• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
20 Шілде, 2016

Футбол. «Астана» соңғы минуттарда жеңісті голды соқты (фото, видео)

278 рет
көрсетілді

Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Астана» өз алаңында Литваның «Жальгирис» командасын қабылдады. Жанкүйерлер бұл кеште тартысты бәсекенің куәсі болды. Қос қақпаға ұйымдастырылған алма кезек шабуылдар қауіпті аяқталып жатты. «Астана» ойынды ширақ бастады. Жүйелі ойын көрсетіп, шабуылдарға жиі шығып тұрды. Ал «Жальгирис» ойыншылары кездесудің бұл бөлігінде негізінен қорғанумен болды. Ненад Эричтің қақпасын бір-екі рет нысанаға алып көргенмен, дегендеріне жете алмады. Есесіне алаң иелері кезекті шабуылында есеп басын ашты. Бұрыштамадан Патрик Твумасидің әуелеткен добына алғаш болып жеткен Марин Аничич өз командасын осылайша алға шығарды. Осыдан соң бірқатар қауіпті сәт орын алғанмен, алғашқы тайм 1:0 есебімен қалды. Ойынның екінші бөлігінде жаттықтырушыдан жаңа нұсқаулар алған «Жальгирис» ойыншылары бастапқы минуттарда алаң иелерінің адымын аштырмады. Жаңадан өрбіп келе жатқан шабуылдарына тойтарыс беріп, допқа талас кезінде басымдығын көрсетті. Жергілікті команданың капитаны Таңат Нөсербаев жарақатына байланысты алаңнан кетуіне мәжбүр болды. Міне, осыдан кейін қонақтар қарқынын одан сайын үдетті. Нәтижесінде 57-минутта Эливелтоның соққысынан кейін таразы басы теңесті. Тең есеп «Астана» үшін тиімсіз еді. Себебі, есеп өзгеріссіз қалса, келесі іріктеу кезеңінде «Жальгирис» өнер көрсетеді. Осыны қаперінде сақтаған алаң иелері барын салып шабуылдады. Қонақтар уақыт созу үшін бәрін жасады. Әдеттегідей, допқа талас кезіндегі жағдайда симуляцияға жол берген кездері де болды. Бірақ «Астана» тіпті, Чемпиондар лигасының финалында өнер көрсеткен «Атлетико» командасына да «Астана Арена» стадионында есе жіберіп көрмеген. Бұл матчта да соңғы минуттарға дейін мүмкіндіктерін мүлт жібермеуге тырысты. Нәтижесінде, негізгі 90 минут аяқталғаннан кейін қосымша берілген 3 минуттың 2-минутында жеңісті голды соқты. Тартысты сәттердің бірінде Марин Аничич өзінің екінші добын «Жальгирис» қақпасына тоғытты. Дер кезінде шабуылға араласқан Марин Аничич екі голдың авторы атанып, өз командасын осылайша келесі кезеңге алып шықты. «Жанкүйерлер – команданың он екінші ойыншысы» деп босқа айтылмаған болса керек. Олардың керемет қолдауы «Астананың» келесі кезеңге өтуіне үлкен септігін тигізді. Бүгін «Селтик» (Шотландия) пен «Линкольн» (Гибралтар) арасында жауапты кездесу өтеді. Бұл ойында қажетті нәтижеге қол жеткізген команда «Астананың» келесі қарсыласы атанады. Айта кетерлігі, алғашқы ойында «Линкольн» 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Аян ӘБДУӘЛИ Фото: Ерлан ОМАРОВ