• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
21 Шілде, 2016

«Жасыл» экономиканың жақсылығы көп

669 рет
көрсетілді

«Жасыл» экономика – бәсекеге қабілетті елдер үшін экономикалық дамудың бірден-бір үлгісі болуы тиіс. Қазақстанның «жасыл» экономиканы дамытуға назар аударуының басты себебі осыған байланысты. ҚазМедиа орталығында брифинг өткізген БҰҰ Даму бағдарламасы қызметкерлері осылай деді. Қазақстан Президенті жанын­дағы «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі кеңестің 4-ші оты­рысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов алдағы уақытта «жасыл емес» жобаларды қаржы­лан­дыру қиындайтынын, «қоңыр» эко­но­микалы елдердің жаһан­дық эко­номикадан біртіндеп шет­тей беретіні туралы айтқан бола­тын. БҰҰ Даму бағдарламасы қыз­мет­керлерінің айтуынша, бүгін­де елімізде табиғи р­есурс­тар­ды пай­даланудың тиімділігін арт­тыру, ескі инфрақ­ұр­ылым­дар­ды жаңарту, қоршаған ортаны қор­ғау сынды бағыттарда нақты жұ­мыс­тар жүзеге асырылып жатыр. – «Жасыл» экономика талап­тарын сақтау арқылы халық­тың игілігін арттыру керек. Осы жолда БҰҰ Даму бағдарламасы әлем­нің 170-тен астам елдерінен жинақталған даму тәжірибесін Қазақстанмен бөліседі, – дейді БҰҰ ДБ тұрақты өкілінің кеңес­шісі Ирина Горюнова. Оның айтуынша, қазір Қазақстан халқының жартысына жуығы қалалық жерлерде тұрса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 66 пайызға дейін жетпек. Ал қалалықтардың көбейіп, ауыл халқының азаюы қоршаған ортаға жасалатын кері әсерді де күшейтеді. Сол үшін алда­ғы уақытта шаһарларда, әсіресе, өнер­кәсібі дамыған, эколо­гиясы көңіл көншіт­пейтін, халқы көп қалаларда эколо­гиялық таза көлік­терді көбейту, «ақылды» жарық­пен, жылумен қамтама­сыз ету сынды шараларға баса көңіл бөлінеді. Осы жиында айтылғандай, «жасыл» экономика – азық-түлік қауіпсіз­дігін қалыптастыруда өте маңыз­ды рөл ойнайды. Мәселен, ауыл шаруа­­шылығы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйе­ніп суды үнеммен пайдаланатын технологияларды енгіз­бесек, фермер­лердің климаттық жағдайларға бейімделуіне қолдау көрсетілмесе, алдағы уақытта еліміз­де астық өндірі­с­інде қиындық туын­дауы әбден мүмкін. Біріншіден, астық өндірісінің Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар. Екіншіден, Қазақстанның астық экспорт­таушы ел екенін ескерсек, біздің елде туындаған мәселе астық им­порт­тайтын елдер үшін де ыңғайсыз­дық туғызады. Ал заманауи жасыл техно­логияларды қолдану астық өндірісінің көлемін қазіргі көрсеткіштен анағұрлым арттыруға мүмкіндік береді. Арнұр АСҚАРОВ, «Егемен Қазақстан»