• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2016

«Алтын қалам» байқауының жеңімпаздары марапатталды (фото)

633 рет
көрсетілді

Бас редакторлар клубы Еуразиялық топтың қолдауымен қазақ тілді журналистер арасында өткізілген дәстүрлі VI «Алтын қалам» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Онда «Үздік мақала» номинациясы бойынша жүлделі екінші орынды әріптесіміз «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі Нәзира Жәрімбетова жеңіп алды. Бұл байқаудың басты мақсаты – Еуразиялық топ кәсіпорындарында жұмыс істейтін, өндірістегі қарапайым еңбек адамдарын бүгінгі бейбіт заманның қаһармандары ретінде үлгі етіп, насихаттау. Алты жылдан бері жалғасып келе жатқан байқауға бұл жолы республикалық және өңірлік басылымдардың, сондай-ақ теледидар, радио және интернет жарияланымдарының 37 журналисі ниет білдіріп, 133 мақала мен видео-аудио материалдарын жіберген екен. Олардың арасында 22 тілшінің 57 материалы талапқа сай деп танылып, комиссия талқысына түсіп, оң бағасын алған. Жүлде қоры 2 млн. теңгені құрайды. Астанада ұйымдастырылған шараға БАҚ өкілдерімен қатар, бірқатар оқырмандар, көрермендер және тыңдармандар қатысты. Шарада сөз алған «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі әріптестерді жүлделерімен құттықтап, үнемі сөз майданының алдыңғы шебінде жүріп, халыққа шынайы ақпарат жеткізуді кәсіп еткен алтын қалам иелеріне жүрек жарды тілегін жеткізді. Сонымен қатар, Түркияда болған қасіретті оқиға мен Алматыда орын алған қайғылы жағдайға қатысты өз өкінішін жеткізді. Осындай жағдайда жұртқа шынайы ақпарат жеткізетін журналистердің қазіргі жауапкершілігі аса жоғары болуы керек екенін баса айтты. Алтыншы рет өткізіліп отырған «Алтын қалам» байқауының бұл жолғы жүлделері негізінен аймақтардағы журналистердің «қанжығасына» байланды. Сонымен, «Үздік мақала» номинациясы бойынша 1-орынды «Ақтөбе» газетінің тілшісі Кәмшат Қопаева, 2-орынды «Егемен Қазақстан» газетінің Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі Нәзира Жәрімбетова иеленді. Ал «Үздік сюжет» номинациясы бойынша 1-орынды «Астана» телеарнасының журналисі Айгүл Шайхимова, 2-орынды 24.kz телеарнасының Павлодардағы меншікті тілшісі Қарлығаш Қасиетова жеңіп алды. Сол сияқты, 3-орын «Қазақстан» РТРК Қарағанды облыстық филиалының журналисі Әшімхан Жанпейісов пен Павлодар облыстық «Халық» радиосының тілшісі Раушан Сыбанжановаға бұйырды. Әріптестерімізді жүлделі жеңістерімен шын жүректен құттықтай отырып, қаламдарының алтын қалпынан айнымауын тілейміз. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ Фото: Ерлан Омаров