• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
21 Шілде, 2016

Сарыкөлдің сары қызы

306 рет
көрсетілді

Елена Данилова бастаған іс нәтижесіз болған емес Қазір Сарыкөл ауданында Еле­на Данилованы барлығы біле­ді. Жастар оның белсенділігі үшін жақсы көре­ді. Өйткені, ол бастаған істің нәти­жесіз қалға­ны жоқ. Осыд­ан 4-5 жыл бұ­рын Сарыкөл ауда­нын­да суицидтік оқи­ға­лар жиілеп кетті. Аудан суицидтің са­ны жөнінен алдыңғы қатарда тұр­ды. Осы кезде аудан­дағы Соро­­чин сел­о­лық ок­ру­­гіндегі жас­тар­дың «Рауан» қоғам­дық бір­лестігі дереу іске кірісті. Олар аудан­да­ғы әрбір мектепке барып, оқушылар мен сол ауылдағы жастарға суицидтің қатері туралы әңгімелер өткізді. Психологтар мақалаларын, видеоматериалдар тапты. Қысы мен боранға, аязға қарамай ауылдарды аралады, көктемге таяған лай­саң уақыттарда жұмысты үдете түс­кені есінде. Соның арқасында екі жыл бойы аудандағы жастар мен жас­өспірімдер арасында бірде-бір өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасы тіркелмеді. – Рас, соңғы жылы Сарыкөл ауданын­дағы жасөсіпірімдер арасын­да осы қатерлі оқиға қайтадан бас көтере бастады. Біз суицидтік оқиға­ла­р­дың алдын алуға, профи­лак­ти­ка­лық жұмыстарға тағы да қайтадан оралуды жөн көріп отырмыз, – деді Сарыкөл аудандық жастар ресурсы орталығының директоры, «Рауан» жастар қоғамдық бір­лес­тігінің жетекшісі Елена Данилова. Сарыкөлде Елена Сергеевнаның бастамасымен, жетекшілігімен жүр­гізіліп жатқан жұмыс мұнымен шек­телмейді. Ауылды жерлерде жастар­ды қоғамдық істерге тарту және олар­дың белсенділігін көтеру оңай емес. – Несін жасырамыз, ауыл жас­тарын қалалық замандастарымен салыс­тыруға болмайды. Ауылға қара­ғанда қалада жастар белсенді келеді. Себебі, ауылдағы жақсы оқитын, белсенді жастар қалаға кетіп қалады. Сондықтан, ауылда кол­леджге құжат тапсырғандар мен жұмыс­сыздар, өзінің ауласындағы шаруа­шылығын күйттеген жастар ғана қалады, – дейді Елена. Қазір ауданда 5 мың­нан астам жас тұ­рып жатыр. Солар­дың ара­сы­­нан айналасына ық­палы бар бел­сенді жас­тар­дың саны жүзден аспайды. Елена осының өзін соң­ғы жыл­дары ұдайы жүр­гіз­­ген жұмыс­тар­дың жемісі деп біледі. Ал Еле­на­ның өзі ауыл мек­тебін жақсы біті­ріп, қала­да мұғалім ма­ман­­дығын алған соң ту­ған ауылына қайтып орал­ған санаулы жас­тың бірі болатын. Өйт­кені, мек­теп қабырғасын­да дос­тасып, дос­ты­ғы шынайы махаббатқа айнал­ған Юрий екеуі шаңырақ көтеріп, туған ауылын­да тұруға келісті. Қазір екі қызы бар. Еленаның бала кездегі бел­­сен­ді мі­незін ешкім өзгерте алған жоқ. Ол отбасын құрған соң да аяғы ауыр болып, демалыста отыр­ғанда да қо­ғам­­­дық жұмыстан бір күн қалған емес. Жас­тардың ресурс орталығы ұйы­­­мы жұмыс істе­гелі оның бастама­сы­­мен ауданда көп­теген  шаруаны тындырды. – Алдымен жастар ресурсы орта­лығының өзі өте жақсы ұйым болып табылады. Мемлекеттің қолдауын сезінесің. Мұны азаматтық қоғам мен мемлекеттік жұмыстың үйлесімі деп білемін. Жергілікті жердегі өзек­ті деген мәселелерді біз алып шығып отырамыз, – дейді Елена Данилова. Белсенді жастың бұл имандай шыны. Мысалы, биыл жастар ресурсы орталығының жобасымен ауданда 30 жас жұмысқа орналасты. Ол қалай болды деңіз? Алдымен жастар ресурсы орталығының белсенділері аудандағы шаруа қожалықтарымен әңгіме жүргізді. Ауданда мониторинг жүргізгенде еш жерде жұ­мыс істемейтін 125 жас бар екен. Аудан орталығындағы Агробизнес коллед­жін бітіретін студенттер де бұл жобаға қосылуға тілек білдірді. Ауыл шаруашылығында жұмыс істеу­ге бел буған 30 жас жиналды. Олар үшін аудандық жастар ресур­сы орталығы бірнеше шаруа қо­жалықтарымен келісімшарт жаса­ды. Әлгі отыз жасқа «Жасыл ел» бағ­дарламасы аясында 17 мың теңге төленеді, оның сыртын­да шаруа қожалықтары ең төменгі еңбекақы тағайындайды. Шаруа қожалықтарына агроном маман­дығын алған жас барса, олар оны тә­жірибе жүзінде мамандықтың қыр-сы­рына баулиды, ал жұмыссыз жүр­ген механизатор барса, оны тракторға отырғызады. Олар 1 маусымнан бас­тап жем-шөп дайындау науқанына кірісіп кетті. Шаруа қожалығының жетекшісі үш айда өзін жан-жақты көрсеткен жастарды алып қалады. Міне, ауылдағы жастар үшін мұнан артық қандай нәтиже керек?! Ауылдағы жастар арасында жүр­гізілетін жұмыстардың бар­лығы да өзекті. Жастардың демалы­сы, жұмы­сы, ұлтаралық тату­лық, патриот­тық­­қа тәрбиелеу жұмыс­тарының еш­­қай­­сысы Еленаның қатысуымен құ­рыл­­ған жобалардан тыс қалған жоқ. Сары­көл ауданында жастардың 8 үкі­меттік емес ұйымы құрылып, оның бесеуі белсенді жұмыс істеп отыр. Елена­ның қаты­суымен бес жылдың ішін­де 10 жоба жүзеге асырылды. Өт­кен жылы Сарыкөл ауданынан шыққ­ан атақты адамдар туралы кітап құрас­тырып, оны аудандағы барлық мектеп­ке апарып, тұсаукесерін жасап таратты. – Біз патриоттық тәрбиеге көп көңіл бөлеміз. Жастар өз ауданын, ауылын жақсы көрмесе, ол туралы жете білмесе, тұтас елді қалай сүйеді?—дейді Елена Данилова. Республикалық видео-роликтер байқауында Еленаның жұмысы «Білім» аталымы бойынша БҰҰ-ның арнайы сыйлығына ие болды. Өткен жылы оның есімі «Қостанай облысы жастарының «Алтын кітабына» «Жастар көшбасшысы» аталымы бойынша енгізілді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы