«Мен бұл кезде қызметке баратын жолда астанадағы ең үлкен нан магазині бар. Ешқандай жұмысым жоқ, тамағым тоқ болса да, әлгі магазинге анда-санда бір кіріп шығамын. Нанның сондағы түр-түрін-ай. Қазақтың таба наны дейсің бе, украинның қара наны дейсің бе, қалалық ақ бөлке дейсің бе, кірпіш нан, дөңгелек нан... Магазиннің іші жып-жылы. Нанның иісі – ана сүтінің иісіндей. Осы магазиннің тұсынан өткен сайын, интернат есіме түседі... Жиі-жиі ойға қалам: іргесін боз өзен жалап жататын интернат болмағанда, интернаттың бір тілім наны болмағанда, біз осы дәрежеге жетер ме едік? Кім біледі...». Бұл – менің жазбам емес. Бұл – қазақтың қазыналы қаламгері Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» деген әңгімесінің түйіні.
Қандай шығарма жазса да, оның негізін өмірде болған, дерегі бар желілерден құрайтын жазушының сол туындыларының бірқатарын өз басынан өткен оқиғаларға сүйеніп жазғаны да белгілі. Шераға жоғарыдағы әңгімесінен бөлек, «Ай мен Айша» деген романында да өзі басты кейіпкер болып жүрген қайнаған тіршілік турасында қамырдан қыл суырғандай етіп сынамалап сыр шертеді. Мұның екеуінде де өзі бала кезінде оқыған мектеп-интернат туралы қалам тербейді. Осы шығармаларға қарап тұрып-ақ біз сол замандарда мектеп-интернаттардың көптеген қазақ жастарын қалай аман сақтап қалғандарын, қалай келешектің кенересіне іліктіргендерін байқар едік. Кейінірек мұндай интернаттар республика астанасы мен бірқатар облыс орталықтарында балаларға қазақ тілінен сабақ беретін бірден-бір білім ошағы болып қалып, көптеген өңірлерде туған тіліміздің біржола жойылып кетпеуіне айтарлықтай септігін тигізді.
Соның нақты мысалы 60-70-80-жылдары Целиноград қаласындағы жалғыз қазақ мектебі ретінде өмір сүрген №4 мектеп-интернат болатын. 1997 жылы астана Алматыдан Ақмолаға көшкенде Жамбыл Жабаев есімін иеленген осы білім ұясы ана тілінің қамқоры ретінде елордаға табан тіреген жас отбасылардың бүлдіршіндерін қол бұлғай қарсы алған еді.
Осындай себептер арқылы біздің еліміз Кеңес өкіметі құрылған алғашқы уақыттардан бері жұмыс жасай бастаған жоғарыдағыдай интернаттар жүйесіне белгілі бір дәрежеде қарыздар. Бұдан қалды, қазақтың кешегі өткен кезеңде маңдайалды перзенттері ретінде танылған толымды тұлғалары арасында мектеп-интернаттар қабырғасынан білім алып шықпағандары кемде-кем. Кейінгі толқынның шоқтай шоғырында да кезінде интернаттың нанын жеп, білімімен сусындап жетілгендер жетерлік. Бұлардың біріншісінде өндірдей қазақ жастарының білім алып қана қоймай, сонымен қатар, аштықтан аман қалуы мәселесі шешіліп жатса, екіншісінде ұлттық тіліміздің түбегейлі жойылып кетпеуінің жай-жағдаяты ойластырылды.
Кеңес заманында жер-жерде мектеп-интернаттар ашу науқаны 1919 жылы Халық Комиссарлары Кеңесінің «Сауатсыздықты жою туралы» декреті қабылданғаннан кейін жүйелі жолға түсті. Қазақстанда 1920-1921 жылдары сауатсыздықты жою жылжымалы бекеттері түрінде құрылған бірқатар ұйымдар кейін келе, балалар үйлеріне, мектеп-коммуналар мен мектеп-интернаттарға айналды. Біз 1920-1923 жылдары Ташкент қаласында сондай мектеп-интернат типтес балалар үйін құруға Шығыс жастарының жол бастаушысы Ғани Мұратбаевтың қалай белсене атсалысқанын, онда қазақтың көптеген белгілі қоғам қайраткерлерінің білім алып шыққандарын жақсы білеміз. Мұндай мектеп-интернаттар кейін республиканың барлық дерлік облыс орталықтарында ашылды.
Дегенмен, қазіргі типтегі мектеп-интернаттардың алғашқы жүйесін жасау ісі біздің елімізде 1957 жылдан бастап қана жүзеге асырыла бастады. Осы жылы КСРО Министрлер Кеңесі мектеп-интернаттар жөнінде ереже бекітті. Соған сәйкес, мектеп-интернат балалардың әрі оқитын, әрі тұратын жалпы білім алу мектебі есебінде қатарға қосылды. Мұнда енді әке-шешелері бар бүлдіршіндер де қабылданатын болды. Бірақ ата-аналар балаларының жатып-оқығандары үшін белгілі бір мөлшерде ақы төлейтін еді. Ал ата-аналары жоқ жеткіншектер толық мемлекет қарауына алынды. Жаңа типті мектеп-интернаттар жалпы білім беретін мектептерден бөлек, дарынды және мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған қалыпта да бой көтерді. Мектеп-интернаттар контингенті осылайша негізінен ата-аналары жоқ балалардан, соғыс және еңбек мүгедектерінің, жеке басты аналардың, зейнеткерлердің, белгілі бір себептермен мемлекеттік көмекке зәру кісілердің, шалғайдағы ауылдарда тұратын малшылар мен теміржолшылардың ұл-қыздарынан құралды. Өткен ғасырдың 70-жылдары Қазақстанда осындай 158 мектеп-интернат жұмыс жасап, оларда жыл сайын 50 мыңнан астам бала тәрбие алды. Біз бұл жерде, әлбетте, көптеген ауылдардағы жалпы білім беретін мектептер жанындағы оқушылар жатақханасы түріндегі интернаттарды есепке алып отырған жоқпыз. Мұндай жатақханалар білім мекенінен 3 шақырымнан қашық жерлерде тұратын малшылар мен егіншілердің балалары үшін ұйымдастырылды.
Кезінде сол мектеп-интернаттар нағыз қайнаған өмірдің шымырлап аққан бұлағы еді. Жасөспірім жас ұрпақ сонда жүріп, сапалы білім, тәлімді тәрбие алумен бірге, үлкен өмірге де бейімделіп шығатын. Шын мәнінде бұл олар үшін өткелі көп өмірдің алғашқы тепкішегі болатын. Осы күні ұлы Абайдың бәріміз жатқа айтатын: «Интернатта оқып жүр, Талай қазақ баласы – Жаңа өспірім, көкөрім, Бейне қолдың саласы», деп басталатын өлеңі еске түскен сайын, менің жадыма сол интернаттарда оқып-білім алып шыққан қазақтың кіл сайдың тасындай, бір өзен арнасындағы сәмбі талдай біртекті ұл-қыздары көз алдыма көлбеңдеп келе қалады. Бұл шынында солай еді. Сол ортадан қазақ зиялы қауымының көптеген озық өкілдері шықты. Байырғы интернаттар ұлттық интеллигенциямыз туып, қалыптасуына ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Ал бұл көшті Қостанай қаласындағы биыл ірге көтергеніне 132 жыл толатын Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат бастап берді. Олай болатыны, бұл білім ошағы 1882 жылы салыныпты. Ал 1884 жылы Троицк қаласындағы орыс-қазақ мектебі Тобыл жағасындағы шаһарға көшіріліп, осы ғимаратқа орналасыпты. Жаңа мекенге қоныс аударғаннан кейін ол екі сыныптық Қостанай қазақ-орыс училищесі деген атау алады. Оның жұмысына қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсарин басшылық жасайды. Кеңес өкіметі орнауына байланысты 1922 жылы мәртебесі «Қызыл коммуна» жеті жылдық мектебі» дәрежесіне өзгерген оқу ордасы 1938 жылы қазақ мектебі болып қайта құрылып, Жамбыл Жабаевтың есімін иеленеді. Осы мектептің бүгінгі статусын алуы, яғни мектеп-интернат атануы 1960 жылы ояға келтіріледі. Сол жылы Қостанай облыстық атқару комитетінің шешімімен оған Ыбырай Алтынсарин есімі беріледі. Ол сол бойда облыс аумағындағы барлық қалалар мен аудандардан келген қандастарымыздың ана тілінде білім алатын бірден-бір іргелі оқу орнына айналады. 1990 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы лицей-интернат атанады. Арада 10 жыл өткенде, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат мәртебесіне ие болады. Ал 2002 жылдан бері «Назарбаев зияткерлік мектептері іс-тәжірибесін тарату жөніндегі базалық мектеп» ретінде таныла бастайды. Өзінің ұзақ жылдарға созылған осындай өмірбаян жолдарында білім мекені белгілі революционер Әліби Жангелдин, тұңғыш журналист Мұхамеджан Сералин, педагог-жазушы Спандияр Көбеев, Қазақстанның халық артистері Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов сынды халқымыздың даңқты перзенттерін ұясынан ұшырып шығарған еді.
Кешегі кеңестік дәуірдің дүлей саясаты ықпалында жойылып кетуге шақ қалған қазақ тілін сақтап қалуға ұлан-ғайыр үлес қосқан білім мекемелері қатарында Алматы қаласындағы №2 мектеп-интернат та болды. Республикамыздың сол кездегі бас қаласында туған тілімізді ту етіп етіп көтерген ол өзінің алдындағы №12 мектептің нағыз сыралғы серігіндей, үзеңгілес жолдасындай санатта тұрды. Екі білім мекемесі де саясатта саңылау берген сан түрлі сапырылыстарда сипатын жоғалтпай, өзгермелі дүниенің өзгеріп жатқан тұстарында өздерінің табиғи ізгі қалыптарын ұстап қалды. Осының нәтижесінде шәкірттерін тура жолдың табанынан айырмаған ұлы ұя оларды нағыз отаншылдық рухында тәрбиелей отырып, бүгінгі күнге жетті. Көктөбенің баурайында орналасқан, аумағынан «ауылдың арқа-жарқа қалпы мен аяулы иісі аңқып» тұратын сол мектеп-интернаттың осы бағытта мүдіріссіз жұмыс жасап келе жатқанына келесі жылы асқаралы 60 жыл толады. Ол 1957 жылы республикамыздың түкпір-түкпірінде тұратын малшылар қауымы балаларына арналған мектеп-интернат болып ашылған еді. 1960 жылдан бастап Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының базалық эксперименттік мектебі міндетін де атқарып келді. Ал 1988 жылы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернат ретінде жұмысын жалғастырды. 2003 жылы «Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат» деген атауға ие болды. Мектеп-интернат Үкімет қаулысымен 2006 жылдан Абай есімімен атала бастады. Бұл білім ұясынан ұшып шыққан түлектер арасында да бүгінде жұрты мақтан тұтар айтулы азаматтар аз емес. Енді жөпелдемеде ойға оралғандарын айтып өтсек, Қазақстанның халық артисі, композитор Кеңес Дүйсекеев, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов, Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев секілді тұлғалар есімдерін атаған болар едік. Бірақ, бір кездері Алматы қаласындағы №12 қазақ мектебі сияқты, бұл білім мекені тарихында да тағдыры қыл үстінде тұрған толғақты сәттер аз болған жоқ. Өткен ғасырдың 70-80-жылдарында қолдан жасалған сондай қиғаштықтар кезінде мектеп орыс тілді болып кетуге шақ қалды. Сол тұстарда Үкіметте сондай шешімнің қабылданып кетуіне ұлтымыздың Кәкімжан Қазыбаев, Олжас Сүлейменов, Тұрсынбек Кәкішев сияқты елжанды азаматтары қасқайып қарсы тұра білді.
Қазақтың келешегіне қарай қол созған, халқымыздың тілін таңдайына ұялатқан ұландарды топтап тәрбиелеп өсірген мұндай мектеп-интернаттар республикадағы барлық дерлік облыстар орталықтарында қанат жайды. Сондай білім ұяларының бірі – Орал қаласындағы №11 облыстық мектеп-интернат өзінің негізін 1924 жылы қалады. Оның пайда болуына қазақтың аяулы ұлдарының бірі, қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллин тікелей себепкер болған. Ол 1923 жылы Қазақ АКСР Халық комиссарлары Кеңесінің Төрағасы болып тұрған кезінде Орал өңіріне келіп, қалада таза қазақ тілінде білім беретін мектеп ашуды ұсынады. Бастапқыда жартылай панасыз балаларға арналып ашылып, «пансионат» атанған бұл мекен еліміз тәуелсіздік алғанға дейін Батыс Қазақстан облысы орталығындағы қазақ тілінде білім берген жалғыз мектеп болып келді. Аталған мектеп-интернатта қала тұрғындары арасынан ешкім оқымайтын, мұнда тек маңайдағы ауылдардан келген балалар жатып, білім алушы еді. Осы білім ордасынан қазақтың қаншама талантты жастары үлкен өмірге жолдама алды. Солардың қатарында белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева да болды.
Республикада дарынды балаларды тауып, бөліп оқыту мәселесі 70-жылдардан бастап айрықша назарға ілінді. Сол дүмпудің арқасында 1972 жылы Алматыда О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика мектебінің іргесі қаланды. Онда оқушылар 6-сыныптан бастап қабылданып, 5 жыл бойы аталған пәндер бойынша тереңдетілген білім алды. Мектепте сабақ екі тілде жүрді. Мұнда да қазақ тілінің мерейі түскен жоқ. Мектеп шәкірттері бірден республикалық және одақтық олимпиадаларда топ жарып шыға бастады. Сол түлектердің арасынан кейін көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен ақын-жазушылар, өнер адамдары шықты. Бүгінгі күні біз осы қатардан Кәрім Мәсімов, Қайрат Келімбетов, Тимур Құлыбаев, Асқар Жұмаділдаев, Серікбай Нұрғисаев, Тұрсынжан Шапай тәрізді әлденеше ондаған көрнекті қайраткерлер мен танымал тұлғаларды көрер едік.
Кезінде қазақ қаламгерлері арасында өзінің жеке қаржысына мектеп-интернат салдырып берген нағыз Атымтай жомарттар да кездесті. Оқырман қауымға Шығыстың шырайы – «Мың бір түнді» қазақша тамылжытып тұрып сөйлетіп беруімен, аты әлемге әйгілі балуан туралы «Қажымұқан» атты тамаша романды ұсынуымен жақсы танымал болған жазушы Қалмақан Әбдіқадыров ауыр сырқатқа шалдығуына байланысты 1956 жылы Алматыдан туған жері – Шиеліге келіп, аудандық газеттің редакциясына қызметке тұрады. Осында жүріп, 1958 жылы Сырдың сол жағалауындағы Қызылқұмның қойнауына малшылар балалары үшін мектеп-интернат салуға бастамашылық етеді. Алғаш «Жүзбай» деген жерден бой көтерген ғимаратын келесі жылы орын алған су тасқыны шайып кетіп, қаламгердің еңбегі еш кетеді. Бірақ сонда да алған бетінен қайтпай, Сырдариядан 7 шақырым жердегі «Жарты ауыл» деген мекеннен мектеп-интернат үйін салдырып, 1961 жылы есігін айқара ашып береді.
Осының өзі жазушының ұлт пен ұрпақ болашағын ойлайтындығын, олардың тағдырларына алаңдаушылығын көрсететін еді. Дәл қазір тап солай алаңдаушылық қатты керек болып тұр. Бүгінде дәл осындай мектептерге мұқтаж ата-аналар өте көп. Бұған әрбір облыстағы білім басқармаларына түсіп жататын арыз-шағымдар толық айғақ. Себебі, алыстағы ауылдарда тұратын ата-аналар мектепте оқуға тиісті балаларының жайына байланысты тұрған жерлерін, жылы ұяларын тастап, білім ошағы бар елді мекендерге қоныс аударуға мәжбүр болып жатады. Балаларын жіберіп, өздері ата-қоныстарында көз жазбай қала берейін десе, бұрынғы кеңшарлар мен аудан орталықтарындағы мектеп жандарында интернаттар жоқ. Ал облыс орталықтары мен қалалардағы мектеп-интернаттарда да орын бола бермейді. Өйткені, қайсыбір облыстың орталығында бар-жоғы 2-3 мектеп-интернаттан ғана бар. Олардың да әрқайсысы 200-250 оқушыдан артық контингентті қабылдай алмайды.
Әдетте, мектеп-интернаттар негізінен ауылдық жерлерде тұратын және ерекше қабілеті бар балаларға сапалы білім беру мақсатында ашылады. Қазіргі таңда Қазақстанда негізгі және орта білім алуға мүмкіндіктері жоқ ауылдардан шыққан 16 125 баланы қамтитын 275 мектеп жанындағы интернаттар жұмыс жасайды. Бұдан басқа, 611 баланы қамтитын тіректі мектептер жанында 46 интернат бар. Тұрмыстары төмен отбасыларынан іріктеп алынған 1 587 баланың басын біріктіріп отырған 8 интернат тағы тұр. Бұдан бөлек, мүмкіндіктері шектеулі, сондай-ақ мүгедек балаларға арналған 87 интернатта 13 219 бала оқып жүр. Ал санаториялық типтегі 16 мектеп-интернатта барлығы 2 713 бала білім алуда. Бұған қоса, дарынды балаларға арналған 72 мектеп-интернат 14 083 оқушыға тереңдете білім беріп келеді.
Әлбетте, бұлардың бәрін қазіргі сұранысты қамтамасыз етіп отыр деп, ешкім айта алмаса керек. Елімізде мектеп-интернаттар жүйесін жетілдіре түсуді аттай қалап отырған өңірлер өте көп. Соның ішінде солтүстік аймақтардың өтінімі жылдан-жылға артып келеді. Бұған көп жағдайда бұл аумақтардағы елді мекендердегі тұрғындар санының күрт азайып, бірқатар ауылдарда мектептердің жабылып қалып жатқаны тікелей әсер етіп жатыр. Ендеше, бұл тұйықтан шығудың бірден-бір төте де тиімді жолы ірі елді мекендер аумағындағы, аудандар мен облыстар орталықтарындағы мектеп-интернаттар санын арттыру болса керек.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»