«Кеше «Егемен Қазақстан» газетінде «Қант неге қат?» атты сын мақала жарияланған еді. Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жапсарбай қант тапшылығына байланысты өңірде антимонополиялық тергеу басталғанын мәлімдеді.
«Қарағанды облысы нарығында қалыптасқан жағдайға байланысты біздің департамент ірі қант жеткізушілерге қатысты тергеуді бастады. Біз бұл мәселені маңызды деп санаймыз. Қалыптасқан жағдай қант бағасының шетелде көтерілуімен байланысты емес. Біз бұл тапшылық қолдан жасалған деп есептейміз. Бұлай деп айту үшін, әрине, айғақ керек. Сол үшін ірі қант жеткізушілеріне қатысты тергеуді бастадық», деді А.Жапсарбай.
Сонымен қатар, ол тергеу жүргізілетін компаниялардың да атын атады. Олар – «Адал-Аслан» ЖШС, «Самади-1», «Ер Ай 2012», «Dias KZ» және «Green Foods». Тергеу барысында бұл компаниялар қатарының көбеюі де әбден мүмкін.
Еске салсақ, Қарағанды облысында соңғы күндері 1 кило қанттың бағасы 340-350 теңгеге шарықтап кеткен еді. Тіпті, тауардың бұл түрі көптеген дүкендердің сөрелерінен жоғалып кеткен болатын. Жағдайды тұрақтандыру қорынан бөлінген 150 тонна қант та түзей алмады. Мұның себебін облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева былайша түсіндірді. «Негізі арнайы бөлінген бұл қант партиясы тұтыну қажетін толығымен өтейтін еді. Бірақ жұрт қазір қантты әдеттегіден көп мөлшерде сатып алып жатыр», деді ол.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ