• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2011

Баянды болашақ бастауы

692 рет
көрсетілді

Жұртшылықты жігерлендіретін жолдау

Биылғы Жолдаудың бұрын­ғы­ларға қарағанда орны да, орайы да бөлек. 2011 жыл ел Тәуел­сіздігінің жиырма жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – Алаш үшін айтулы жыл, мерейлі мереке. Жиырма жыл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, біздің еліміз осынау қысқа уақытта ға­сырға татитындай жол жүріп өтті, ерекше жағымды оқиға­ла­рымен есте қалды. Осыған орай Елбасының биылғы Жолдауы жиырма жылдық тарихымызды көктей шолумен бірге, алдағы он жылдығымызға ұстанар мақсат, нақты міндеттер де қойды. Қазақстан осы жылдар ішінде өңірде ғана емес, әлемдік ірі-ірі оқиғалардың бел ортасында бол­ды. Әлемдік геосаяси кеңістікте өзіндік орнын әйгілеп, әлем елдері санасатын іргелі елге айналды. Көптеген беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі болып қана қоймай, солардың бірқатарына жетекшілік жасады, алқалы жи­ындарын өткізді. Мұның барлы­ғының да басында тұңғыш Президент, ел қалаған Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев тұр. Қазақ елі тәуелсіздіктің жиырма жылдығына Елбасының бастауы­мен көптеген жетістіктерге қол жеткізе отырып, қарымды қадам басып келеді. Елдің әрбір азаматын алдағы күніміз қандай болады, нені бағ­дар етіп ұстаймыз, жетер жеріміз қайсы, оған қалай жетеміз дейтін сұрақтардың толғандырмай қой­май­тыны белгілі. Биылғы Жол­дау­да келер онжылдығымыздың кел­беті нақты та айқын тұжы­рым­далған. Бұлардың бәрі де құрғақ қиял немесе болжамды сөз емес. Сан қилы сараптамадан өткен, әбден таразыға тартылған, қаржылық-әлеуеттік негізі қаланған сандар. Арнайы бағдарлама қабылданып, жоспарлы да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Амандық болса, то­сыннан келер кесепаттардан бейтарап болсақ, осында белгіленген көрсеткіштерді бағындырып, бей­біт те берекелі тұрмысқа жететінімізге сеніміміз кәміл. Жері­міздің ыңғайына, табиғи жағ­дайы­мыздың ерекшелігіне орай ауыл шаруашылығын дамыту мін­детін қоюы да еліміздің бола­шағын ойлағаннан туған қадам деп білеміз. Өйткені, ауыл ша­руа­шылығымен айналысушылардың денін қазақтар құрайды. Ауыл шаруашылығына көңіл бөлу деген сөз қазақтың тұрмысына кө­ңіл бөлу деген сөз. Мамандардың пікірінше, елдегі қаржы айналымын қалыпты ұстап тұру үшін 16 миллиард теңге жеткілікті. Ал, мемлекетіміз жоғарыдағы мақсаттарға қол жеткізу үшін 130 миллиард теңге салуды жоспарлауда. Бұл дегеніміз Қазақ елі алдағы онжылдық әлетінде ерекше қарқынмен да­ми­ды деген сөз. «Елде болса, ерінге тиеді» дегендей, ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы мөлшері 9 мың АҚШ долларын құрауы, ел экономикасының дамуға бет алғандығын айғақтайды. Бір байқағаным, Елбасы еш­қа­шан да алдына орындалмайтын мақсаттар қоймайды. Елдегі жағ­дайды, қолда бар мүмкіндіктерді жан-жақты саралай отырып, нақ­ты өмір шындығынан туындай­тын шешімдер қабылдайды. Со­ның арқасында айтылған сөз, құрған жоспарлар орайы келіп орындалып жатады. Бір ғана мысал. 1992 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өзінің екінші Құрылтайын өткізді. Алқалы жи­ынға Елбасының өзі арнайы келіп қатысып, әлеумет алдында ағы­нан жарылып, ақтарыла сөй­леді. «Қашанғы күтеміз. Тілімізді тұғырына қондырып, батыл-ба­тыл қадамдарға бармаймыз ба» деп қызбаланғанымызда: «Жан-жақты көршілермен қырғиқабақ болып, ертеңгі күні елімізді үл­кен-үлкен ұлттарға, елдерге қар­сы қойып, талан-таражға түсір­сек, тіл тұрмақ бас қайғы болады. Шыдау керек. Көпірден өтетін уақыт онша көп емес. Бір он бес-жиырма жыл уақыт керек. Қазіргі таңда елім деген әр азаматтың ойынан шықпауы тиіс негізгі мәселе – тәуелсіздіктің тағ­дыры болса деймін. Тәуел­сіз­дік – тарихтың біздің ұрпаққа берген, тағдырдың қазаққа берген басты бақыты, баға жетпес дәулеті. Ғасырлар бойы аңсап келген, енді ғана қол жеткізген мемлекеттік тәуелсіздікті алдағы кезде қалай ұстап тұрамыз, қалай нығайтамыз деген ой санамызды қамшылап, халық алдындағы, тарих алдындағы жауапкершілік жүгін бір сәт те жеңілдетпеуіміз керек. Бүгінгі біздің басты міндетіміз – Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының негізгі бағытта­рын дәл айқындап, нақты қадам­дар жасай білу...» – деген бо­ла­тын. Елбасы көреген екен. Айт­қаны айдай келді. Бүгінде қазақ халқының саны артып, ел хал­қы­ның 64 пайызын құрап отыр. Орта мектептерде қазақ тілінде білім алатын оқушылар саны да жетпіс пайызды еңсеріп, жыл сайын артып келеді. Тәуелсіздік тұғыры жыл өткен сайын беки, нығая түсуде. Құдайға тәубе, тәу­ел­сіздік арбасы жүрісінен жа­ңылмай, болашаққа қарай тайпала басып келеді. Жүрісің өнімді болсын дейміз мұндайда. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қызметкерлерінің ыжда­ғатымен «Елбасы және мемлекеттік тіл» атты жинақ дайындалды. Онда осы жылдар ішінде Елба­сының мемлекеттік тілге қатысты айтқан сөздері, сұхбаттары, ба­яндамалары бәрі-бәрі қамтылған. Жинақты құрастыру барысында байқағанымыз, Елбасының 1989 жылдан бері қазақ тіліне қатысты айтылып келе жатқан ойлары мен ұстанымының бір-бірімен сабақ­тасып жатуы, елдегі этнодемо­гра­фиялық, тарихи-мәдени, сая­си-қоғамдық жағдайлардың даму өрісін ескере отырып, қазақ ті­лінің өрісін барынша кеңейте беруге тырысуы. Қазақ «ханда қырық кісінің ақылы бар» деп тегін айтпаса керек. Елбасы кейде тосын ойлар айтады, тың бастамалар көтереді. Астана көшін Арқаға бұрып, ел­дің ортасына, Есілдің бойына сә­ні мен салтанаты келіскен сәу­лет­ті қала салуының өзі неге тұрады. «Зияткерлік ұлт», «2020 жылға арналған шұғыл индустриялық-инновациялық даму бағдарла­ма­сы», т.б. жобалар мемлекеттілігі­міздің болашағын баянды етуге бағытталған ауқымды да кешенді шаралар. Түптеп келгенде, бұлар­дың бәрінің де сарқып құяр са­ғасы – ұлттық мемлекет құрудың алғышарты, іргетасын берік етіп қалау жолындағы алысты көз­деген батыл қадамдар деп баға­лағанымыз абзал. Сонымен бірге бұл Жолдаудан рухани сала да тыс қалмаған. Мемлекетке ұстын болып тұрған үш маңызды сала – білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту жайына арнайы тоқта­лып, жеке-жеке тарау арналған. Аталған үш салаға арнайы мемлекеттік бағдарлама түздіріп, Ел­басының бекітіп беруінің өзі де мәселенің қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек. Олай бо­латыны, мемлекет – бірыңғай пайда табуды көздеген коммер­ция­лық құрылым емес. Мемле­кеттің басты мақсаты да, міндеті де – халқының лайықты деңгейде өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызу. Ел дамуының негізгі өл­шемі – халықтың бақытты да барақатты ғұмыр кешуі. Мемлекет ісінде ұсақ-түйек деген болмайды. Белгілі бір сала­ға ғана басымдық беріп, қалға­нын екінші, үшінші кезекке ысы­рып тастау да біржақтылыққа ұр­ын­дырады. Абзалы, тізгінді тең ұстау, теңшемді дамуға қол жеткізу. Осы орайда оқушылар мен мамандарды не үшін, кім үшін, қандай болсын деп дайындаймыз деген мәселе туындайды. Өйт­ке­ні, бодан ел болып та қарның тоқ, көйлегің көк болып өмір сүруге болады. Аталарымыздың ғасыр­лар бойы аңсаған арманы осы ма еді, келер ұрпаққа қалдырған ама­наты осы ма еді. Жоқ. Олар­дың асыл арманы өз тізгініңді өз қолыңа алып, өз тағдырыңды өз­ің анықтау болатын. Тіліңе, ді­ні­ңе, діліңе, жеріңе иелік етіп қана қоймай, лайықты өмір сүру бо­латын. Құдайға шүкір, осы ар­манға қол жеткізіп келеміз. Елбасы 2020 жылға қарай мек­теп бітірушілердің 100 пайыз мемлекеттік тілді меңгеріп шыға­тынын қадап тұрып айтты. Өйт­кені, «мемлекеттік тілді меңгер­меген баланың – мемлекетке, ұлтқа қызмет етуі қиын». Туған тіліміздің тағдырын өз тағдырымызға балап, өмірімізді арнап келе жатқан сала болған­дықтан, бізді, әсіресе, Жолдау­да­ғы тіл жайы көбірек қызықтыр­ды. Жолдауда тілге қатысты ар­найы бір тарау бағышталған. Онда: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады. 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс деп есептеймін», – делінген. «Таң атпайын десе де, күн шыққанын қоймайды» демекші, елдегі этнодемографиялық ахуал­дың барысы тілдік жағдайға, ұлт­тық саясатқа өз әсерін тигізбей қоймайды. Қашанда «көп қорқы­тады, терең батырады». Сондық­тан да қоғамдық даму туғызатын өзгерістерді ескеру және соған сай әрекет жасау айрықша өзекті. Бұл міндеттердің толық еңсері­летініне және іске асатынына сеніміміз кәміл. Әрине, бұл Жолдаудағы мақ­саттарға қол жеткізу үшін «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қа­был­дау ауадай қажет. Заң қабыл­данса, ең алдымен елдің қазақ тілінің болашағына деген сенімін барынша орнықтыра түседі, екіншіден, қажеттілікті арттырады, үш­іншіден, тіл саясатының пәр­мен­­ділігін күшейтеді. Қабыл­да­нуы тым ұзаққа созылып кеткен тіл туралы заңның да мәселесі көп ұзамай оң шешімін табады ғой деп үміттенеміз. «Қазақ тілі» қоғамының құ­рылтайларына қатысуы, Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының жи­ында­рында сөйлеген сөздерінде үнемі мемлекеттік тілді үйрену мәсе­ле­сін міндет етіп қоюы, ба­янда­ма­лары мен сұхбаттарында қазақ ті­лінің мәселесін ұдайы көтеріп отыруы Елбасының бұл мәселеге айрықша ыждағатты­лық­пен қа­рай­­тынын көрсетеді. Алайда, Ел­басының осынау бас­тамаларын биліктің әртүрлі дең­гейінің тізгінін ұстап отырған шенеунік­тері­міздің іліп алып кетуде табанды­лық танытпауы, басталған істі жеріне жеткізбеуі қынжылтады. Сол­қылдақтық та­ны­тып жүргендер Ел­басының осы Жолдауынан кейін шындап ойланар, өз бағыт­тарына тиісті өзгерістер енгізер деп ойлаймыз. Халықаралық «Қазақ тілі» қо­ғамы және оның жергілікті жердегі ұйымдары Елбасының Жолдауда тілге қатысты алдымызға қой­ған міндеттерін бағдарға ал­ып, со­ны орындауға белсене ат­са­лыса­тын болады. Елбасы халықтың алдына өр­шіл де өміршең міндеттер қойды, қол жетер мақсаттар белгіледі. Біз осы мақсаттарға Елбасымыз Нұр­сұлтан Әбішұлымен бірлесіп қол жеткізуді қалаймыз. Осы кезге дейін Елбасының бастама­ла­рын қол­дап келгенбіз, әрі қарай қолдай береміз де. Бір сөзбен айтқанда, бұл Жолдау Қазақ елі­нің бола­ша­ғын баянды етуде бағдар бола алады деп сенім білдіреміз. Елбасы көздегендей баянды «бо­лашақтың іргетасын бірге қа­ла­­самыз!». Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик.

Ұрпаққа жасалған қамқорлық

Еліміздің келешегі, мемле­ке­тіміздің болашақтағы берік тұ­ғыры болатын талантты жастар­ға заман талабына сай білім беру мәселесін бірінші кезекке қойып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен 2008 жылы «Дарынды балаларға ар­налған жаратылыстану-матема­ти­калық бағыттағы 20 зияткерлік мектептер» салу қолға алынған еді. Қазіргі кезде 100 пайыз мемлекеттік үлестегі бұл білім ұя­ларының 5-еуі уақыт өлшеміне сай жұмыс істеп жатыр. Бүгінде онда мыңдаған ұл-қыз білім алып жатса, оларға 597 таңдаулы ұстаздар сабақ беруде. Таяудағы Қазақстан халқына Жолдауында Нұрсұлтан Әбіш­ұлы: «Менің тапсырмам бой­ынша бүкіл елде ашылып жатқан 20 зияткерлік мектептер дарын­ды балаларды үздік жоо-лар үш­ін дайындаудың негізгі арқауына айналатын болады» деген еді. Бұл сөз бізге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Шынында, білім жүйесі адамзат өміріне ерекше жол ашатын сала. Біздің мектепте білім берудің екі моделі жүзеге асырылу үстінде. Оның біріншісі, жаратылыстану-мате­ма­тикалық бағыттар болса, екіншісі, халықаралық бакалавриат бағдарламасы дер едім. Бізде оқыту мен тәрбие қатар жүр­гі­зіледі. Пәндер негізінен бейіндік бағытта үш тілде оқытылады. Мұғалімдер тек қана оқушы­лар­мен жұмыс істеп қана қоймай, ата-аналармен де веб-байла­ныс­та болады. Ұстаздарды жұмысқа қабылдау конкурс арқылы жүр­гізіледі. Олар алдымен тестілеуден өтсе, екінші кезеңде шы­ғар­машылық конкурстан сынаққа тү­сіп, шешуші сәтте әңгімелесу арқылы сөйлеу мәнері мен ма­қамы талқыға салынады. Ал ха­лықаралық бакалавриат бағдар­ламасын жүзеге асыру ісінде шетелден мұғалім тарту мәселесі өз шешімін тауып отыр. Сол секілді жоғары оқу орындарына үздік жастарды дайындайтын болған­дықтан қазірден бастап Отаны­мыз­дағы іргелі университеттермен тығыз қарым-қатынас жа­сай­мыз. Оқудың терең берілуі, тәр­бие­нің тағылымды үйретілуі, ол тікелей мұғалімдердің қарым-қа­білетіне байланысты десек, олар­дың дер кезінде білімін көтеріп отыру қажеттілігі өзінен-өзі тү­сінікті. Біздің басқарма бұл жұ­мысты да жоғары дәрежеде үй­лестіріп, оқытушылардың өзара тәжірибе алмасуын, еліміздегі озық үлгілерді сабағына пайдалану, қажет болған жағдайда шетелдерде білім жетілдіру on-line курстарынан өту қарастырылып келеді. Зияткерлік мектептердің 2-6, 7-10 сыныптарына оқушы­лар­ды қабылдау негізінен пәндер бойынша кешенді тестілеу, бейінді пәндерді меңгеру қабілетін анықтау, жазбаша бақылау жұ­мыстарын алу, тілдерді (қазақ, ор­ыс, ағылшын) үйрену қабі­ле­тін тексеру арқылы жүзеге асады. Осындай жұмыстың барлығы да Елбасының әр жыл сайын ха­лыққа Жолдауында көрсетілген нақты тапсырмалар аясында ор­ын­далып келеді. Биылғы Президент Жолдауындағы «Сапалы білім беру Қазақстанның индус­трияландырылуының және инно­вациялық дамуының негізіне ай­налуы тиіс» деген тапсырмасын біздің зияткерлік мектеп ұстаз­да­ры өздеріне жүктелген міндет деп, сол үдеден шығу жолында күш-жігерлерін жұмылдырып жатыр. Күләш ШӘМШИДИНОВА, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрайымы.

Кереку өңірі бірлікті, елдікті қолдайды

Биылғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев назарды еліміздің Тәуелсіздігі жылдарындағы қазақстандық жолдың бірлік, тұрақтылық, өркендеу сияқты негізгі құн­дылықтары қалыптасқанына ерекше ау­дарды. Ал облыс орталығындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрында өткен «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауды тал­қы­лауға ар­налған актив жиынында облыс әкімі Ба­қытжан Сағынтаев тарихи маңызы зор құ­жаттан туындайтын іргелі міндеттер жайлы сөз сөйледі. Атқарылған істер көп екенін, атқарылатыны одан да көп екенін әң­гімесіне арқау етті. Оның ішінде экономика сала­сын­да жасалған және жаса­латын жұ­мыстарға жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта облыста 19 жаңа мектеп салынуы қажет екенін атады. Облыста тегін медициналық көмек­тің кепілдендірілген көлемін көрсетуге ар­нал­ған шығыстардың артуы 2010 жылы 2008 жылмен салыстырғанда 57,6%-ды құрады, бір тұрғынға шаққанда шығыстар 42%-ға, ал жан басына шаққанда норматив 2,1 есе кө­бейді. Облыста денсаулық сақтаудың бірың­ғай ұлттық жүйесінің бірінші кезеңі та­бысты енгізілді. Демографиялық көрсеткіш­тердің жақсаруы жүргізілген реформа­лар­дың нәтижесі болып табылады. Балалардың өлім-жітімі 2010 жылы өткен жылмен са­лыс­тырғанда 28,8%-ға, аналардың өлім-жі­тімі 48,9%-ға төмендеді. Туберкулезге шал­дық­қандардың саны 2009 жылмен салыс­тырғанда 12,8%-ға, ал қайтыс болғандар 18,4%-ға азайды. Ауыл тұрғындары үшін дәрі-дәрмектердің қолжетімдігін қамтама­сыз ету маңызды. Өткен жылы 185 ауылда дәріханалық пункт ашылды. Жеке меншік дәріханалық ұйым­дар 14 жылжымалы дәріханалық пункт ұй­ымдастырды, олар дәрі-дәрмектерді сатуды облыстың 262 ауылында жүзеге асыруда, деді Б.Сағынтаев. Ауыл үшін ауыз су тапшы. Елбасы жүк­теген талаптарға орай ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Елді мекендерге сапа­лы ауыз су жеткізу мақсатын көздейтін «Ақ бұлақ» бағдарламасына биыл 3,6 миллиард теңге қарастырылған, деді өңір басшысы. Жи­ында шағын және орта бизнесті өркен­дету жайы да жан-жақты сөз болды. Президент ел дамуының басым бағыттарының бірі қазақ­стандық азаматтардың тұрмысын жақ­сар­ту болып табылады деп үнемі атап көр­сетеді. Әлеуметтік өзгерістерге ерекше назар ауда­рады, оның шеңберінде үш маңызды мемлекеттік бағдарламаны анықтады. Олар: білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту. Президент әрбір қазақстандықтың жеке сенімі «өмір бойы білім алу» болуы тиіс екендігін ерекше атап айтты, деді Б.Сағынтаев. Жиында шалғайдағы ауылдан келген Сай­лау Оразбаев, болашақ ғалым Сапар Шалабаев, тағы басқалар Жолдауда көр­се­тіл­ген міндеттерді жүзеге асыруға өз үлес­терін қосатындарын жеткізді. Сондай-ақ, Жол­дау­ды қолдап «Богатырь-Көмір» се­рік­тестігінің бас директоры Виктор Щукин, Ақтоғай ау­дандық ауруханасының бас дәрігері Зәуре Айдарханова, «Казтресткем» серіктестігінің басшысы Александр Болдашевский, баянау­ыл­дық мәдениет қыз­меткері Таисия Страдаева өз ой-пайымдарын ор­та­ға салды. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.