«KazSat-2» Ұлттық спутнигі ұшырылғанына – 5 жыл
Осыдан 5 жыл бұрын, 2011 жылдың 16 шілдесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Протон-М» зымыран тасығышымен байланыс және хабар тарату жөніндегі «KazSat-2» Ұлттық спутнигі жер төңірегіндегі орбитаға сәтті шығарылған болатын.
Осы «KazSat-2» ғарыш аппаратын жасаған кезде ең заманауи техникалық шешімдер пайдаланылды, борттық жүйелер жаңғыртылды, бағдарлау жүйелері мен өндірісті тұрақтандырудың сенімділігі жоғары аспап-құралдары орнатылды. Ал олар ғарыш аппаратының жолға қойылған сипаттамасын және сенімділіктің қажетті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызды.
«KazSat-2»-нің қамту аймағы Қазақстанның бүкіл аумағына таралады және еліміздің байланыс және хабар тарату операторларының сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдері кіретін Орталық Азия атырабын және Ресейдің орталық бөлігін де қамтиды», – деп атап көрсетті Қазғарыш «Республикалық ғарыш байланысы орталығы» АҚ президенті Виктор Лефтер.
«KazSat-2» спутнигін пайдалануға беру біздің мемлекетіміздің экономикасы мен дамуындағы маңызды белес болды. Өйткені, ол байланыс спутниктерінің тәуелсіз желілерін жасауға, қаржының шетелге кететін ағынын азайтуға және еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасады.
Бүгінде ғарыш аппараты штаттық режімде пайдаланылып, қазақстандық 12 компания желілерінің үздіксіз қызметін қамтамасыз етуде. Мұның өзі сандық телерадио хабар қызметінің, жоғары жылдамдықтағы ғаламторға кірудің, сондай-ақ, спутниктік байланыстың жақсаруына септігін тигізуде.
«KazSat-2» спутнигін Қазғарыштың жоғары білікті мамандары басқаратынын атап көрсеткен абзал. Бұл орайда Ақмола облысының Ақкөл кентінде орналасқан Ғарыш аппараттарын жер бетінен басқару кешенінің және Алматы қаласындағы «Көктерек» Ғарыш аппараттарын басқарудың резервтік кешенінің ең жаңа техникалық құралдары қолданылуда.
Назар ҚАСЫМ