Бұрнағы күні Алматыдағы аспан төрі қақ айырыла күркіреп елді таң қалдырды. Іле-шала көк жүзін бұрын-соңды байқалмаған қара түнек бұлт тұмшалап, ара-тұра найзағай ойнап, жаңбыр шелектеп төгіп берді. Сол-ақ екен, дауыл соқты. Үлкен көшелерге ілінген бильбордтар құлап, жел шайқаған ағаштардың бұтағы морт-морт сына бастады...
Көп кешікпей қалалық ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова «112» қызметі арқылы мәлімет таратты. Небәрі бір сағаттай болған жаңбыр араласқан дауылда қала бойынша 24 ағаш құлапты. Оның 16-сы жол жиегінде, аулаларда қаңтарулы тұрған жеңіл автокөліктердің үстіне түсіп елеулі зақым келтірген. Жел қаңбақтай ұшырған жаздық шатырлар да баршылық. Абырой болғанда, зардап шеккен адам жоқ.
Жаңбырлы дауылдың күштілігін Алатаудың етегін ала орналасқан Наурызбай ауданының тұрғындары айрықша сезді. «Қалқаман» шағын ауданында дауылмен, жаңбырмен араласып торғайдың басындай бұршақ жауды. Электр желісінде өрілген сым темірлер желден соқтығысып жарылыстағы секілді қатты дыбыстар шықты.
Дауыл да, жаңбыр да бір сағаттың айналасында сап тиылды. Табиғаттың бұл тосын құбылысын таңертеңгі атыстан үрейленіп үйден шықпай отырған қала тұрғындары әлі күнге дейін әрі-сәрі күйде түсіне алмай жүр...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ