Қазақтар зіл деп атайтын мамонттың азулары мен сүйектерін Зеленый Гай ауылының тұрғыны Әнуар Қабылжапаров кездейсоқ тауып алған. Ол мал бағып жүріп, терең сайдың ішінен сүйек шашырандыларын байқап қалған. Атан жіліктерге таң-тамаша қалып, тегін дүние емес екендігін аңғарған. Дереу тиісті орындарға хабар беріп, жаңалығын жеткізген.
Жергілікті археологтардың айтуынша, биыл Тайынша ауданының бірқатар елді мекендерін қарғын су шайып, сүйектер соның салдарынан жер бетіне шығып қалса керек. 10 метр тереңдіктен табылған ғажайып олжа, яғни зіл – мамонттың омыртқасы, қабырғалары, азулары мен жілігі аздап мүжіле бастағанымен, жақсы сақталған. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайына табысталған алып жануар қалдықтарына зерттеу жүргізген кәсіби мамандар оны осыдан 10000 жылдай бұрын өмір сүрген мамонттар деген болжам айтуда.
– Біздің қолымызда бұл жануарлардың ерте кезде солтүстік өңірлерді мекен еткенін растайтын археологиялық қазбалар жеткілікті. Алғаш рет 1923 жылы Есіл өзенінің жағасынан, сосын 1980 жылы Сергеевка жағынан табылған алып жануарлардың 200 000 жыл бұрын өмір сүргені анықталған. Мұндай баға жетпес жәдігерлер Ясновка, Бескөл кенттері маңайынан да ұшырасқан болатын, – дейді тарих ғылымдарының докторы, Германия археологиялық институтының корреспондент-мүшесі Виктор Зайберт.
Зіл қаңқаларын зерттеумен ғалымдар мен өлкетанушылар айналысуда.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы