• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Шілде, 2016

Ереванды ебіл-себіл еткендер кімдер?

349 рет
көрсетілді

Арменияда құқық қорғау органдары Еревандағы ішкі істер бөлімшесі ғимаратында поaлиция қызметкерлерін кепілдікте ұстап отырған қарулы топ мүшелерімен келіссөзді әлі жалғастырып жатыр. Ал бұл оқиғаның басы 17 шілде, жексенбі күні таң азанда басталған еді. Бір топ қарулы қарақшы елдің астанасындағы Эребуни ауданында орналасқан полицияның патрульді-пост қызметінің күзет аймағына өтіп кетпекші болады. Бірақ полицейлер оларды байқап қалып, тоқтатуға әрекет жасайды. Сол кезде екі арада атыс басталып кетеді. Осы атыста терроршылар бір құқық қорғаушыны атып өлтіріп, төрт полицейді жара­қат­тап, жеті тәртіп сақшысын кепілдікке алды. Қақтығыс барысында қарақшылар қолынан полк командирінің орынбасары Артур Ваноян қаза тапса, полковник Арам Ованнисян, подполковник Грач Хостегян, кіші офицер Гагик Мкртчян және оператор Роберт Айрапетян жарақат алады. Ал шабуыл жасаушылар қатарынан оқ тиген Татул Тамразян есімді терроршы ауыр жағ­дайда ауруханаға түседі. Кейін анықталғандай, қаланың Эребуни ауданындағы полиция ғимаратына шабуыл жасаған­дар радикалды оппозициялық «Жаңа Армения» ұйымы мен «Құрылтайшы» парламент» қозғалысының мүшелері болып шықты. Қарақшылар полиция қыз­меткерлерін кепілдікке алғаннан кейін елдің президенті Серж Саргсяннан отставкаға кетуді және заңсыз қару сақтағаны үшін қамауға алынған «Жаңа Армения» ұйымының лидері Жирайр Сефилянды құлып астынан босатуды талап етті. Бірақ Армения полиция­сы басты­ғының орынбасары Унан Погосян сол күні бұқаралық ақпарат құралдарының алдында берген брифингінде террор­шылардың бұл талап­тарының бірде-бірі орындалмайтынын ашып айтты. Бұдан кейін арнайы бөлімше қызметкерлері полиция ғима­ратына шабуыл жасап, екі қызметкерді кепілдіктен босатып алды. Тағы бір қызметкерді қарақшылардың өзі соның алдында босатып жіберген екен. Сонымен, олардың қолында тағы төрт қызметкер қалып қойды. Олардың арасында Ереван қаласы полициясы бастығының орынбасары Валерий Осипян да бар. Қазір полиция бөлімшесіне шабуыл жасап, тәртіп сақшыларына жәбір көрсетушілер үстерінен қылмыстық іс қозғалды. Сонымен бірге, кепілдікке алынған қалған полицейлерді еш залалсыз қамаудан босатып алудың амалдары жасалып жатыр. Армения астанасында осының соңын ала бірнеше күн бойы жұртшылықтың ереуілі болып өтті. Онда негізінен ел прези­дентін отставкаға кету талап етілуде. Негізі, елде мұндай көңіл күйдің көтерілуі тек бүгін ғана емес. Биыл­ғы жылдың көктемінде де Ереванда бір­неше күн бойы осындай шеру болып өт­кен еді. Бірақ онда Таулы Қарабақ мәсе­лесі көбірек алға тартылған болатын. Деген­мен, бұл жолғы қозғалысты да сол кез­дердегі қарсылық қозғалысының жал­ғасы ретінде бағалауға болатын сияқты. Руслан ИГІЛІК