• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
21 Шілде, 2016

Алматы боздақтармен қоштасты

461 рет
көрсетілді

Кеше қала халқы 25 минуттық зұлматта қаза тапқан полиция қызметкерлерін ақтық сапарға шығарып салды. Қаладағы Балуан Шолақ атын­дағы республикалық спорт кешені қаралы жиынға жиналған халыққа лық толды. Боздақ­тар­дың рухына арналған 1 ми­нуттық үнсіздік жарияланды. Атшаптырып кең  зал ішін­е жиналған мыңдаған аза­маттың ойы мен санасына осынау дүниенің қас-қағым тылсым сәтінде не келіп, не кетпеді десеңізші... Қаралы митингіде сөз сөй­леген қала әкімі Бауыржан Байбек Алматы тарихындағы қасіретті бұл оқиғаны «25 минуттық зұл­матқа» теңеді. Бейбіт халықтың өмірі үшін өздері ажал құшқан есіл ерлердің есімдерін шын жүрегімен тебірене тұрып атады. – Бүгін ақтық сапарға аттанып бара жатқан азаматтар қоғам­дық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұр­ғындардың тыныштығын қор­ғау жолында мерт болды. Олар осын­да тұрған әр біріміздің бей­біт ғұмы­рымыз үшін өздерінің өмір­лерін қиып, жандарын пида етті. Бұл оқиға, ішкі істер органы қыз­мет­керлерінің әр күні, әр сағаты бол­жаусыз екенін, сон­дық­тан да ерлік­ке пара-пар бола­ты­нын тағы бір дәлелдеді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда халқына адал еңбек етіп, ерен ерлік көрсеткен бауыр­­лары­мыздың жарқын бей­несі біз­дің жадымызда мәңгі сақталмақ. Батырларымыздың есімдері ел мен қала тарихында қашанда алтын әріппен жазылады, – деді қала әкімі. Ол күн, яғни 18 шілде Алматы тұр­ғындарына ашық аспаннан кенет найзағай ойнағандай әсер етті. Жұрттың көбі болған оқиға­ның мән-жайын әлі күнге дейін дұрыс­тап түсініп болған жоқ. Поли­ция старшинасы, арнаулы екінші батальонының полиция қыз­­меткері Аян Ғалиев қыл­мыс­кер­­мен бетпе-бет келіп, маң­да­йын оққа төседі. Алайда, ақыр­ғы де­мін жинап, қанішерге оқ атып үл­гер­ген. Ақыры жауыз­ды Аян­ның оғы ауыздықтауға себеп­ші бол­ды. Жаралы күйінде: «Ор­талық­қа ха­бар бер!..», деп айтып үлгер­ді. Жи­нал­ған қауым Аянның ер­лік қадам­дарын құлағымен ести тұ­рып, күл­лі залды күңіренте «аһ» ұрды. Алғашқы болып оққа ұшқан подполковник Ғани Нұриманов өзінің ұлымен жасты жас жігітті сабырға шақырып, шалыс баспауын өтініп тұрған шағында опат болды. Ғани өткен жылдың күзінде ғана кәсіби еңбек өтілінің толуына орай еңбек демалысына шыққан еді. – Ғани Айтбайұлы Нұриманов менің туған әпкемнің ұлы болып келеді. Өзінің үлкені – Әлішер Алматыда жоғары оқу орнын бітір­­ген, қазір Польшада білімін жал­­ғас­тыруда. Екіншісі – Санжар биыл ғана мектеп бітірген. Келін – жесір, балалар жетім қалды. Ғани жастайынан балажан еді. Қылмыскерді ақылмен тоқтатамын деген қарусыз жиенім өзі оққа ұшты, – деп қайғырған Ермекбай Мантаев қаралы жиынға Алматы облысының Жамбыл музейі ауылынан келіпті. Белгілі саясаткер-сараптама­шы Айдос Сарыммен пікір бөлістік. – Болған оқиға біз үшін үлкен қасіретке тең. Соңғы жылдың ішінде мұндай оқиғалар көбейіп те кетті, – деді саясаттанушы. – Осының өзі пісіп-жетілген кешенді мәселе үлкен де ауқымды, жан-жақты шараларды қажет етеді деп есептейміз. Мына қаралы жиын үстінде мен шын мәнінде қоғам болып, ел болып болған оқиғадан сабақ алуымыздың кезі келгенін ұғынуымыз керек деп ойлаймын. Шеттен келген діни ағымдарды бұдан әрі еркелетуге, еркінсітуге тыйым салу керек сияқты. Қоғам болып ұйысып, өзіміздің тәуелсіз жолымыз бар екенін, өз мінезіміз, өз пікір-пайымымыз, дәстүрлі діні­міз бар екенін осындай кезде бар­ша­ға паш етудің артықтығы жоқ. Бұл кезде Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарақастек ауылында да Алматыдағы қанды оқиғаның аяқталар тұсында құрбан болған полиция қызметкерінің мәйітін қара жердің қойнына тапсырып жатқан. Жол-патрульдік қызмет полкінің кіші сержанты Мақсат Сәлімбаев қылмыскердің жолын бөгеу кезінде ауыр жарақат алып, ауруханаға жетпей көз жұмған еді. Жаназаға облыс әкімі Амандық Баталов келіп, марқұмның туған-туыс­тарына облыс халқының аты­­нан көңіл айтты. Мақсаттың жесі­ріне «Асыл арман» шағын ауда­нын­­дағы пәтер кілтін табыстады. Сәлім­баев­тың жас отбасы бұған дейін Ал­матыда пәтер жалдап тұрған екен. Қаралы жиыннан бір күн бұ­рын қантөгісте ауыр жарақат ал­­ған жол-патрульдік полиция лейте­нан­ты, алтыншы құрбан – Тимур Бегасылов дәрігерлердің барынша күш жұмылдырғанына қарамастан, ауру­ханада көз жұм­ды. Лейтенант 25 шілде күні 30-ға толатын еді. Кеше 23 жастағы шекара қызмет­кері Азамат Әзім­жанов­тың денесі Ал­маты облысы­ның Панфилов ауда­нындағы Пижім ауылына, поли­ция капита­ны 28 жастағы Бауыржан Нұрмұ­хан­бетов­тің денесі Жамбыл облысы­ның Қор­дай ауылында жерленді. Алматыда әдеттегідей тағы да аяқ астынан нөсер төпелеп жауды. Қатты жауды да, 20 минуттан соң кенет басыла қалды... Бейне халықтың тыныштығы үшін өмірін құрбан еткен боздақтарға арнап Табиғат-Ана егіліп тұрып көз жасын төккендей... Күн шайдай ашылғанда қала­лық­тардың жаңа легі – дені жас­тар, Ғани мен Азамат мерт болған Мұхтар Әуезов атындағы драма театры алдындағы метро стан­са­сы­ның кірер аузына, Мақсат ауыр жараланған, артынша көз жұм­ған қалалық ҰҚК қақпасына, Бауыржан мен Аян қайтқан Абылайхан мен Төле би көшесінің қиылысына, Алмалы ауданық ІІБ қақпасына гүл шоқтарын әкеліп қоюды жалғастырды. Сөйтіп, Алматы тұрғындары қандай да болсын қылмысқа иық тірестіріп күрескенде ғана қарсы тұра алатынын аңғартты. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ Суреттерді түсірген автор