• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Шілде, 2016

Бекбаулы ата

2097 рет
көрсетілді

Бүгінде әулие-әнбиелерге қатысты әралуан пікірлер айтылып жүр. Біреулер ата-баба аруағы немесе көріпкел-емшілер туралы сөз қозғалса, «Аллаға серік қосу» деп ат-тонын ала қашады. Ал, біздің бабалардан жеткен дәстүрлі дінімізде ата-баба аруағын қастерлеу, оларға зиярат ету – ұрпақтың, еш жерде жазылмағанмен, мансұқтауға жатпайтын міндеті саналады және ол Аллаға серік қосу емес, есі түзу мүмін Алланың жалғыз екендігіне, оның құдіреті шексіздігіне, ешкімнің оны қайталай алмайтындығына және ол сияқты ешкімнің шексіз мүмкіндікке ие еместігіне бек сенеді. Кешеге дейін қаймағы бұзылмай келген түсінігімізде, «Әулие – Алланың жердегі досы, Жаратқанның айрықша ықыласына ие болған пенде», яғни «әулиеге түнеп, Алладан тілеу керек». Аруақты адамдар мен о дүниелік әулиелерді Жаратушы деп емес, Жаратушының ерекше назарына ілінген жаратылушысы ретінде қастерлеудің еш сөкеттігі жоқ. Аруаққа қарсы топырақ шашушылар осы арадан бұра тартып, халықты адастыру үшін «бүйректен сирақ шығарып» алған. Аруақ болмаса, әулие жоқ болса, ел арасында бағзыдағы бабалардың, аруақты аталардың, аналардың өздері өлсе де таңғажайып іс-әрекеттері аңыздай есіп, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқанын не дейміз? Өткенді айтпағанның өзінде, бүгінгі күннің иінінде керемет қасиеттерге ие пенделер жайлы көпшілігіміз естіп-көріп жүрміз, тіпті, куә болып та жатқандар да жоқ емес. Қазақтың даласы айтулы аруақты ұл-қыздарға мекен болған киелі дала. Қожа Ахмет Ясауи бастаған дүрлерге мәңгілік мекен болған еліміздің оңтүстік өңірі, Мәшһүр Жүсіп сынды аруақты ер жатқан Баянауыл өңірі, 362 әулиелі Маңғыстау – осы сөзіміздің дәлелі. Адайдың пірі атанған Бекет ата, Бекбаулы ата, Мыңкісі ата, Қыдыр көрген үш Назар, Масат ата, Шопан ата, Шақпақ ата, Қараман ата, Сисем ата, қожа Еспамбет, Тұрыш, Сисенбай, Көшербай ахундар, Амантұрлы, Көркембай, Бүркіт, әкелі-балалы Асау мен Барақ аталар, Диханияз, Дәулетбай сопы, Әуеталық, Сұлтан-үпі, Айдар және Берді ишандар, ағайынды Несібек пен Нұр – сан ғасырлар, сан жылдар бойы ұрпақтың сеніміне селкеу түсірмей, көңіліне еш күмән ұялатпай сүйеніп келген, Кекілбаевша көмкерсек, «тарыққанда жебеп, зарыққанда демеп» келген әулиелері. Құлсары маңындағы Ақмешітте өмірге келіп, Маңғыстаудағы Оғыланды тауға жерленген Пір Бекет атаны тек Маңғыстау, Атырау өңірлері ғана емес, барша жұрт­шылық ыстық ықыласпен қастерлейді, есімін ауызға асқан сеніммен алып, құрмет тұтады. Шүкір деуіміз керек, Бекет атаға арналған ас-садақалар еліміздің батыс, оңтүстік, солтүстік өңірлерінде беріліп, бірнеше кітаптар жарық көрді. Бірақ, Бекет атаның замандасы, досы, қасиетін Бекет атаның өзі жоғары бағалаған емші, көріпкел, сынықшы Бекбаулы ата туралы әлі жеткілікті айтылып жүрген жоқ. Бұған бірінші себеп көзінің тірісінде мақтау-мадақтаудан бойын аулақ салып, атақ-даңқының жалпақ жұртқа жария бол­уын қаламаған, елден асып киінбей, көзге жарқырап көп түспей, өзін өте қарапайым ұстаған мінезі, нақтырақ айтсақ, адами қасиеті, кісілік кішілігі болса, екінші себеп – «иман, дін, намаз, молда, әулие» сынды әдемі ұғымдарымызды сыртқа шығармай, жүректің терең түкпірінде сақтаған кешегі кездердің салқыны болса керек. Бекбаулы Моншаұлы туралы жазбаша деректер сақталмаған, тек көпті көрген көнекөз қарттардың, Маңғыстауға белгілі А.Меңдалиев сынды шежірешілердің айтуынша, ол 1750-1756 жылдары Сыр бойында өмірге келген деп шамаланады. Халық арасында жаугершілік заманда әкелі-балалылар арасында айтылған «Әкесі басқа, аттан түс!» деген мағыналы да қайғылы тіркес сақталған. Осы тіркестің авторы – Қожагелді батыр Бекбаулы атаның ағасы, яғни Бекбаулының әкесі Моншаның інісі. Түрікмендердің ойда-жоқта жасаған шапқыншылығынан ауыл-аймағын құтқармақ болып әбігерленген Қожагелді атына жолда тұрған інісін көріп, тастап кетуге қимай, атына мінгескен баласына «Әкесі басқа, аттан түс!» деген екен. Батырдың «өзім аман болсам, әйел де, бала да табылады, әке-шешем жоқ, енді маған туыс табыла ма?!» деген ойы қысылтаяң кезде нақты шешім болған. Аттан секіріп түскен баласы, анталаған жаудың қолынан мерт болады. Маңғыстауға келген соң сырқаттанып қалған Моншаны емдеген қарақалпақ емші Моншаның әйелінің аяғы ауыр екендігін, тапқан ұлының тегін адам болмайтындығын айтып, бата беріп кетеді. Көп ұзамай өмірге келген Бекбаулыға аруақ 7 жасынан бастап қонады, шай ішіп отырып бәленшенің аяғы ауырып қалды, түгеншенің қолы сынып қалды деп жүгіре жөнеліп, біраздан соң сол сынықтарды салып оралатын болған. Есейе келе Хиуадағы Шикәбір ұстаздан білім алған Бекбаулы ата дін мен жын оқуын қатар меңгергендігімен ерекшеленеді. Бекет атамен әзіл-қалжыңы жарасып қатар жүрген, кейбір жерлерде өзара аруақ салыстырып та көрген, бір-бірін өте жоғары бағалаған Бекет пен Бекбаулының бірін жұрт Маңғыстаудың жер ерекшелігіне орай, «ойдың қарлығашы» десе, екіншісін «қырдың қарлығашы» деп тең құрмет тұтқан екен. 2006 жылы атаның 250 жылдық мерейтойына орай «Үш қиян» баспасынан Ә.Қонарбаевтың құрастыруымен «Бекбаулы ата» кітабы басылып шықты. Шағын кітап ішінде ата туралы аңыз-деректер, Бекет атамен достығы, Бек­бау­лы атаның емшілігі, көріпкелдігі, сынық­шылығы, аңшылығы, құсбегілік өнері, зергерлігі туралы айтылып, атаның мешіті мен ұрпақтары туралы баяндалады. Әрине, бұл кітап атаның өмірін, қасиет-қабілетін толық ашып көрсете алды дей алмаймыз, бірақ оны алғашқы бастама ретінде, бекбаулытануға жол ашқан ізашар ретінде қабылдап, бұл тақырыптың одан әрі зерттеле түскені жөн дер едік. Ел арасында Бекбаулы ата туралы аңыз­дар, әңгімелер жоқ емес. Сынықты алдын ала сезіп, тіпті, алыстан ниет ету арқылы-ақ салып жіберіп отыратын, ауру түрлерін қазақ даласында өсетін әртүрлі шөптермен, мал мүшелерімен емдейтін Бекбаулы атаға бірде мойны бір жағына қарай қисайып кеткен әйел адамды алып келеді. Дәл мал төлдеп, қора басы абыр-сабыр болып жатқан көктемнің әдемі кезі болса керек. Қозысын алмай, өз төлінен өзі безіп әлекке салған саулықтарға арнап жерден шағын шұңқыр қазып, иісі сіңіп, әбден бауыр басқанша қозысымен екеуін оңаша тастайтын әдет бар. Осы шаруа қамымен жүрген атаның маңына мойыны қисайған әйелді әкелгені сол екен, Бекбаулы ата «Мына шұңқырға салып, мойнына дейін көміңдер» депті. Жігіттер атаның айтқанын орындап, әйелді мойнына дейін көміп тастайды. Күрегін қолына алып шұңқыр маңында күйбеңдеп біраз жүрген ата әйелдің мойны қисайған жағынан ұрмақ болып оңтайлана оқыстан қатты ұмтылады. «Ұрады екен» деп қорыққан келіншек нешеме уақыттан бері бұра алмай жүрген мойнын тартып, жалт бұрылған екен. Осылайша, мойны орнына түсіп, ауылына мәз-мейрам аттанып кетеді. Тағы бірде дәулетті атаның бай-бағлан ұрпақтары бабалар рухына арнап ас беріп, аламан өткізеді. Осы ат жарыста байдың жалғыз ұлы мінген ат індегешке тұяғы кіріп омақаса құлап, мертіккен шабандоз жігіт орнынан тұра алмай қалады. Қаумалап үйге көтеріп әкеліп, осы қалай деген емші, сынықшылардың біразына көрсетеді, бел омыртқасы, сегізкөзі күйреп қалған жігіт сауығып кете алмайды. Бірнеше қабат мамық төсектің үстінде жатса да, дертке шыдамай ыңырсып, айқайлаған, жылаған жігіттің дауысын естуден жаны ауырған әкесі өз ордасын алысқа тіктіреді. Жалғыз ұлдың қасіретіне шыдамаған әкесі «Бір емдесе, Бекбаулы емдер» деген оймен Бекбаулының ауылына хабаршылар жібереді. «Байекем шақырып жатыр» деп ат ойната келген екеуді аттан түсіріп, қой сойып тастайды. «Мал сойдырып, шалқайып қонақ болып жататын уақыт жоқ» деп бастырмалатқан хабаршылар амалсыз көнеді. Олар шыдамсыздана үйге кіріп-шыққанмен, Бекбаулы асығатын емес, ұзын істік темір жасап, бір жағын саусаққа киетін шығыршық етіп жонып, қыздырып отырып алады. Бір кезде «кеттік» деп, байдың ауылын бетке алады. Келеді де, жігітті оң жаққа жатқызып, түндікті аштырып, ортаға от жақтырады да темірді қыздырып тағы да асықпай отыра береді. «Апыр-ай, мына емші не істеп жатыр, емдей ме, жоқ па?» деп дегбірі кетіп, жабықтан сығалап мазасы кеткен ауыл жігіттеріне бір жөткірініп белгі беріп бездіріп жібереді де, ыңырсып жатқан жігітке отпен қып-қызыл болған көзімен алара қарап қойып ұзақ отырады. Қанша уақыт отырғаны белгісіз, бір мезгіл­де отқа қыздырылып, қып-қызыл болған істік темірді жігітке қарай ала жүгіреді. «Темірді денеме тығып алады екен» деп қатты қорқып, бажылдаған жігіт ойбайын салып үйден жүгіріп шығып, ауыл сыртына қаша жөнеледі. Осылайша Бекбаулы ата мүмкіндігінше қан шығармай, кесіп-теспей емдеуге тырысады екен. Жоғарыда айтылған кітап ішінде Бекбаулы атаның керемет қасиеті, емшілігі, жын қайтаруы хақында азды-көпті мысалдар келтірілген. Аруақ ескірмейді, қаласа өз кереметтерін кез келген сәтте көрсете алады. Кешегі өткен қоңыр күзде ата ұрпақтары жиылып, Бекбаулы ата жерленген Ұланақ қорымына барып садақа берді. Екі мыңға тарта адам жиылған садақада жас шамасы 70-ке таяп қалған әже шайға кіре алмаса керек. Шай іше алмаса да сабыр сақтап, түнделете ауылға келген әже таң намазын оқу үшін тұрып, жуынып жатса, аяғын жуатын табағына тырс етіп 50 теңге түседі. Жеңіл көйлекпен жуынатын бөлмеде тұрған әже «Бұл қайдан түсті» деп жан-жағына қарап, айран-асыр болып тұрғанда ғайыптан-тайып табағына тырс етіп он теңгелік тиын түседі. «Сабыр түбі – сары алтын» деген осы болса керек. Бекбаулы атаның ұлдан, қыздан тараған ұрпақтары арасында емшілік қасиет дарыған ұл-қыздар бар және олардың барлығы да халыққа кеңінен танымал. Қаламқас, Амангүл, Әмірхан емшілер мен Дағыстан сынықшы – еткен емі қабыл емшілер. Ата аруағына қызмет етуді ұрпақтың имани борышы санайтын ұрпақтарының бастамасымен соңғы жылдары Бекбаулы атаның басы жаңартылып-жаңғыртыла бастады. Түнеухана, қоршау салынды, биыл жүздеген түп ағаш түрлері отырғызылды. Ата рухы, тірілер берекеті үшін жасалар сауапты істер мұнымен тоқтамайтыны белгілі. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы