір балалар ауруы, өлімі, мүгедектігі де аз емес. Көрші Ресейде 38 медициналық жоғары оқу орны бар, соның ешқайсысында Педиатрия факультетін жапқан жоқ. Елдің ертеңі кімдер? Міне, мен көзім жұмылғанша осы істің орнына келгенін көрсем арман жоқ, – дейді шындықты шырылдатып айтатын Ысқақ аға. Шындықты айту, өзгенің ала жібін аттамау, бойын да, арын да таза ұстау – Ысқақ Наушаұлының өмірлік ұстанымы, әке тәрбиесі солай болды. Сондықтан, ол жасқану дегенді білмей ғұмыр кешіп келеді, айтатынын тіке айтады. «Тура биде – туған жоқ» дегеннің жеңіл емес екенін талай сезінді де. – Суворовтан «Сіздің жеңіс­теріңізді немен байланыстыруға болады?» деп сұрапты. Сонда атақ­ты қолбасшы «Тәртіппен және ережемен, сірә» деп жау­ап берген екен. Міне, бұл да менің өмірлік ұстанымым, – дейді Ысқақ аға. Ол ешқашан жұмыс­тан кешігіп, себепсіз қалып көрмепті. Оқу, іздену, отбасына жауапкершілікпен қарау, досқа адалдықтан айнымау – осының барлығы да тәртіпке, режімге бағынған еңбектің арқасында мүмкін болды. Сексенге сергек келіп отырған ақсақалды медицинадан басқа әдебиет, өнер, ұлттық этнография тақырыбының қайсысына салсаң да, алдына жан салмайды. Өзін әлі де ел қызметіндемін деп біледі. Қайрақ десе – қайрақ. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ